Шетелдік талапкер британдық университеттің Ақтөбедегі кампусына оқуға түсті

16 Шілде, 12:50 861

Арсений Минин Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі кампусына ақылы бөлімге құжаттарын тапсырды. Болашақ студент Ресей азаматы болғанымен Қазақстанда жоғары білім алуды ұйғарған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шотландиялық оқу орнының Ақтөбедегі кампусы туралы әкемнен білдім. Ол интернет желісінен Жұбанов университеті базасында Heriot-Watt University филиалы ашылғаны туралы мақала оқыған. Осы уақытқа дейін басқа жоғары оқу орнына тапсырамын деп жоспарлаған едім, десе де дәл осы университетте оқығым келетінін түсіндім. Heriot-Watt – менің келешегіме, Қазақстандағы және шетелдегі болашақ мансабыма жол ашатынына сенімім мол. Әсіресе, оқу бітірген соң қазақстандық және британдық үлгідегі қос диплом берілетіні ұнады. Бұл әлемнің кез келген жерінде сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді, - дейді Арсений.

Арсений Минин ақпан айында Heriot-Watt университетінің тестілеу емтиханына қатысқан.

Мұндағы оқыту жүйесінің ағылшын тілінде өтетіндігінен қорықпаймын. Өйткені бала күнімнен ағылшын тілі курстарына қатысып келемін. Ағылшын тілін еркін сөйлеу үшін тәжірибемде жиі қолданамын. Әртүрлі елдердің азаматтарымен, олардың диалектілерімен сөйлесуге тырысамын. Ал техникалық білімге келер болсам, мектепте математикаға бейім сыныпта оқыдым. Сондай-ақ әрдайым бағдарламалауға және жалпы IT саласына қатысты барлық нәрселерге қызығушылығым бар, - дейді талапкер.

Heriot-Watt-тың болашақ студенті “Компьютерлік инженерия” мамандығын таңдады.

Бұл мамандық өзектілігін жоймайды деп ойлаймын. Күн сайын бұл саладағы мамандарға сұраныс артып келеді. Бәсекелестік күн сайын артуда, бастысы үнемі ізденісте болып, жаңа білім алу керек. Алдағы уақытта өзімді жасанды интеллект саласында көремін. Бағдарламалық жасақтаманы әзірлеумен қатар ойын индустриясына да қызығушылығым бар,-дейді Арсений Минин.

Ол биыл Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі кампусының ақылы бөліміне құжат тапсырған алғашқы студент емес.

Айта кетейік, 20 маусымда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қабылдау комиссиясының жұмысы басталды. Жұбанов университеті базасында орналасқан шотландиялық Heriot-Watt университетінің кампусы бакалавриаттың үш білім беру бағдарламасына 6В06107 «Компьютерлік инженерия», 6В07108 «Электроэнергетика» және 6В07209 «Мұнай инженериясы және энергоменеджмент» мамандықтары бойынша оқуға түсуге өтініштер қабылдайды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Heriot-Watt кампусының қабылдау комиссиясы Ақтөбеден басқа Астана, Алматы, Орал, Атырау, Ақтау, Қызылорда сияқты қалаларда жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Жұбанов университеті базасындағы Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі кампусына оқуға түсуге ниетті талапкерлер үшін 24 шілдеге дейін әр жұма сайын ағылшын тілінен тестілеу емтиханы өткізілетінін естеріңізге саламыз.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: