Шөлдегі шипалы бұлақ

10 Мамыр 2017, 11:51 16947

Шипалы сумен тегін емделгіңіз келе ме?

Арал маңында Ақеспе деген кішігірім балықшылар ауылы бар. Бұл елді мекенге ағылатын меймандардың санында шек жоқ. Дені ауыл тұрғындарының «Ыстық су»  деп атап кеткен шипалы суынан ем іздеп келеді. Мұнда ешқандай шипажай, демалыс орны сияқты құрылыс нысаны салынбаған. Десе де, дауа іздеген халық жаз айларында өз бетінше шатыр тігіп, демалыстарын осында өткізеді.

Шипалы бұлақтың көзі 1986 жылы «Геобарлау Шымкент» гидроэкспедициясы мекемесінің бұрғылауымен ашылды. 1200 метр тереңдіктен бұрғылау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде температурасы 62 градус болатын минералды судың бар екені анықталған еді. Ыстық судың құрамында адам денсаулығына пайдалы минералдар өте көп. Шипалы бұлақ суы буын, тері, жүйке жүйелерінің ауруларына таптырмас ем көрінеді.

– Елбасымыз өз Жолдаулары арқылы жер асты байлықтарын тиімді пайдалану керектігін айтады. Біздің ауылымыздан табиғат тарту еткен шипалы бұлақ шығады. Ем іздеп келген адамдар демалыс орны болмағандықтан өздерімен бірге қажетті құралдарды әкелуге мәжбүр. «Ыстық су» медициналық тұрғыда тиісті емдеу мекемесі санатына кірмегендіктен, өз деңгейінде толық пайдаланылмай, ысырап болып та жатыр. Алдағы уақытта минералды суды көпшіліктің игілігі үшін жүзеге асыратын кәсіпкерлер шықса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл халқымыздың денсаулығына жасалған жағдай болатыны сөзсіз,- дейді Ақеспе ауылының тұрғыны Талғат Жұмабаев.

Бүгінде осы бір шағын ғана ауылға еліміздің әр түкпірімен қатар Ресейден, тіпті Африка құрлығынан дертіне дауа іздеген жандар аялдайды. Арал теңізін зерттеп жүрген шетелдік эколог-мамандар да Ыстық су туралы мәліметке қанық. Былтырдан бері ауыл тұрғындары бұлақтың қасына киіз үй тігіп, келуші адамдарға барынша қызмет жасап жүр. Мүмкін, сол киіз үй кейін үлкен шипажайға айналып та қалар. 

Сағира Уәли
Бөлісу: