Шымкент «қауіпсіз қала» деп танылды

25 Қаңтар 2017, 16:27 14005

Шырайлы шаһар

Шымкент еліміздің ең «қауіпсіз қаласы» деп танылды. Шымкент қаласы әкімдігі таратқан мәліметке сенсек, тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтың саны шырайлы Шымкентті қауіпсіз шаһар ретінде танытып отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы Шымкентте 20 892 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Салыстырмалы түрде алсақ, осы кезеңде Астанада 39 727, Алматыда 66 913 қылмыстық іс жасалған. Аталмыш ірі қалалардағы халық санын ескерсек, шым шаһардағы қылмыс саны төмен деп саналады.

Құзырлы органдардың мәліметінше, бүгінде Шымкентте орын алатын құқықбұзушылықтың 60 пайызы ұрлық қылмысы болып табылады. Облыс орталығында ұялы телефондардың ұрлығы осы қылмыс түрінің жартысына жуығын құрайды. Соңғы кезде миллионға тарта тұрғыны бар қалада қылмыс деңгейі зерделеніп, бұзақылық жиі жасалатын орындарға қойылған бейне бақылау камераларының қатары көбейді. Нәтижесінде, қаладағы қылмыс деңгейі төмендеп, түрлі қылмыстық іс-әрекеттердің бетін ашу жоғарылады.

Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда қала аумағында қылмыстық құқықбұзушылық саны 7,4 пайызға, өте ауыр қылмыстар 21,4 пайызға азайды. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда аса ауыр қылмыстар - 6,1 пайызға, ал ауыр қылмыстар саны 26,9 пайызға төмендеген.

Осыдан бірақ уақыт бұрын OLX сервисі жүргізген «Идеал қала» зерттеуі еліміздегі ең таза қала – Қостанай екенін жазған еді.

«Идеал қала» жобасы аясында қазақстандықтар 1-ден 7-ге дейінгі шкала бойынша өздері тұрып жатқан қаланың өмір сүру сапасына баға берген еді. Зерттеуде көшенің реттілігі, ауа тазалығы және коммуналдық қызметтердің жұмысы сынды критерийлер негізге алынды.

Сауалнамаға сәйкес, Қазақстандағы ең ірі 20 қаланың ішінде таза қала Қостанай болды. Қала рейтинг бойынша жалпы 13,8 балл жинады. Тұрғындар қаланың ауа тазалығын 5,1 балға бағаласа, коммуналды қызмет жұмысына 3,7 балл берген. Екінші орында  — 13,7 балмен Орал қаласы. Ал үшінші орынды 13,6 балмен Талдықорған қаласы иеленді.

Қазақстандағы таза қалалар ондығына  Шымкент (13,5 балл), Петропавл (13,3 балл) Астана мен Көкшетау (13,1 балл) Тараз (12,6), Ақтау (11,9), Павлодар (11,7) және Рудный (11,6) енді.

Тазалық рейтингінде ең төменгі бағаны Семей мен Теміртау алды. Семей 21 балдың 9,5-ін жинаса, Теміртау 7,5 балл жинады. Сондай-ақ, Өскемен мен Қарағанды тұрғындары қалалардағы көше тазалығын 9,6 балға бағалаған.

Ал Қазақстанның оңтүстік астанасы «экологиялық таза қала» ондығына ене алмаған еді. Алматы тұрғындары қала тазалығын 10,6 балмен бағалады.

Бөлісу: