ШОҚТЫҒЫ БИІК 100 ЖАҢА ЕСІМ: ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ ЖАҢА ИДЕАЛДАРЫ

18 Қазан 2018, 11:01 3438

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі өз кейіпкерлерін ел ішінен іздеуде. Өткен жылы жарияланған Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқаны ақиқат еді.

Осы мақалада басымдық берілген «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясында қоғам өз үздіктерін таңдады. Есімдері Қазақстанның жаңа тарихына енген азаматтар өзгелер үшін үлгі ғана емес, бастамашылдыққа, жаңашылдыққа, жақсылыққа, көшбасшылыққа  үндеген мықты мотиваторлар болды.

Еліміздің қалаларында көшелерде ілінген олардың фотосуреттері мен елдікті, бірлікті, еңбекті, адалдықты ту еткен жарқын істері, парасатты пікірлері әрбір қазақстандыққа ой салды, патриоттыққа шақырды, үздік болуға ұмтылдырды. Бұл адал еңбектің құндылығын арттырды. Құлдық санадан құтылғанымен, құлқынның құлдығынан құтыла алмай, әлем өркениетінің көшіне ілескенімен, рухани байлықтан ажырап қала жаздаған халық жаһандану мен жаңарудың, ұлттық құндылықтарға қайта оралып, рухани жаңғырудың шын мәдениетін ұғынғандай болды.

Бұл Қазақстан халқы үшін керек-ақ дүние болатын. Ең бастысы, елдің сана саңылауына, көкірек көзіне жарық енді.   

Өткен жылы алғаш рет қоғам таңдаған 100 есім кімдер еді, 11 млн қазақстандықтың арасынан несімен суырылып шықты, шоқтығы неден биік болды, жалпы олар қалай таңдалды және олардың есімдерінің жаңа Қазақстан тарихына жазылуы қоғамға, бізге, ұрпаққа не берді?.. 

Қай жоба болмасын, тіпті идеяның өзі үнемі ашық алаңда талас тартысына салынып келді. Бұл жолы да солай болған еді. Қамшының екі ұшы болатыны секілді, қарама-қайшылы пікірлердің болғаны, қоғамдық пікірдің екіге жарылғаны ақиқат еді.

«Оның бізге берер пайдасы жоқ» деді бір топ қоғам белсендісі. «Ұлт сабақтастығы үзілмеуі үшін, өскелеңге үлгі болар тұлғалардың болғаны жөн» деді енді бір топ. «Бұл кеңестік идеологияның сарқыншағы» деп айыптады ағайындар. «Тәуелсіз Қазақстанның елді бірлік пен еңбекке шақырған, халықтар достығы мен тұтастығын ту еткен өз саясаты бар» деп ақтап әлекке түсті  жобаның өміршеңдігі мен халықшылдығына сенгендер.

Сонымен, әлқисса, жоба жарияланды, есімдер таңдалды және, ең бастысы, жобаның өміршеңдігі дәлелденді. Биыл жобаның екінші кезеңінің өтуі және оған қазақстандықтардың асқан белсенділікпен қатысуы осы сөзіміздің айғағы.

Алайда, о баста екіге жарылған қоғамдық пікірдің ақиқатын анықтап, ақ-қарасын ажырату үшін, өткен іске баға беріп көрелік. Сіз бүгін бұл жобаға өзіңіз білетін, жүзден жүйрік болуға лайықты деп таныған құрбыңызды ұсындыңыз делік. Алайда, шын мәнінде, қазақ қоғамы үшін бұл жобаның бергені не болды, Елбасы мақаласында нақты атап көрсеткеніндей, халық санасының рухани жаңғыруына қаншалықты ықпал етті деген сауалдарға жауап іздеп көрдіңіз бе? Хош делік…

Жаңа заманға жаңа идеалдар керек. Келісесіз бе? Тарихқа көз жүгіртсек, әр заманның өскелең ұрпаққа үлгі еткен өз идеалы, ерлігімен, еңбегімен елді тәнті еткен батырлары болды. Олар өз халқы үшін батыр. Ал, тәуелсіздік жылдары замандастары мен үзеңгілестеріне ісімен үлгі болар қаншама тұлғалар шықты. Қай салада болмасын, ауылшаруашылығында, ғылым-білімде, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, жастар ісі, өнерде ұжымдастары мен елінің ілтипатына, қошеметіне бөленіп жүрген азаматтар өте көп.

Елбасы мақсат еткен халық санасының рухани жаңғыруы құр сөзбен жүзеге аспайды. Тұтас халық бірнәрсеге қол жеткізуі үшін де, біреумен иық теңестіруге ұмтыла білуі керек. Халықтың менталитетін, ұлттың ұлылығын, ұрпақтың саналылығын қалыптастыратын ол Идеал екені талассыз. Үйдегі балаңызға әкенің ошақ басында идеал болғаны секілді, Отанда да, қоғамдық ортада да ұрпақтар сабақтастығын сақтап, сананы жаңғыртуға идеал тәрбиелейді. Біле білсеңіз, сайып келгенде, елдің рухани жаңғыруы Қазақстан идеал еткен сол есімдер арқылы жүзеге асырылады.

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы туралы былай деген болатын; «Еліміздің тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл - тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…»

Қазақстан үлкен уақыт аралығында қол жеткізілетін мүмкінідіктерді жедел еңсеріп, қарқынды, үздіксіз сипатта дамып келе жатыр. Аз ғана уақыт ішінде еліміз экономикалық, әлеуметтік, саяси тұрғыда қомақты жетістіктерге  жетті. Сондықтан да, ширек ғасырдан астам уақытты еңсеріп, өзінің жаңа тарихын жаңа параққа жазған Қазақстан қоғамында ұлтқа қызмет ететін идеологияға, жаңа идеалға сұраныстың пайда болуы заңдылық. Елдің әрбір азаматы - мемлекет үшін құндылық екені талассыз. Алайда, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтау, бұл жекелеген тұлғалардың абырой-атағын арттыру үшін емес, дамудың жаңа сипатына көшкен мемлекеттің болашағы үшін жасалған қарекет болатын, керек десеңіз, астары қалың сипаттағы идеология.

Елбасы айтқанындай, бұл жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс тапты. Бір қуанарлығы, 100 жаңа есім жобасы, алғашқы уақытта қоғам пікірінің қарама-қайшылы қалыптасуына қарамастан, қазақстандықтар арасында үлкен қолдауға ие болды. Еліміздің аумағында аймақтың «100 жаңа есім» кіші жобалары дүниеге келіп, жалғасын тапты. Салалық жаңа есімдер де белгілі болып, үздіктер анықталып, насихатталды. Бұл Қазақстан қоғамына дәл осы уақытта жаңа есімдердің қажет болғанын және бір дәлелдеген аксиома болды.

Жобаның өміршең болуы ел үшін аса маңызды. Әрбір жылда, кезеңде жаңарған ұрпақпен бірге, жаңа есімдердің тізімінің жаңарып отыратыны да ақиқат. Ол уақыт талабы.

Өткен жылы «100 жаңа есім» жобасына 2100 үміткер тіркеліп, одан 102 қазақстандық таңдалған болатын. Іріктеу кезеңінде 340 мың азамат 1 млн 376 мың дауыс берген.

Бұл жоба жөнінде Елбасымыздың «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болу үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп ескерткені есімізде.

Мәселен, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген тұңғыш оқушы Тимур Рысбековтің ғылыми еңбегі өз отандастарын ғана емес, әлемді таңдай қақтырғаны біздің мәртебемізді арттырған мақтаныш. Оның бүгіннің өзінде әлеуметтік, медицина және ғарыш салалары бойынша 72 өнертабысы бар. Әлемнің сарапшылары еңбегін жоғары бағалаған Қазақстанның жаңа есімі бүгінде Америкаға NASA ұйымдастырған байқауға қатысуға шақырту алған.

«Болашақта отандық өнім шығаратын компания құрып, әлемдік нарыққа Қазақстанның атын шығаруды армандаймын. Ал жалпы адамзат тарихында ғалым, өнертапқыш ретінде өз есімімді қалдырғым келеді», – дейді жас өнертапқыш.

Тимур жас қазақстандықтар үшін идеал ретінде ұсынуға болатын, жас шамасына қарамастан ғылым саласында үлкен істерге иек артып, тұлға ретінде қалыптасып үлгерген азамат. Оның ғылымға құштарлығы, білімге ұмтылуы өзге замандастарына үлгі болады. Сондықтан да осы жылы жобаның жүзеге асырылуында жастарға басымдық берілуі де, жастар арасынан өз тұрғыластарының көшін бастар жас жаңа есімді іздеуі де негізсіз емес.   

 «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі халық ішіне енді, көш бастар бұлақтың көзін ашты, тас жарған мықтыны, топ жарған үздікті анықтауда. Бұл жолы өзгеріспен жүзеге асырылып жатқан жоба талабы бойынша үкіметтік емес ұйымдар да өз үздіктерін баптап, бәйгеге қосуда.

Бүгінде еліміз бойынша 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Мәселен, осы жобаға өз үміткерлерін ұсыну үшін «7 jaiyn» республикалық байқауын жариялаған Қазақстан жастарының конгресі ұйымының басшысы Тоқтар Болысов, «7 jaiyn» жобасына енген жастарға конгресс тарапынан ерекше қолдау білдірілетінін, оларды таныстыру шараларын өткізу үшін қосымша инвесторлар да тартылатынын айтады.

Яғни бұл іс жобаның жастарға үлкен серпін бергенін де айғақтайды. Жастар өз үздіктерін тануға, таныстыруға мүдделі. Олар елдің болашағының сенімді қолда болуы үшін, ұрпақты идеал арқылы тәрбиелеу керектігін анық ұғынады. Сол үшін де ел таңдайтын үздікті бірінші кезекте өз іштерінде іріктеу өткізіп ұсынбақшы. Түйсіне білген жан үшін, Елбасы бастамасы жастарды парасаттылыққа, отансүйгіштік пен ұйымшылдыққа, және өз ісіне, мемлекетке берер тірлігіне сын көзбен қарауға үйреткен сыңайлы.

«Аталған бастаманың идеологиялық мақсаты да бар. Біз таныс-тамырсыз табысқа жетуге болатынын көрсеткіміз келеді. «7 jaiyn» соның дәлелі болады», – дейді өз істерінің дұрыстығына Елбасы сөзі сенім, серпін берген жастар ұйымының басшысы Т.Болысов. Қолдауға, қуануға, мақтануға тұрарлық жоба.  

Қазақстан бұл жоба арқылы өзгенің өмірі үшін басын қатерге тіккен бейбіт күннің батырларын, мұқтаждың қайғысын бөлісіп, қолұшын созған ел ішіндегі Атымтай Жомарттардың, білім мен ғылым саласында үздік көрінген ғалымдардың, жүрегі мен қолы алтын ақ халаттылардың, елдің байлығын еселеткен өндіріс, қаржы салаларының үздіктерін танытты, таныды.

Елдің тұтастығы мен жер шарында Қазақ атауының сақталып, мәңгілік жасауы үшін жасамыс істерге ұмтылған Қазақстанды мәңгілік елге айналдыру жолында бұл ұзақ жылдар ұрпақ сабақтастығын сақтайтын, бәлкім халықпен бірге мәңгілік жасайтын жоба болады деп сенеміз. 

Нұргүл Қалиева

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: