Шетелдіктерден 800 доллардан алған такси жүргізушісінің үстінен іс қозғалды

25 Мамыр 2023, 13:35 645

Шетел азаматтарын жеткізіп, жол ақысына 800 доллар алған такси жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, 21 мамырда Алматы халықаралық әуежайы маңында ер адам Үндістаннан келген туристерге "Қонақ үйге дейін 1 мың теңгеге апарып тастаймын" деп такси қызметін ұсынып, өз көлігіне отырғызған. Алайда ол қонақ үйге жеткенде ол туристерден 1 180 АҚШ долларын сұраған, бермеген жағдайда "сөмкелерді қайтармаймын" деп қоқан-лоқы көрсеткен.

Сөйтіп шетелдіктер жүргізушіге 800 АҚШ долларын беруге мәжбүр болған. Үнді азаматтары бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына шағым түсірген.

Полицейлер 27 жастағы жігітті ұстады. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы (Бопсалау) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Өз кінәсін толық мойындаған ол шетел азаматтарына келтірілген шығынды өтеп берді. Өз кезегінде шетелдік туристер Қазақстан полициясына алғыс білдірді, - делінген хабарламада.

Такси жүргізушісінің көлігі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін және төленбеген айыппұлына байланысты арнайы тұраққа қойылды.

EL.KZ
Бөлісу: