Шетелдіктер Қазақстанды үлкен астық державасы ретінде таниды

23 Қаңтар 2023, 15:00 2227

Қазақ астығының тарихы

«Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы».

Қазақстан Республикасының қазіргі мемлекеттік ән ұраны міне, нақ осындай жолдармен басталады. Ал әнұран – халықтың тарихы мен тағдырының, арманы мен қайрат жігерінің, алға қойған мақсатының эпопеядан да үлкен ең қысқа баяны. Сондықтан да әнұранның әрбір жолы ғана емес, әрбір сөзінің өзі үлкен салмақ арқалайды.

Міне, осы тұрғыдан алғанда, Еуразия секілді алып құрлықтың кіндік тұсында орналасып, Алтайдан Каспийге, Қаратаудан Тобылға дейін созылып жатқан, қойнауы құт, жері  байтақ елдің басты ұранының  дәл осылай деп басталуы біз үшін адамның аузына Алланың өзі салған сөзіндей ерекше тартымды, әрі қасиетті көрінеді.

...Иә, қазір Қазақстанды үлкен астық державасы ретінде бүкіл әлем тани бастады. Ол қазір  құрамына астықтың аса ірі экспортаушылары мен импортаушылары болып табылатын 14 елі ғана еніп отырған Халықаралық астық кеңесінің мүшесі ретінде бүкіл планета халқының астық саясатын жүргізушілер қатарына қосылды.  Еліміз  2010 жылы жан басына шаққанда астықтың келетін ең мол көлемі жөнінен дүние жүзі бойынша  бірінші орынға табан тіресе, сонан кейін ұн экспорты жөнінен де  бірінші орынға көтерілді. Ал астық экспортының жалпы көлемі жөнінен АҚШ, Канада, Австралия, Аргентина, Еуропа одағы, Ресей, Украина секілді мықты мемлекеттер арасында әлі де ашыла түсетін әлеуеті мол ел ретінде көзге түсуде.

Бұл мақтаныштың өзіндік мәні де жоқ емес. Осыдан сексен-тоқсан  жыл бұрын өткен еліміздегі жұт жылдарының ащы зардабын халқымыз әлі ұмыта қойған жоқ. Аса үлкен аумақты шарпып өткен осы ауыр оқиға салдарынан  «малды бай бір жұттық» дегендей мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ халқымен қатар ежелден егіншілікті кәсіп еткен украиндықтар да аз қырылмапты. Неге? Себебі бұл оқиғаның құрғақшылық секілді табиғи сипатынан гөрі адам қолымен ұйымдастырылған саяси сипаты басым түскендігін тарихшылар дәлелдеген. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран аясында өткен сол зобалаңда бүкіл Орталық Азияда ең тоқ қала Ташкент болып есептелді. Бұл жайында «Ташкент-город хлебный» деген кино да түсірілді. Ал енді қазіргі заманның тоқ қаласы айналасы астық тұнған Астана болып отырғандығы белгілі.

Осы жетістіктерді алдағы уақытта сақтап тұра аламыз ба? Дамудың қандай қосымша мүмкіндіктері бар? Қазақстан астық өндірісінің жағдайы мен оның сауда-сатық мәселесіне алдағы уақыттары қандай факторлар ықпал етуі мүмкін. Төменде осы жайында әңгіме қозғамақпыз.

Қазақ астығының тарихы

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары Қазақстан жеріндегі астық өндірісінің тарихы ерте замандардан басталатындығын, мәселен біздің заманымызға дейінгі ғасырларда Арал өңірінде өмір сүрген сақтардың, Шу алқабын қоныстанған үйсіндердің, Сыр мен Талас өзендерінің бойын жайлаған қаңылы тайпаларының мал шаруашылығымен қатар егін салу ісімен айналысқандығын тілге тиек етеді. Тіпті қазіргі канал сөзінің шығуының өзі  арық тартып, егіншілік жүргізген қаңылы тайпаларының атымен тығыз байланысты деген болжам да барын, еске сала кетсек артық болмас. Ал сақтардың өздері өмір сүрген дәуірде бидай, тары, арпа егіп, адамзаттың алды болып темір қорытқанын көптеген ғылыми деректер қуаттайды.

Жалпы Қазақстандағы Сырдария, Талас, Шу өзендерінің бойы мен ежелгі Жетісу жерінде алғашқы қалалардың пайда болуына негізінен екі үлкен фактор әсер етсе керек. Соның біріншісі – бұл өңірлердің сулы, ауа райының жылы да жайлы, жаздың ұзақ, қыстың қысқа болуы. Осы жағдай егіншіліктің өркендеуіне алып келді. Ал егіншілік болған жерде отырықшылық өмірдің болатындығы, адамдардың топтасып тірілік құра бастайтындығы, адамдар топтасқан жерде алыс-берістің, сауда-саттықтың дамып, кәсіп бөлінісінің туындайтыны, мұның арты қалаға тән тірлікке ұласатындығы  түсінікті.

Екінші фактор – Қытайды батыс елдерімен байланыстыратын Ұлы Жібек жолының ашылуы. Осы жолдың бойында ары-бері сабылған керуеншілер үшін тоқтап тынығатын бекеттер қажет болды. Осы бекеттердің ең қолайлылары бірте-бірте ары-бері өткен керуеншілердің тоқайласып, өзара туарлар алмастыратын, сауда-саттық жүргізетін орындарына айналып, қала құрылысының өркендеуіне негіз қалады.

Археология институтының ғалымдары ІХ-ХІІ ғасырлар аралығында өркендеп, дамыған Отырар қаласының маңайы суармалы егіншіліктің ірі орталығы болғандығын айтады. «Мұнда егіс алқаптары көп тармақты суару жүйелерімен жабдықталған. Су жолы Арыс өзеніндегі су қоймасы арқылы жүргізіліп, оның бір саласы Отырар қаласына келсе, екінші саласы Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Марданкүйік қалаларының халқын сумен қамтамасыз етті» делінген ғалымдар жазбасында.

Дегенмен ХІІ-ХІІІ ғасырларда Қазақстандағы қала құрылысы мен егін шаруашылығы қатты тоқыраушылыққа ұшырай бастады. Оған Қазақстан мен Орталық Азия аумағын мекендеген елдерге жасалынған Шыңғыс хан әскерлерінің жорықтары үлкен әсер етсе керек. Жалпы монғолдар мен жоңғарлардың біздің қазақ халқынан бір айырмашылығы, олардың өз замандарында тек қана мал шаруашылығы мен аңшылықты кәсіп еткен және әскери өмірге негізделген таза көшпенді мемлекеттер болғаны. Егіншілік кәсібі, біздің білуімізше, бұл елдердің тарихына тән емес. Оларға қала тұрмысы мен егіншілік кәсіптің жат болғандығын монғол шапқыншылығы тұсында жайқалып өсіп тұрған егістіктер мен өркендеп келе жатқан қалалардың ат тұяғына тапталғандығы, өртелгендігі туралы бізге жеткен тарихи деректер дәлелдей түседі. Ал ұзаққа созылған жоңғар шапқыншылығы ұрпақтар жадында халықтың өзінің қоныс тепкен мекенінен жаппай қозғалып, Алтай мен Алатаудан, Қаратау бойынан орталық және батыс өңірлерге қарай босуын білдіретін  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасымен жатталып қалды.

 Сонымен Шыңғыс хан заманынан бастап орыс бодандығына дейінгі аралықтағы 5-6 ғасырға созылған кезеңде халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне осы монғол, жоңғар шапқыншылықтарының ықпалы зор болды деп айта аламыз.  Бұл жағдай жердің молдығы мен судың тапшылығы секілді кейбір табиғи факторлармен қосыла келе Қазақстан жеріндегі отырықшылық өмірдің азаюына, бірыңғай көшпенді тіріліктің қалыптасуына алып келді. Бірақ соның өзінде де қазақ халқын монғолдар мен жоңғарлар секілді таза көшпенді ел деп айтуға келмейді. Өйткені Ыбырай Алтынсарин өзінің егін салып, астық өсірген қыпшақ Сейтқұл туралы мысал әңгімесін аспаннан алып жазған жоқ қой. Оның үстіне қазіргі жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының көпшілігі Қазақстанда отырықшылық өмірдің болып, қала құрылысының дамығандығын дәлелдеу үстінде.

 Тағы бір ескеретін оқиға ХҮ-ХҮІ ғасырларда Қытайды батыспен жалғайтын теңіз жолдарының ашылуына байланысты бірте-бірте Жібек жолының маңызының төмендей түсуі. Бұл жағдай да жол бойында қалыптасқан сауда-саттықтың азаюына себеп болып, отырықшылық тұрмысқа үлкен соққы болып тиді.

Столыпиннің аграрлық реформасын жүзеге асыру барысында 1906-1912 жылдар аралығында Қазақстан жеріне 438 мыңнан астам шаруа қоныс аударды. Оларға 17,4 миллион десятина жер кесіліп берілді. Сөйтіп қазақтардың бұрыннан игерілген, суару жүйелері, отырғызылған ағаштары, салынған үй қоражайлары бар шұрайлы жерлері келімсектер үшін тартып алынды.

Алайда бұдан егін шаруашылығымен тек орыстар ғана айналысқан екен деген ой тумаса керек.

ХІХ ғасырда қазақ даласына жүргізілген түрлі реформалар нәтижесінде малы аз кедей шаруалар көшпелі ауылдан бөлініп, қыстаулар маңында егін салып, шөп шауып өмір сүре бастады. Олар бидай, тары, арпа, сұлы екті. Жерді суару үшін тоған, арық сияқты жүйелер салынып, оларды пайдаланудың бір тәртіпке келтірілуі егіншіліктің өзіндік дәстүрі болғандығын көрсетеді. Әрине, бұл істе Қазақстанға қоныс аударып келген орыс шаруаларының да әсері болғандығын жоққа шығармаймыз.

Құрғақшылық уақытта егін суарудың дербес жүйесі қалыптасқандығының куәсі – Ақжар маңында Қараша тоғаны, Құрман қажы, Қоңыр қажы тоғандары, XVІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХІХ ғасырдың басында Базар өзенінен тартылған Жәмбике, Төре, Қарғыбадан тартылған Көкбұқа тоғандары ХХ ғасырдың 40-шы жылдарына дейін пайдаланылды.

Қолдан суару тәсілінің Өскемен, Зайсан уездері қазақтары арасындағы дамыған жүйесі ХІХ ғасыр басында Ертіс өңірінде Досан Ханбабин, Қылыш Досанов, Қарағұл Досанов, Мұсарапай, Темірхан Тауымов сияқты сұлтандардың иелігіндегі егістік жерлерінде пайда болып, ұзақ уақыт бойы жұмыс жасады. Ал, қолдан суарылмайтын жерлерде егіншілікпен тау етегінде, құнарлы жерлерде отырған қазақтар айналысты. 1891 жылы Зайсан уезінде отбасылардың 52,4 пайызы, Өскемен уезінде 60,7 пайызы егіншілікпен айналысқан.

Демек, қазақтар қосалқы кәсіп түріне жатқызғанымен, шынтуайтына келгенде егін шаруашылығы да едәуір дамыды. ХІХ ғасырдың соңына таман өлке тұрғындары үшін маңызы арта түскен сауда-саттықта мал шаруашылығы мен егін өнімдері айырбас саудаға түсуі соның бір дәлелі.

Ал Қазақ-совет энциклопедиясында елімізде 1913 жылы 414,5 мың гектар егістік жер болып, оның 250,7 мың гектарына бидай салынғандығы, 1950 жылы оның егістігі 4 миллион 024 мың гектарды құраса, тың игеру нәтижесінде 1960 жылы 18 миллион 062 мың гектарға жеткізіліп, төрт жарым есе ұлғайтылғандығы жазылған. Төртінші бесжылдықта егіс көлемі 1 миллион гектардан астамға ұлғайтылды. 1950 жылы астықтың жалпы көлемі 4 миллион 765,4 центнерге жетіпті.

 1961-1965 жылдар аралығында елімізде орта есеппен жылына 11,1 миллион тоннадан астам бидай жиналған.

Еліміздің өз тәуелсіздігіне ие болуы Қазақстанды астықты ел ретінде бүкіл әлемге әйгілі етті. Кеңес одағы кезінде көп күшке түсетін миллиард пұт астықты жылма жыл алу дәстүрі қалыптасты. 2011 жылы елімізде 26,9 миллион тонна астық бастырылып, 1,6 миллиард пұт астық отан қамбасына құйылды. Бұл біздің тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткішіміз болды.

Талдыбек Санатов
Бөлісу: