Шикі балық жеп, жаңбыр суын ішкен: Тынық мұхитта үш ай бойы қалқып жүрген теңізші құтқарылды

17 Шілде 2023, 10:30 2794

Тим Шеддок пен оның иті Тынық мұхитта дауылға тап болған. Содан бері шикі балық жеп күнелтіп, жаңбыр суын ішіп, үш ай көмек күтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 9 News агенттігіне сілтеме жасап.

Тынық мұхиттан 51 жастағы австралиялық Тим Шеддок құтқарылды. Ол итімен бірге кемесінде үш ай бойы ашық мұхит бетінде қалқып жүрген. Шеддок сәуір айында катамаранға мініп, Мексиканың Ла Пас портынан жолға шықты. Ол Тынық мұхит арқылы Француз Полинезиясының архипелагына дейін 6000 шақырым жолды еңсеруді жоспарлаған. Кемеде оның жанында Белла атты иті болған.

Саяхат басталғаннан кейін арада бірнеше апта өткенде олар дауылға тап болады. Сол кезде катамарандағы электроника мен радиобайланыс істен шығып, кемені басқару мүмкін болмай қалған. Шеддок пен оның итін 6 шілдеде сол маңнан өтіп бара жатқан тікұшақ байқап қалған. Соған дейін олар үш ай бойы ашық мұхитта қалқып жүрді. Осы уақыт ішінде австралиялық итімен бірге жаңбыр суын ішіп, мұхиттан ұстаған шикі балықты жеді. Шеддоктың балық аулайтын торы бар еді. Қазір құтқарылғандар Мексикаға бара жатыр.

Теңізде өте ауыр сынақтан өттім. Енді маған демалыс пен жақсы тамақ керек. Өйткені көптен бері жалғыз тіршілік еттім. Әйтпесе денсаулығымда бәрі жақсы, - дейді Тим Шеддок.

Равиль Ашығали
Бөлісу: