Шомылуға болмайды! Субұрқақтар сырқат көзіне айналды

19 Шілде 2022, 08:56 4124

Әсіресе балалар онда суға түсіп, шомылып жүр. 

Субұрқақ сырқат әкеледі. Ыстықта қала орталығындағы жасанды айдында шомылған балалар қауіпті ауру жұқтырған, деп хабарлайды EL.KZ «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. 

Елордада биыл 533 адамнан энтеровирустық инфекция табылыпты. Мамандар дабыл қақса да, бұған түбейгейлі тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Қолдан тапқан кеселмен қалай күресеміз? Шілденің шіліңгір ыстығы. Елдегі ауа температурасы тым жоғары. Тіпті кей өңірлерде сынап бағанасы 40 градусты көрсетіп тұр. Тиісінше, тұрғындар сергіп қалу үшін субұрқақ жағалауда. Әсіресе балалар онда суға түсіп, шомылып жүр. Алайда оның салдарына мән беріп, зардабына үңілген ешкім жоқ. Тіпті субұрқақтағы сауық-сайранның арты ауыр сырқатқа әкеп соғуы мүмкін екені тұрғындардың ойына кіріп шықпайды. 

Жаз басталғалы санитарлы-эпидемиологиялық бақылау департаменті субұрқақтарындағы судың сапасын тексеруде. Мамыр айынан бері 240 сынама алынды. Оның 18-інен санитарлы-микробиологиялық көрсеткіштердің талапқа сай еместігі анықталды. Онда тұмаудан бастап жұқпалы ауруға душар болу қаупі бар. Атап айтсақ, ішек инфекциясы, паразиттік инфекциялар және гепатит - дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева.

Жұқпалы ауру жұқтырудан бөлек, субұрқақта тоққа түсу қаупі бар. Десе де, онда шомылуға тыйым салынбаған. Қолда бар заңда мұнда шомылғаны үшін жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылмапты. Яғни тәртіп сақшылары да жағдайды бақылауға шарасыз. 

Субұрқақтарда жүзуге тікелей тыйым жоқ. Дегенмен тексерістер жүргізіліп тұрады. Кодексте балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту шаралары бар. Ата-анағы шара қолдануға болады - дейді Нұр-Сұлтан қалалық ПД бөлім бастығы Нэлля Досжанова.

Субұрқақтағы сауық-сайранды шектеу әзірге қаралып жатқан жоқ. Мамандар тек ата-ананың саналы қадамына үміттеніп отыр. Мәселенің тағы бір ұшы бар. Ол – елордадағы таза әрі қолжетімді суға түсу айдындарының аздығы. Осыдан кейін ыстықтан қашқан жұрт осындай қадамға барып жүр деуге болады. Өз кезегінде санитарлар жергілікті әкімдіктерге субұрқақтарды тазалау туралы өтініш жіберуде.

EL.KZ
Бөлісу: