Астанада шетелдіктерге қызмет көрсететін жаңа секторлар ашылады

27 Қыркүйек 2022, 18:29 2360

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің отырысында айтылды.

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында шетел азаматтарының келуі және кетуіне байланысты қаладағы ағымдағы жағдай туралы брифинг өтті, деп хабарлайды, El.kz.

Отырыста Астана қаласының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұхамбет елордаға келіп-кетіп жатқан шетелдік азаматтар туралы ақпарат берді. 

Оның айтуынша, жыл басынан бері Астана қаласына тұрақтаған 29 000-нан астам шетел азаматтары тіркелген. Оның 4000-ы ресейліктер. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 5000-нан астам шетелдік азаматтар жауапкершілікке тартылды. Оның 867-сі елден шығарылған.

«Шетелдіктерді шақырған және олардың елде болу ережелерін сақтауын қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалардың саны 1083 азаматты құрады. Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 93 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Олардың жеке басын анықтау үшін полиция департаменттік қызметкерлері 887 шетелдіктерді қабылдау, тарату орнына қамады. Тіркеу және құжаттандыру ережелерін бұзғаны үшін  2866 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Арман Баймұхамбет.

Оған қоса Астана қаласының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы шетелдіктерге құқықтық заңнама негізінде тиісті ақпараттар беріліп жатқанын айтты.

«Көші-қон заң қызметінің қызметкерлері алдын алу іс-шараларын жүргізу кезінде, құжаттарды қабылдау, рәсімдеу барысында шетелдіктердің құқықтық жағдайы бойынша заңнаманың талаптары туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізеді», - деді ол.

Арман Баймұхамбет шетелдіктердің Қазақстан Республикасына келуі мен елде болуы үшін шетелдік азаматтарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті екенін атап өтті.

Сондай-ақ брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Динара Қуанышева шетелдіктерге қызмет көрсету үшін жаңа сектордың ашылатынын мәлімдеді.

«Шетелдік азаматтарға қызмет көрсету орталығының өтінішінің ұлғаюына байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Сауран 7 көшесінің бойынан 20 жұмыс орнынан тұратын қосымша сектор ашу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ шетелдіктерге қызмет көрсететін Нұрлы Жол вокзалында А82 көшесі бойынша орналасқан 15 жұмыс орны бар сектор жұмыс жасайды», - деді Динара Қуанышева.

Шетелдіктерге қызмет көрсетілуі үшін азамат жеке куәлігін апаруы қажет болады. Қызмет көрсету мерзімі 1 жұмыс күнін құрайды.

 


Ажар Лаубаева
Бөлісу: