«Ұстаным» пікірталас клубының заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелерін талқылауға арналған бесінші отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданғаны белгілі. Заңда ірі сыбайлас жемқорлыққа және әкімшілік-билік ресурстары субъектілерімен біріккен олигополиялық топтарға қарсы шаралар айқындалған. Заңның басты мақсаты – қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Мемлекет басшысы атап өткендей, қайтарылған барлық қаражат қазақстандықтардың игілігіне жұмыс істеуі тиіс.
Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковтың сөзінше, заңның орындалуы негізгі үш құрылымға жүктелген.
Біріншісі, Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов жетекшілік ететін комиссия. Екіншісі, Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті. Үшіншісі, басқарушы компания. Активтерді қайтарудың жүйелі шараларын, тетіктері мен тәсілдерін комиссия енгізіп, бізге береді. Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті ретінде активтерді анықтау, оларды тексеру, баға беру, ұсыныстар әзірлеу бойынша негізгі функцияларды атқарамыз. Үшінші құрылым басқарушы компания мүліктей, заттай қайтарылып жатқан активтерді басқару, олардың сақталуын қамтамасыз ету, сатумен айналысады. Ол қаржы арнайы мемлекеттің қорына аударылады, – деді Нұрдәулет Мықтыбекұлы.
Сонымен қатар ол заң бойынша активтерді қайтарудан түскен қаражат елге, қоғамға қажетті әлеуметтік және экономикалық жобаларға жұмсалатынын да атап өтті.
Нұрдәулет Сүйіндіков айтқандай, активтерді қайтаруды уәкілетті орган – құрылымында активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылған бас прокуратура жүзеге асырады. Премьер-министрдің басшылығымен активтерді қайтару жөніндегі комиссия құрылды, комиссия құрамында – Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және т.б. Мемлекетке қайтарылған активтер арнайы мемлекеттік қорда шоғырландырылады және жеке басқарушы компания басқарады. Одан әрі түскен қаражат бүкіл ел бойынша әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады. Қаражатты бөлумен Республикалық бюджет комиссиясы айналысады. Бақылауды жоғары аудиторлық палата жүзеге асырмақ. Ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есеп жыл сайын жұртшылыққа жеткізіледі.
Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков бүгінгі қозғалып отырған тақырыптың өте өзекті екенін тілге тиек етті.
Соңғы 20 жылда еліміздің азаматтары өзге елде компания ашып, сосын шетелдік инвестор ретінде бізге қаражат құяды. Сөйтіп, кірісті елде қалдырмай, сыртқа әкетеді. Бұл экономикаға, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Мүмкін осы бағытты зерделеу керек шығар, - деп ойын жеткізді институт директоры.
8 қараша күні Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысында 525 миллиард теңгеден астам сомаға мемлекет пайдасына ақша қаражатын беру және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы Заң субъектілерімен келісімдер жасасу мақұлданды. Жыл басынан бері Комиссия 900 миллиард теңгеден астам активтерді қайтару бойынша келісімді мақұлдады. Осы қаражатқа ел өңірлерінде бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы басталды.
Сонымен қатар, үкіметтің атына процестің өзінің ашықтығы сынға алынды, азаматтар заңсыз сатып алынған активтерді қайтару тетігі мен процесі туралы нашар хабардар. Пікірталас клубының отырысында спикерлер заңсыз сатып алынған активтерді елге қайтару процесі қалай іске асырылып жатқандығының нақты көрінісін көрсетті. Атап айтқанда, заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі қызмет туралы ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы, Қайтарымды басқару жөніндегі компанияның бас директоры Нұрдәулет Сүйіндіков таныстырды.
Ресми бағалаудан басқа, заңсыз активтерді қайтару процесіне, төлем балансы желісі бойынша капиталды қайтару мәселелері мен иесіз активтер проблемаларына сараптамалық баға берілді.