Арт-терапия 3 жастағы балаға да пайдалы

21 Қазан 2019, 11:43 10555

Психолог пікірі: «Терапия деген сөзден қорқудың қажеті жоқ»

Арт-терапия – өнер арқылы емдейтін шығармашылық терапиясы. Бұған жүгінгендер шығармашылық қабілетін арттырып қана қоймай, бойындағы қасиеттердің мүмкіндігін түсініп, оны аша алады. Сонымен қоса, креативтіліктің дамуына, өмірдегі кез келген жағдайды шешуге пайдасын тигізеді.

Арт-терапия қалай жұмыс істейді?

Адамның ішкі күйін ашу үшін психолог мамандар түрлі әдіске жүгінеді. Соның бірі  изотерапия яғни сурет салу арқылы мәселесін анықтау дейді елордалық психолог Ақкүл Молдабекова.

- Мысалы, мен сізге өсімдікті сал десем, сіз соның суретін саласыз. Бірақ сіз салған суреттің астарында өзіндік жасырын ақпараттар болады. Мысалы, өсімдіктің тамыры болмауы – клиенттің ата-анасымен, туған туыстарымен қарым қатынасының үзілгендігі, - дейді.

Ал суретте өсімдіктің сабағының басы салбырап, басын көтере алмай тұрса бұл клиенттің  жақында өмірінде орын алған проблемадан есін жинай алмай  жүргендігін білдіреді екен.

- Маған келген клиенттерімнің бірі: «Маған қиын» дейді. Қиын болуға не әсер етті десем, ары қарай ақпарат берілмейді. Содан оған ұнаған өсімдігін салуын сұрадым. Суретте қос гүлдің басы екі жаққа бұрып, салбырап тұр. Содан мен «мәселе ажырасуда бол тұр ғой» дегенде, клиент «иә, дәл солай» дейді. Яғни, арт-терапия адамның жан дүниесінде жатқан барлық ақпаратты алуға, көруге және емдеп, қалыпқа келтіруге көмегін тиігезетін күрделі терапияның бірі болып саналады, - дейді.

Қазіргі кезде емнің бұл түрін кез келген адам жүргізе алмайды. Тіпті ондаған кітаптарды оқып, көптеген жаттығуларды қайталау да аздық етеді. Ол үшін ең бастысы кәсіби маман болып, түрлі тереңдетілген технологияларды меңгеру қажет. Себебі олар «адамның жанымен жұмыс істейді» деген пікірді айтады маман.

Балаларды арт-терапиямен қалай емдейді?

Ақкүл Молдабекованың айтуынша, психолог мамандар 15 жасқа дейінгі балалардың басым бөлігін ата-аналарымен қатар консультация жүргізеді. Себебі отбасындағы мәселе шешілмесе, баланы жалғыз коррекцияға алып келіп,  оны қалыпқа келтіргеннен түк пайда жоқ екенін айтады. Өйткені арада біраз уақыт өткен соң, жеткіншек қайтадан сол проблемасына душар болады.

- Біз бірінші баланы, екінші ата-ананы диагностикалаймыз. Балалардың басындағы көп проблема ата-анамен қарым-қатынастың нашар болуынан туындайды. Мәселен, балада суицидтік ой бар делік... Бала мектептен қысым алады, үйге келіп, ата-анадан да қысым алады деген сияқты үлкен проблеманың аясы шығады. Осы аядағы проблеманы шешу үшін біз коррекцияға ананы не әкені аламыз.  Содан коррекциялық жұмыс жүргізу барысында ол өз проблемасын түсіне бастап, балаға деген қарым қатынас өзгертеді. Сөйтіп, баланың жан дүниесі де қалыпқа түсіп, отбасындағы проблема да бірте бірте түзеледі, - дейді.

Фотода: Ақкүл Молдабекова

Изотерапияда салынған суреттің түстері маңызды рөл ойнай ма?

Изотерапияда сурет салуда клиенттің қандай түстермен бояғанына да баса назар аударылады екен. Қазіргі кезде көбіне стресс уақытында жүрген жеткіншектер іштегі ақпаратты суреттерді тиісті түстермен бояу арқылы жеткізеді.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын маған бір қыз бала келді. Іштегі сырын ашылып айта алмағандықтан сурет салуға кірісті. Бір кезде қарасам, анасы мен әкесін салды да, анасының бейнесін қап-қара түске бояп тастады. Сосын тағы бір ана салады. Кейін анализ жасағанда, қыздың туған анасы қайтыс болып, өгей шешесімен  өмір сүріп жатқандығы белгілі болды. Бала анасы қайтыс болғандықтан бейнесін, денесін  қара түспен  бояп, көрсетіп отыр. Яғни қыздың ойында туған анасы жүргенімен, айтып жеткізу  қиын тиген. Жалпы түстердің көмегі осындай бағыттағы жұмыстарда пайдасы тиіп жатады, - дейді.

Терапия деген сөзден қорқу керек пе?

- Терапия деген сөзден қорқудың қажеті жоқ. Терапия деген уақытта біз мынаны  білуіміз қажет. Мысалы, психолог сау адаммен жұмыс істейді. Мұнда клиентке дәрі-дәрмек берудің қажеті жоқ. Тек терапиялық техникалар арқылы қалыпқа келтіру, яғни сөз арқылы емдейді. Бастысы маман расымен де сауатты әрі көмектесе алатын болса, ондай мүмкіндікті пайдаланып, өз проблемаңды, қорқынышыңды шешіп алуға болады, - дейді ол.

Арт-терапияға қай кезде жүгіну керек?

Егер баланың отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы дұрыс болса, ол кереғар мінез көрсетпесе, ауыртпашылық кезеңдерден сүрінбей өтіп жатса, онда балаға да, ана-анасына да көрінудің қажеті жоқ. Бірақ та мамандардың пікірінше елордалықтар психологтардың кеңесіне жүгінгендіктері абзал.

- Өкінішке қарай, республикамыздағы оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын адамдар психологиялық денсаулығын күту мақсатында психологқа жүгінгендігі дұрыс деп ойлаймын. Себебі қаржылық мәселе, несие, жұмыстағы, отбасындағы проблемалар не дегенменде психикада өз ізін қалдырып отырады. Сондықтан да депрессияға тез ұшырататын кездер  жиі кездеседі, - дейді.

Негізінен арт-терапияны, яғни құм, сурет терапияны бала-бақша жасынан бастау өте тиімді. Себебі бала сөзбен айта алмаған ішкі эмоциясын құммен жасалған мүсіндер арқылы бейнелейді. Психологтар соның астарында қандай құпиялар жатқанын оңай анықтайды.

Келушілерді қандай мәселелер мазалайды?

Елордалық психологтың пікірінше, қазіргі кезде көбінесе адамдар обыр, рак (қатерлі ісік) сынды стадиясы асып кетуінен, ата анамен қарым-қатынастың дұрыс болмауынан, ананың ықпалынан шыға алмауынан, ерлі-зайыптылардың ажырасуынан, перзент сүйе алмауынан, бала проблемасына келген уақытта суицидтік ой сынды түрлі мәселелермен жүгінеді. Ал сөйлесу барысында психологтар  келушілерге «тек бағыттаушы» қызметін ұсынатындығын айтады.

Арт-терапиядан соң келушілер қандай сезімде болады?

- Терапия біткен соң, келушілер әртүрлі пікірлер айтады. Мысалы, біреулер, бүкіл мәселе өзінде екенін түсініп, проблемаларды санасында өзі жасап жүргендігін ұғынады.  Ал ендібіреулері психологты мүлдем көргісі келмеуі мүмкін. Неге? Себебі кей адамдар ішіндегі жарасын ұмытқысы келеді. Ал психолог болса, бұл жайында көпке жария етпегенмен толығырақ біледі ғой... Соны білгендіктен, клиент психологты тағы көрген кезде онымен сөйлескен уақытта бұрынғы проблемасы еске түсіп, қиналып жатады. Тіпті кей  адамдар бір жеті, он күн не  бір жыл өткен соң, хабарласып, «Менде қазір бәрі жақсы. Осындай жағдайға жеттім» деп, өзінің қазіргі жеткен жетістігімен бөлісіп жатады. Кейбірі қазіргі халі туралы ауыз ашпайды. Мұның барлығы адамға байланысты, - дейді психолог.  

Жалпы психологтар күйзеліске ұшыраған клиенттің көз жанарына, сөйлеген сөзіне тіпті қай кезде жымиған не мұңайғанына дейін баса назар аударып, проблемасын ашып, бірлесе талқылайды. Сөйтіп, адамның проблемадан шығуына мүмкіндік береді. Көбінесе арт-терапияны эмоционалдық күйзеліске душар болғандар мен қоғамнан алшақтағысы келетін жандарға қолданады.

(Суретттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: