Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті тұрақты негізде көлік құралдарының импортын маркалары, үлгілері, әкелінетін елдері, баға диапазондары тұрғысынан талдайды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін МКК-ның интернет-ресурстарында баға туралы ақпарат жарияланады – делінген комитеттің түсіндірмесінде.
Сонымен қатар, сайтта кедендік төлемдердің ставкаларын қараудың қосымша мүмкіндігі бар. Бұл негізінен азаматтарға кедендік төлемдер сомасын алдын-ала есептеуге мүмкіндік береді.
Алайда, бірқатар кәсіпкер немесе делдалдар кедендік құнын төмендетіп, бюджет кірісінің көлеміне тікелей әсер етуде. Биыл 1164 көліктің құны 300-ден 3000 долларға дейін декларацияланбақ болған – дейді комитет мамандары.
Олар осыған қатысты бірнеше мысал келтірді.
Грузиядан әкелінген 2020 жылғы Toyota Camry. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кедендік рәсімдеу кезінде 1300-ден 17500 долларына дейінгі диапазондағы бағаны мәлімдеген, орташа мәлімделген баға 11000 доллар. Грузиядағы автомобильдерді сату сайтында (autopapa.ge) осыған ұқсас тәуір көліктер 20000-нан 27000 долларға дейін бағаланады. Жарамсыз көліктердің құны 12000-18000 доллар аралығында – дейді мамандар.
Мамандардың айтуына қарағанда, алыпсатарлар люкс көліктерінің құнын да төмендетуге тырысып отыр.
2021 жылғы Mercedes Benz AMG G63 - $8500, 2021 жылғы Toyota Land Cruiser 300 - $15000, 2021 жылғы LEXUS RX 450H - $4500 көлемінде баға көрсетілген. 2022 жылдың І жартыжылдығында көлік құралдарының барлық құнын 53 миллион доллар кемітіп көрсеткені анықталды, олардан 6,5 миллиард теңге қосымша кедендік баждар мен салық алынды – дейді комитет.
Сонымен қатар кірістер комитеті «егер автокөлік иелері көлікті сатып алғанын растайтын құжаттарды ұсынса, онда кедендік рәсімдеу декларацияда көрсетілген құн бойынша жүзеге асырылады» - деді.