Әшімбаев: Түркі әлемі елдерінің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді

27 Маусым 2022, 23:48 1799

Түркі мемлекеттерінің мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан ТҮРКСОЙ-дың маңызы зор.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті, деп хабарлайды EL.KZ сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев келесі жылы ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 30 жыл толатынын, осы жылдар ішінде Ұйымның ұйытқы болуымен түркі әлемінің ынтымақтастығын арттыруға арналған маңызды іс-шаралар мен жобалар іске асырылғанын айтты.

Түркі мемлекеттерінің мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан ТҮРКСОЙ-дың маңызы зор. Соңғы жылдарда түркі әлемі елдерінің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Бұл ретте біздің мемлекет басшыларымыз қабылдаған шешімдердің ықпалы мол екенін атап өткен жөн. Осындай жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға түркі елдерінің Парламенттері де үлкен үлес қосып келеді. Сондықтан біз парламентаралық іс-шаралар мен кездесулер кезінде мәдениет және өнер саласындағы мәселелерге баса мән береміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы алдағы қыркүйек айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл Форум түрлі дін өкілдері арасында тиімді өзара байланыс орнатуға және ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Мәулен Әшімбаев Съезд Хатшылығының басшысы ретінде Сұлтан Раевты аталған діни форумға қатысуға шақырды.

Өз кезегінде, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы түркі әлеміне ортақ көрнекті тұлғалар мен жазушылардың мерейтойларына қатысты жоспарланған іс-шаралар туралы айтты. Сондай-ақ ол Түркістан қаласының түркі әлемінің астанасы ретіндегі рөлін күшейтудің маңызына тоқталды.

Кездесу соңында Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламентінің Сенаты Ұйым аясында түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрін нығайту үшін белсенді жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

EL.KZ
Бөлісу: