09.07.2025
17:24
3195
Шетелге шықпас бұрын ойланыңыз: Сіздің туркодыңыз бар ма?

Шетелге шықпас бұрын ойланыңыз: Сіздің туркодыңыз бар ма?

Астанадағы халықаралық әуежайда шетелге шығатын қазақстандық туристер үшін туркодтың түпнұсқалығын тексеруге арналған арнайы ақпараттық стенд қойылды. Бұл бастама «Туристік Қамқор» қорының және әуежай әкімшілігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Туркод деген не және не үшін қажет?

Туркод — сіз шетелге шығатын кезде туристік компания беретін арнайы бірегей нөмір. Ол сіздің сапарыңыздың қауіпсіздігіне кепіл болады. Туркодты ұйымдасқан туризммен айналысатын, азаматтардың құқықтарын қорғаудың арнайы жүйесіне қосылған компаниялар ғана береді. Туркод арқылы туроператор сіздің шетелде жүрген кезіңізде және елге қайтып оралғаныңызға дейін толық жауапкершілік алады. Туристік компаниялар мен туроператорлардың осы жүйеге кіретінін «Туристік Қамқор» қорының ресми сайтынан тексеруге болады.

«Туристік Қамқор» қоры 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 20 мыңнан астам турист қордың көмегіне жүгінген. Олардың арасында арнайы ұйымдастырылған рейстермен елге қайтарылғандар да, шетелде жүрген кезінде уақытша тұратын жері мен қажетті көмекке жедел түрде қол жеткізгендер де бар.

Сіздің шетелдегі қауіпсіздігіңіз ұшаққа отырғанда емес, турагенттікпен келісімшарт жасаған сәттен басталады. Туркод — сіздің сақтандыруыңыз, сенімділігіңіз және біздің жауапкершілігіміз, - деп түсіндірді «Туристік Қамқор» қорының басқарма төрайымы Инна Рей.

Бұл шараның маңызы ерекше. Ол Қазақстан Республикасының әрбір азаматына тікелей қатысты.Бүгінде көпшілік түрлі сапарларға шығып, әсіресе шетелге жиі саяхаттайды. Осындай сапарлардың барынша қауіпсіз болуы аса маңызды. Шетелде өзіңіз шешімін таба алмайтын күтпеген жағдай туындаса, жанынан көмек қолы созылатын мүмкіндік болуы керек. Міне, дәл осындай кепілдік - сіздің туркодыңыз, - дейді «Туристік Қамқор» қорының басқарма төрайымы Инна Рей.

Туркодты сіз туроператордан, яғни ұйымдастырылған туризммен айналысатын және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жүйесіне қатысатын туристік компаниядан тур сатып алған сәтте аласыз. Мұндай ақпаратты «Туристік Қамқор» қорының ресми сайтынан да таба аласыз.

Туркодты қалай тексереміз?

Астана әуежайында орнатылған ақпараттық монитор арқылы туристер өз туркодын жылдам тексере алады. Ол үшін тек сенсорлық экранға туркодты енгізу жеткілікті. Егер туркод базаға тіркелмеген болса, жолаушы бірден жүйенің әкімшісіне жүгіне алады.

Сонымен қатар туркодты Turcode KZ мобильді қосымшасы арқылы да тексеруге болады. Қосымшада сіздің сапарыңыз туралы барлық мәліметтер сақталады. Бұл - қазақстандық турист үшін әуежайда да, шетелде де, күтпеген жағдайларда да сенімді көмекші.

Әр туристік компанияға барғанда, туркод беріле ме, соны міндетті түрде сұраңыз. Өйткені туркод — сіздің шетелдегі демалысыңыздың қауіпсіздігі мен елге аман-есен оралуыңызға туроператордың толық жауапты екенін білдіреді. Туркодтарды тіркеу және қажет жағдайда көмекті қаржыландыру жұмыстарын қор атқарады, - дейді «Туристік Қамқор» қорының басқарма төрайымы Инна Рей.

Жалған туркодты не істеу керек?

Инна Рей кейбір компаниялардың туркодты қолдан жасап беретінін де ескертті. Қор қазіргі таңда осындай алаяқтық істерге қатысты бірнеше сот процесіне қатысып жатыр. Егер сіздің туркодыңыз жалған болып шықса немесе күмән туса, бұл туралы тез арада «Туристік Қамқор» қорына хабарлау қажет.

Енді дәл осындай ақпараттық тексеру панельдері жақын арада Алматы мен Шымкент әуежайларында да орнатылады. Егер жоба сәтті сынақтан өтсе, мұндай стендтер еліміздің басқа қалаларындағы әуежайларда да пайда болмақ.

Туркодты қалай тексеруге болады?

  • Turcode KZ мобильді қосымшасы арқылы (iOS және Android-та қолжетімді);

  • www.kamkor.kz қордың ресми сайтында;

  • Астана әуежайында орнатылған жаңа ақпараттық стендте (әзірге тек елордада іске қосылған).