Шығыс самсасы

5 Ақпан 2018, 10:56 17672

Қатпарлы самса пісіріп үйренейік

Ингредиенттер:

400-450 г ұн

200 г май (бөлме температурасында еруі тиіс)

1 жұмыртқаның сары уызы

Тұз

2-3 ас қасық су

Ұнға май мен жұмыртқаны, тұзды қосып, жақсылап араластырамыз. Қажетіне қарай су қосып, қамыр илейміз. Дайын қамырды пленкаға орап, тоңазытқышқа 1 сағат қоямыз. Келесі кезекте қамырды бірнеше бөлшекке бөліп, жаямыз. Арасына қалауыңызға қарай тартылған ет немесе тартылған тауық еті, сыр салып пісіреміз.

Пешті 200 градусқа қыздырып, 30-35 минут қызарғанша пісіреміз.

Қатпарлы самсаның екінші түрі

Ингредиенттер:

400-450 г ұн

Су

Тұз

Иә жаңылысқан жоқсыз. Ұнға тұз сеуіп, су құып қамыр илейміз. Қамырдың иі қанып, арасы жылдам бірігу үшін асықпай ұзақ илейміз.

Қамырдың бетін жауып, 1 сағатқа қалдырамыз. Келесі қадам – қамырды барынша жұқа етіп жаямыз. Жайылған қамырға ерітілген сары май жағып, ораймыз. Оралған қамырды сәл созғылап, ширатамыз. Пленкаға орап, мұздатқышқа 4 сағатқа қоямыз. Уақыты келгенде қамырымызды мұздатқыштан шығарып, сәл тобарсып, жұмсарғанын күтеміз. Жаюға келетіндей жұмсарған кезде бірдей бөлшектерге бөліп, алақанымызбен басамыз. Мүмкіндігінше ұн сеппей жаюға тырысыңыз, сонда қатпарлы қамырдың формасы сақталып, түрі әдемі болып шығады. Ортасына қалауыңызға қарай тартылған ет пен пияз қосып, ыстық пешке пісіреміз.

Бетіне жұмыртқаның сары уызын жағып, кунжут себуді ұмытпаңыз.

Ас болсын!

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: