Шетелге жұмысқа кеткен қазақстандықтар құлдыққа түсіп жатыр

12 Наурыз, 12:19 7284

Табысы жақсы отандастарымыз шетелге шығып, саяхаттағанды жақсы көреді. Қалғандары тамтұмдап тапқан таянғанын тиынынан құрап, тропикалық елдерді көріп келіп жатыр. Биыл трендте Тайланд. Алайда қызық қуып барған көп қазақ құрыққа түсіп қаламын деп ойламайды. Жарқ-жұрқ еткен қонақжай қалалардың арғы жағында адам жоғалатын жұмбақ жер барын көбі білмейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.

Тайланд, Мьянма және Лаос елдерінің арасында алтын үшбұрыш аталып кеткен тропикалық ну орман арасында 100-ге жуық азаматымыз жоғалып кетті. Арада байланыс жоқ. Соңғы екі жылда қылмыстық топтардың құрығынан 28 қазақстандық құтқарылды. Қалғандарының тағдыры беймәлім.  

Дубайдағы жақсы танысымның кеңесімен бардым. Сендім. Мені Бангкокта ағылшынша білмейтін адамдар қарсы алды. Қымбат қонақ үйге орналастырды. Ертең Чианграй деген қалаға жұмысқа шығасың деді. Ол 20 минуттық жерде орналасқан. Бірақ екі жарым сағат орман мен жанартауы көп жаққа алып келді. Сол кезде үрей басталды. Қайықпен суды кешіп, өтіп, әкелген жерді көргенде шошып кеттім. Амал тауып ағама хабарласып үлгердім. Әйтпесе жағдай қиын еді, – деді Анель. 

Анель былтыр құтқарылды. Парақшасын қарасаңыз көптеген елде саяхаттаған, бірнеше тіл біледі. 

Интернеттен жоғары айлық көріп, соған сеніп қалады. “Біз құлдыққа түспейміз, барамыз, ақша табамыз, тез ораламыз” деп ойлайды. Ұсталып қалады, – деді СІМ өкілі Айбек Смадияров. 

Соңғы 2 жылда соғыс болып жатқан Мьянма елінде 200 қазақстандық құлдықта болған. 100-ге жуығы әлі сол жақта жүр. 

Ол жаққа барған кезде барлығының ойы "біз Таиландқа бара жатырмыз" деп ойлайды. Таиланд пен Мьянманың арасында белгілі бір шекара жоқ. Тек арық және сумен ғана өтеді. Белгілі бір компания жұмыс ұсынып шақырады. Жалақысын жоғары етіп көрсетеді. Көбіне аудармашылар, қытай тілін білетіндер. Өйткені Мьянма қытай тілінде сөйлейді. Сосын билет шығынын өтеп береді. Көбіне түнде өткізеді, адамдар қайда бара жатқанын білмейді. Сосын Мьянмадан бір-ақ шығады, – деді халықаралық заңгер Мейірман Шәкеев. 

Заңгердің сөзінше, азаматтар қандай қиындыққа тап болғандарын сонда ғана сезеді. Бостандық сұраса, өздерін сатып алған ақшаны қайтар немесе сойып органға тапсырамыз дейді. Амалсыз жұмысқа кіріседі. 

Мұнда бара жатқан кезде оларды алдын ала сатып жібереді. Сол сатқан құнын есептейді де 10 мың доллар заңсыз жұмыстарды ұсынады. Ол жақта да Қазақстанда таралып жатқан алаяқтық жүйесі сынды жұмыс ұсынады, – деді халықаралық заңгер Мейірман Шәкеев.

Өкініштісі бірнеше тіл білетін жастар осындай қулыққа алданып қалып жатыр.

Жыл басынан бастап бізде 1400-ге жуық адам Қазақстаннан тыс жерде тұруға кетті. Оның ішінде Ресейге 900-ге жуық, Германияға 200-ге жуық, Польша, АҚШ, Канада және Түркия елдеріне 30-ға жуық азамат тұрақты тұру үшін кетті, – деді ІІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лесбек Айташов.

Қазақстандықтар қазір шетелге демалуға, ем алуға, жұмыс істеуге жиі шығатын болған. Көш басында Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Мысыр мен Таи елдері.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: