Сіз 800 теңгені неге жеткізесіз? Біздің кейіпкеріміз шымкенттік Шыңғыс Әбдіразақ жақында ғана бұл ақшаға Астана – Қарағанды – Қарқаралы – Балқаш – Алматы қалаларын, оның көрікті жерлерін аралап шықты.
Бір қаладан екінші қалаға немесе бір мемлекеттен екінші мемлекетке тегін жету, саяхаттау – автостоп деп аталады. Шетелде автостоппен ел аралайтын туристер көп. Соңғы жылдары біздің елімізде де бұл үрдіс белең алып, жастар арасында автостоперлер көбейіп келеді. Кейіпкеріміз Шыңғыс та сол жалынды жастардың бірі. Өзі – фотограф, оператор, монтажер, графикалық дизайнер. Бір сөзбен айтқанда, нағыз шығармашылық адамы. Жасы 23-те. Қалтаны қақпай, көп қаржы шығындамай саяхат жасаудың қыр-сырын меңгерген ол жүріп өткен жолының қызықты сәттерін бізге әңгімелеп берген еді.
Жолға шығу үшін фотоаппаратымды саттым
Ең алғаш ұзақ сапарға, Шымкенттен Қостанайға жүк көлігімен шыққанмын. Ол кезде 9-cыныпта оқимын. Мінезім тұйық, ешкіммен ашылып сөйлеспеймін. Екі күн жүрдік. Алыс жол түрлі ойларға жетелейді екен. Осы сапарда өзіме ұнайтын көп дүниені таптым. Кейін алматылық Самат есімді жігітпен таныстым. Ол автостоп туралы жиі айтатын. Интернетті ақтардым. Автостоперлердің өміріне қызығушылық таныттым. Мен де асай-мүсейімді сайлап, саяхатқа жалғыз шығып кеткім келді. Бірақ батылым бармайтын. Биыл көктемде Киевке үш айға білімімді жетілдіруге бардым. Хостелде әлемнің әр түкпірінен келген автостоперлермен бірге тұрдым. 20 жастағы Лерон есімді жігіт әлемді аралап шығу үшін саяхатқа шығыпты. Италиялық Жавани да бір айлық демалысында ел аралап, жер көрмек боп шешіпті. Басқа елден келген жігіттер бар. Әңгіме барысында «Автостоппен шығу қорқынышты, қауіпті емес пе?» деген өзімді мазалап жүрген сауалдарымды оларға жаудырамын. Олар «Несіне ойласың? Сөмкеңді жина да, сапарға шығып кет» дейді. «Жинаған ақшам жоқ» деймін. Олар «Саяхатқа, автостоперге ақшаның не керегі бар?» дейді. Қаржысыз бір қаладан бір қалаға немесе бір елден бір елге қалай баруға болатынын түсінбеймін. Киевтен келген соң, Астанаға жұмыс істеуге бардым. Аниматормын. Таңнан кешке дейін компьютер алдында, кеңседе қамалып отырамын. Ал уақыт жанымнан жарық жылдамдығымен өтіп жатыр. Өмірім бірсыдырғы. Бір күні өзім пайдаланып жүрген Canon 60D фотоаппаратымды 85 мыңға саттым да, оған палатка, сумка, ыдыс-аяқ, қалың киім сатып алып, саяхатқа шығуға бел байладым. Қалтамда қалғаны бар-жоғы 800 теңге. Ал менің бағытым Астана – Қарағанды – Қарқаралы – Балқаш – Алматы. Бұл сапарға өзімді ұмыту үшін қаштым ба, әлде өзімді табу үшін ұмтылдым ба, білмеймін.
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы»
Астанадан Қарағандыға таңертең жолға шықтым. Қаланың сыртына шығып, 20 минуттай қол көтеріп тұрдым. Бірінші тоқтаған жеңіл көлік 2500 теңге сұрады. «Ақшам жоқ» дегенді естігеннен кейін, көп ойланбай «отыр, кеттік» деп алып кетті. Жүргізушінің есімі – Дулат. Төркіндеп кеткен келіншегін алып қайту үшін бара жатыр екен. Қарағанды көшелерін аралап жүргенде түс ауып кеткенін байқамаппын. Қарқаралыға күн батпай жету үшін автобусқа билет алу керек деп шештім. 700 теңге. 4 сағат жүріп Қарқаралыға да келдім. Адасып, Шайтанкөлдің қайда екенін жұрттан сұрап жүргенде, Дәулет ағаға кезіктім. «Былай барасың, олай барасың... Өй, сен былай жасашы, көлікке отыр, апарып тастайын». Міне, осылай Дәулет аға жол-жөнекей Құнанбайдың шегесіз салынған мешітін, Абай тоқтаған үйді, көпестердің үйлерін, музейді көрсетіп, Шайтанкөлдің кіре берісіне әкеліп тастады. Ал орман күзетшілері «Жалғыз өзің қорықпай орманда қалай түнейін деп жүрсің? Қыста бұл орманға қону үшін бір орыс келген. Адасып, төрт күн іздегенбіз. Енді сен келіп тұрсың» деп, ойланып-ойланып, әрең жіберді. Екі күнге 900 теңге болады екен. Бірақ менен ақша алмады.
Аңыздар мекені – Шайтанкөл
Орманға кірдім. Менде жаңа өмір басталды. Бұған дейін өмірімде шатыр (палатка) құрып көрмеген ем. Құрдым. Нанның үш-төрт үзімін жеп, қалың киініп, ұйқыға баттым. Салқын самал, шырша мен қайыңның иісі, үкінің дауысы кез келген ұйықтататын дәрі мен дәруменді жолда қалдырады. Дым сезбей ұйықтап қалыппын. Азанда бесте тұрып алдым. Күн ұясынан енді көтеріліп келе жатыр екен. Мүлгіген тыныштық. Қаланың шуына үйреніп қалған құлақ, мына тыныштықта дем алып жатқандай. Отын жинап, тамақ істедім. Ол Италияның ең мықты мейрамханасындағы тағамдардан да дәмді болған секілді.
Сосын бұлақтың мұздай суына шомылып, дірдектеп келіп, отқа жылындым. Рахатын-ай! Заттарымды жинап, Шайтанкөлдің биігіне көтерілмек болып, жалғыз аяқ жолға түстім. Тиіндер талдан-талға секіріп жүр. Құмырсқалар да илеуіне дән тасып әлек. Құстардың сайраған дауысы жаныңды әсем күйге бөлейді. Ғажап әлем. Айналамдағы әр құбылысқа елітіп, арқамда ауыр жүк барын да ұмытып кеткенмін. Бір кезде жол да, еріп келе жатқан із де таусылды. Ағаштың бұталарын қолмен сырып, жолымды ашып жүруге мәжбүр болдым. Алты шақырым жүрген соң өзімнің адасқанымды анық түсіндім. Сөйтсем мен еріп отырған із жабайы доңыз бен түлкінің ізі екен. 3 сағат адасып жүріп, сағат 11-де Шайтанкөлге көтерілдім. Теңіз деңгейінен 1200 метр биікте жатыр. Шыға салып, қолымды көтеріп, айғайлап жіберіппін. Тура Рокки Бальбоа сезініп тұрдым өзімді.
Шайтанкөлдегі биік тастың үстіне шығып, айналама қарағанда, екі немесе үш шақырым жерден ағаштарды желдің сипалап келе жатқанын сездім. Желді де осылай естіп, сезуге болады екен ғой. Күтіп тұрып, қасыңа жақындағанда терең дем алып, көзіңді жұмып қаласың. Әкең келіп құшақтағандай болады. Есейгенде барлығы да әкесінің ыстық құшағын сағынады. Бала кезінде құшағына қысып, қайта-қайта айналып-толғанатын әкелердің көпшігі жыл өткен сайын ұлдарына қаталдық танытып, есіріп кетпеуін қадағалайды да, құшақтауды ұмытып кетеді. Өзімді балабақшадағы кішкентай балақай сезініп тұрмын. Әлі есімде. Балабақша алдында күтіп тұратын әкемнің жып-жылы құшағына қойып кететінмін. Таудан шаршап түсіп, бұлақты көріп, бір бөренеден тұратын ағаш көпірге кеудеңді тигізіп жатып, бет-жүзіңді бұлаққа батырғаныңда, маңдайыңнан анаң сүйген сияқты. Тоймадым. Тағы да сүйші, анашым... Түрлі ойдың жетегінде жүріп, палаткамды құрдым. Сосын тамақтанып, айналаны бақылап, кітап оқып, туристермен әңгіме-дүкен құрып, күнімді қызықты өткізіп, ұйқы әлеміне аттандым.
Бет алысым – Беталыс көлі
Үшінші күні кеш ояндым. Жиналып, Қарқаралының орталығына жетіп, телефонымды қуаттап, қаладан шыққанымда сағат тілі 14.00-ді көрсетіп тұрды. Қаншама көлік өтті, тоқтайтын түрі көрінбейді. 10 шақырымдай жаяу жүрдім. Шаршап-шалдығып, жол бойындағы киіз үйге кіріп, жөнімді айтқан едім, Арман аға алдыма қымыз, сары май мен қолдың нанын қойды. Алғысымды жаудырып, тағы бір шақырымдай жүрдім.
Едәуір уақыт өткенде бір көлік тоқтады-ау. Сөйтсем, менен кейін Қарқаралыдан Еламан, Қанат, Бейімбет есімді үш жігіт шығыпты. Оларға да көлік тоқтамай, 10 шақырым жол жүрген. Мені алыстан көріп келе жатқан екен. Сонымен, жігіттер жүргізуші Бақытжан ағаға алып кетуді өтініпті. Неткен жақсы адамдар...
Жігіттер Беталыс көліне жол нұсқап, тастап кетті. Ары қарай 3 шақырым жаяу жүріп, көлге жеттім.
От жақпақшы болған едім, жел басталып, отымды өшіріп тастады. Ең бастысы суға түсіп, сергіп алдым. Нанымды оттың шоғына қақтап, «стэйк» деп елестетіп ұрып алдым. Жағалауда серуендедім. Шағалалардың шуылы, толқынның жағаға аласұра соққан дауысы жаныңды рахат сезімге шомылдырады екен. Түнімен жел соғып, күн күркіреп, жаңбыр жауды. Найзағай ойнады.
Таңертең тамақ істеп, жиналып, жолға шықтым.
Үңгірлерге үңілу – қасиетті бағалау
Ендігі бағытым – Бектау ата. Қарағандыдан 319, Балқаштан 70 шақырым қашықтықта жатыр. Анда-санда бір көлік өтеді. Оның өзі тоқтар емес. Екі сағат өтті. Қол көтеріп тұрмын, бір көлік өтіп барып, артқа қайтты. Бауыржан аға, жұбайы Маржан және ұлы Асылбекті алып тойға бара жатыр екен. Қарағандыға дейін апарып тастауға келісті. Орталығына дейін тегін жеткізіп тастағандарымен қоймай, жолдан ыстық бәліш пен тәтті сусын алып берді. Олармен жылы қоштасып, қаланың сыртына қарай аяңдадым.
40 минуттан кейін жүк көлігі тоқтады. Жүргізушісі Куват деген аға. Ұлты – ұйғыр. Грузия, Ресейге жүк апарып, Алматыға қайтып келе жатқан беті екен. Жолда кафеге тоқтап, тамақ алып берді. Өмір жайлы көп әңгімелестік. Өзінің қателіктерге жиі ұрынғанын айтты. Қайталамауымды өтінді. «Отбасымды апталап, кейде айлап көрмеймін. Балаларымның қалай өсіп жатқанын білмеймін. 1 жасқа толған туған күнінде, 1-сыныпқа барып, мектеп табалдырығын аттаған қуаныштарына ортақ бола алмаймын. Жүрегімді езеді, ауыртады. Бірақ амал жоқ, отбасымды асырау керек. Сөйтіп, жанталасып жүргенде өз-өзіңді жоғалта бастағаныңды, армандарыңнан алыстап бара жатқаныңды байқамайды екенсің» дейді Қуват аға. Ол 18 жасына дейін дзюдомен айналысып, біраз жетістіктерге қол жеткізіпті. Бірақ тісін қайрап жүрген бір палуанның әдейі аяғын сындырып, спорттан шеттетілген екен. Осы сапарымда ең қызық кейіпкер Куват аға болды.
Жүк көлігі жай жүреді емес пе?! Біз 6-7 сағат армансыз әңгімелесіп бардық. Жолда кафеге тоқтап, ыстық тамақ әперді. Және қоярда-қоймай қалтама 2 мың теңге салып жіберді. «Ертең министр болып жатсаң, мені ұмытып кетпе» деп телефон нөмірімді жазып алып, бұрылыстан түсіріп кетті.
Негізгі трассадан, Бектау атаға 12 шақырымдай. Олай қарай жол жүріп бара жатқан көлік көрінбейді. Жаяу келе жатырмын. Аспан ашық. Жұлдыздар көп. Бір сәтте, осы кең далада жападан-жалғыз екенімді түсіндім. Ауа емес, мұң жұтып келе жатқандаймын. Дем алған сайын қиындап келеді. Қазір алдымнан қасқыр немесе жылан шығып қалады деген қорқыныштан гөрі жалғыздық 100 есе қорқынышты. Басқаша бір сезім. Мына жалпақ дала – сенің өмірің сияқты. Осы жерде жалғыз болсаң, өмірде де жалғызсың. Мені мазалаған бір ғана сұрақ: неге дәл осы сәтте? Неге дәл осы жерде. Мына дала менің еңсемді езіп барады?
Кітап пен кинодағы кейіпкерлердің жапан далада жалғыз қалғанда тау-таспен, ағашпен не үшін сөйлесетінін түсіндім. Адамның қадірін білдім. Біреумен тілдескім келді. Түрлі ойға батып келе жатқанымда алыстан жалғыз үйдің жарығы көрінді. Солай қарай бет алдым. Келіп терезеден қарасам үлкен кісілер мен балалар улап-шулап карта ойнап отыр. Есігін қақтым. Бір кісі шықты. Жөнімді айтып, қай жер палатқа құруға ыңғайлы әрі қауіпсіз екенін сұраған ем, қарқылдап күлді. «Құдайы қонақпын деп айтпайсың ба? Үйге кір, дастарханнан дәм тат» деді. Ұлан аға, жұбайы Бақша апай, баласы Рамазан. Неткен кең пейілді кісілер.
Ұлан аға көп жылдар ішкі істер саласында қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан соң, қаланың у-шуынан шаршап, ауылға көшіп келген екен. Сондай қонақжай. Сенбі-жексенбі күндері бүкіл туысқанын үйіне шақырып алатын көрінеді. Адам топырлап жүр. Қатар-қатар төсек салып берді бәрімізге. Таң атты. Бақша апайдың сары майы, қаймағы мен тосабын ыстық нанға жағып, шай ішіп алдым.
Сосын Рамазан ауыл жұрты «Әулие ата» деп атап кеткен үңгірді апарып көрсетті. Ұлан ағаға «Бектау атаның» ортасына жалғыз қонатынымды айтқанда біраз уақытқа дейін жібергісі келмеді. «Мен де сенің қасыңа қонамын. Онда жабайы аңдар жүреді. Жыланның сегіз түрі бар. Оның екеуі улы. Соның бәрін біліп тұрып, жалғыз өзіңді жібере алмаймын» дейді. Әрең көндірдім. Түс қайта Рамазан көлге дейін жеткізіп тастады.
«Бектау ата»
15 жастағы кезім. Жанұяммен Қостанайға бара жатырмыз. Көлікпен. Кенет әкем жолдың шетіне тоқтап, аяқ жазып алу үшін сыртқа шықты. Мен де шықтым. Айналамдағы теп-тегіс жазықтықтағы таулар көзіме түсті. Лезде жүрегімнің соғысы жиіленіп кетті. Аң-таңмын. Ойымда екі ғана сөз. Неткен сұлулық. Неткен сұлулық! Ләззаттың бәрін әкемнің дауысы бұзып жіберді. Кеттік, отыр... Арада біраз жылдар өтті. Атауын тауып алдым. Бектау ата! Тағы да осында келу – арманым болатын. Орындалды. Өз көзіме өзім сенбей, 2-3 минуттай бір орыннан қозғала алмай тұрып қалдым. Тура сол жер. Тура сол таулар. Алтын әшекей сияқты жалтырап тұр. Тауешкі сияқты ары секірем, бері секірем. Билеп жүрмін. Қуаныштан жүрегім жарылып кетердей.
Алақай! Алақааааай! Мені бәрібір ешкім естімейді. Таулардың ортасында жалғызбын! Мына өңірдің бір бөлшегі сияқтымын тура. Өткен өмірімде осы тауларда жайылып жүрген арқар болған сияқты сезімдемін. Осы сезімімді өзінің құшағына алған таулар, жерге көк кілемдей төселген аршалар, бұлттар да растап отырғандай. Иә, мен үйдемін...
Шатырымды құрып, Бақша апай беріп жіберген қолдың сары майы мен нанды жеп алдым. Күн көкжиектен көрінбейді. Аспан отқа оралғандай. Қан-қызыл. Әдемі. Әр жерден жұлдыздар көріне бастады. Аспандағы от сөнген соң, жұлдыздар қаптап кетті. Еркіндік. Өзімді бірінші рет шынайы еркін сезіндім.
Ертеңіне бесте ұйқымнан оянып алдым. Таң атып, күн көкжиектен көтеріле бастады. Нағыз сұлулық деп осыны айт! Тау емес алтын балқып, жер астынан шығып жатыр. Бұл тау басқа таулардан өзгеше. Бетін дәәәу алып бір адам күніге майлап, сүртіп отыратын сияқты. Айнадай жалтырап тұр, теп-тегіс. Тастың қызуы маған қуат берді.
Кітап оқып отырып кітаптың ішіне кіріп кеткем ғой, бір нәрсе жыбыр ете қалғандай болды. Көзім түсіп кетіп еді, жылан. Өлі балық ұстап әкелді де аузын ашып қылғыта салды. Жыланнан өлердей қорқамын ғой. Атып тұрып қаштым. Заттарымды ағаш бұталарымен түртіп жүріп, тартып алдым.
Сосын қайтадан тап-тақыр жерге, көл жағасына келіп палаткамды құрдым. «Менің көлеңкеме келіп тынықсаңшы» деп тербеліп талдар тұр. Киімімді шеше салып суға сүңгіп кеттім. Табиғат ана қайтадан қырқымнан шығарып жатқан сияқты. Жаңа туған сәбимін мен! Балпақ бақалар жүзіп жүр қасымда. Бұрын олардан жиіркенуші едім. Қазір өзімді осы табиғаттың бір бөлшегі сезініп, жаным гормония режимінде. Тірі, тірі еместің барлығы менің достарым.
Су, наным таусылып жатыр. Көлдің жанында, анандай жерде демалыс аймағы бар екен. Бұрын балалар лагері болыпты. Барып өзбек апайдан нан мен су сатыңызшы деп сұрап едім. «Қиналып жүр екенсің ғой» деп тегін беріп жіберді. Бектау атадан жанымды жылы естеліктерге толтырып, Ұлан ағаның үйіне соғып, олармен қоштасып, Балқашқа жолға шықтым. 15 минуттан кейін бір көлік тоқтады. Жүргізуші әскери салада жұмыс істейтін әйел екен. Көлігінің бұзылып келе жатқанына қарамастан діттеген жеріме жеткізіп тастады.
Айнадай жарқыраған айдын, қоқысқа толы жағалау...
Мен ол жақта жағымды түске боялған үйлер, гүлдермен әсемделген жағалау, жылы жүзді адамдардың орнына, қоқыс толы даланы, ішімдікке сылқия тойып, айналасының мазасын алған адамдарды көрдім. Көрдім де Аралдың суы не себепті тартылып кеткенін түсінген сияқтымын. Адамдардың санасыздығынан шаршап, «Өтініш, доғарыңдаршы!»,– деп Арал мырза да өз-өзіне қол жұмсаған іспетті. Есесіне адамдар қазір Аралдың суына зар. Ал Балқаш болса ақкөңіл. Суға емес, мұңға толы толқындары – жүректі жабықтыра тербейді. Жұбату үшін бесік жырын айтып бердім. Шыдап жатыр. Шыдамы қашанға дейін жететінін білмеймін. Табиғат анам саяхатымның осындай өкінішті нотамен аяқталғанын өзі қалаған сияқты:
«Менің сұлулығымды көрдің. Тамсандың. Биледің. Жаныңа тыныштық таптың. Шабытыңды қоректендірдің. Қуат алдың. Ал енді екі аяқтылардың маған не істеп жатқанына қара! Жақсылап қарап ал! Көрдің бе? Енді соларға айта бар - Мен оларды бәрібір жақсы көремін! Бірақ мені неге қинайды?»
Бәрінен бұрын сонау Белоруссиядан автостоппен келген Андрей мен Олядан ұят болды... Мыңдаған шақырым, жүз мыңдаған қадамдар жасап келіп, осындай қайғылы көрініске тап болды. Барлығы үшін кешірім сұрадым.
Үндістанның кедей ауданында жүргендей күй кештім. Адамдардан көңілім қалды. Сөйлескім келмеді. Шатырымды құрып, толқындарға қарап ойланумен болдым. Ауыр ой үстінде ұйқыға кеттім.
Ертеңіне үш адамды көлік алып кету ықтималдылығы аз болғандықтан бірінші Андрей мен Оля жолға шықты. Олар енді Ыстықкөлге тартады. Мен Балқашқа қайта шомылып, тамақтанып, заттарымды жинаймын дегенше біраз уақыт өтті. Негізгі трассаға шықсам, екеуі көрінбеді, көлік ұстап кетіп қалған сияқты. Ішімнен қуанып, дұға етіп қойдым.
Бір сағаттай күннің астында тұрдым. Ақыры Дәурен аға тоқтап алып кетті. Алматыға дейін жетіп алдым. Осылайша автостоппен шыққан алғашқы саяхатым аяқталды.
Автостоп маған не берді?
Ойым өсті, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Еріншектік, жалқаулық, сынды жаман әдеттерден арылдым. Жауапкершілігім артты. Болашақпен, өткенмен емес дәл қазіргі сәтпен өмір сүру керектігін ұқтым. Өзімнің білімсіз екенімді сезіндім. Мысалы, қай жеміс-жидек, өсімдік жеуге жарамды, жарамсыз екенін білгенімде, жұлдыздар шоғырын зерттегенімде менің сапарым бұдан да қызықты болар еді. Достарым немесе әлеуметтік желідегі адамдар «тау-таста, айдалада жалғыз өзің түнеуге қалай қорықпадың?» деп жиі сұрайды. Түсінгенім, адам еркіндікті, бостандықты сезінген кезде еш нәрседен қорықпайды екен. Өйткені айналаңдағы барлық нәрсе саған таныс боп көрінеді. Өмір сүріп жатқан табиғаттың бір бөлігі екеніңді түйсінесің.
Әсемдікке толы қорқыныш
Бектау атада таудың биік нүктесіне көтерілмек болдым. Негізі тауға оңай шығатын жол бар. Бірақ мен барлық адам жүретін жолмен жүргім келмеді. Және 25 кг болатын ап-ауыр рюкзагымды қалдырып кетейін дедім де, «біреу ұрлап кетсе қайтесің, ішіндегі заттар бүлініп қалса ше?» деген жаман ойлар иектеп, арқама асынып алдым. Біраз жер жүрген соң қауіпті жол басталды. Бір кезде аяғым тайып, қапелімде не болғанын түсінбей қалдым. Жардан сырғанап бара жатырмын. Біткен жерім осы екен ғой деп ойладым. Ары қарай құз еді. Рюкзағымды арқамнан шешіп, бір тастан ұстап үлгердім. Аяғыммен сумкамды іліп алдым. Әрең дегенде есімді жиып, қорқынышымды баса алмай жарты сағат отырдым. Сол кезде биік тауға өрмелеу үшін физикалық тұрғыдан гөрі, моральдық тұрғыдан мықты болу керек екенін түсіндім. «Таудың биігіне көтерілудің маған не керегі бар? Мен ол жаққа шығып не дәлелдеймін? Әлеуметтік желіге мен «Бектау атаны» бағындырдым деп жазба, сурет салып, мақтану үшін бе?» деген ойлар келді. Қолымды бір сілтедім. Сосын біз күдікшіл, сенімсіз екенбіз, жаман ойға бірінші бой алдырамыз. Әйтпесе, айдалада сумкамды кім ұрлайды? Бектау атада менен басқа тірі жан жоқ ғой. Егер тастап кеткенімде, шыңға шығатын едім. Сол сияқты керек емес жүкті тастаған дұрыс екен. Ал біз өткенге жиі оралып қимай жүреміз. Арқадағы ауыр жүк мақсатқа жету жолында кедергі болады.
Бір апталық сапарға жалғыз шыққанымды үй-ішім білмейді. Оларды уайымға салғым келмеді. Менің жазбаларымды көрсе, ата-анама хабарлап қояды деп, әлеуметтік желіде, яғни инстаграм мен фейзбукта отыратын бүкіл туысқандарымды достығымнан өшірдім. Сөйтіп «Бектау атада» интернетке қосылсам, әкем менің жазбаларымдағы бүкіл суреттеріме лүпіл басып кетіпті. Мен әкемнің сол уақытқа дейін фейзбукта мені сырттай бақылап отыратынын білмегем ғой. Ұялғанымнан, «уайымдамаңыздар, менде бәрі жақсы» деп хабарлама жазып жібердім.
Түйін
Маған ең ұнағаны – Қарқаралы. Автостоперлер, жалпы туристер үшін өте ыңғайлы, әлі бүлінбеген жер. Адам көп бармайды. Бармаса да екен. Демалуды ішіп-жеп, тастап кету деген түсінікте қабылдайтындар көп ортада Балқаш сияқты аз уақыт ішінде қоқысқа толып кете ме деп қорқамын. Біздің халық әлі саяхатқа шығуға, туризмді қолдауға дайын емес. Ішкі туризмді дамыту керек деп жар салып жүргендер жұмысын ең алдымен халыққа тазалықты сақтауды насихаттаудан бастаса екен. Айналасын таза ұстауды ұғынтатын креативті билбордтар іліп, жүрек ауыртатын видеолар түсіру керек.