Шетелдік қонақтар: Қазақ тілі сондай сұлу тіл. Әуен сияқты

19 Қазан 2018, 12:07 3584

Қызмет бабына қарай Қазақстанға шетелден келген қонақтармен сұхбаттасудың сәті жиі түседі. Кейде олардың қазақ аудиториясына, қазақ тілді ортаға түскенде қысылып қалатынын көріп, өзіміздің басқа тілдерді білмейтін адамдардың шет елге барғанда осындай  күй кешетінін түсінемін.

Сондықтан да, елімізде жүргізіліп жатқан үш тілді білу бағдарламасы – жастардың еркін, бәсекеге қабілетті болуына жол ашатынына сенемін.

Қазақ жастарына шет тілін, әсіресе, Елбасымыз айтқандай, ағылшын тілін білудің бір артықшылығы – кез келген елде еркін жүре аласың. Өйткені, қазір ағылшын тілі әлемнің түкпір-түкпіріне жетті.

Сондай-ақ, шет тілін білу – өз елімізге келген шетелдік қонақтармен еркін сұқбаттасу мүмкіндігін береді. Ал, оларға жол көрсетіп, кеңес беріп, көмектесе алу – қонақтардың алдында қазақ жастарын жақсы қырынан көрсететін мүмкіндіктердің бірі. Реті келгенде, шетелдіктермен сөйлесіп тұру – тіліңді дамытатын жақсы жаттығу.

Астана қаласының көші-қон қызметі алпыс мыңнан астам шетелдіктің елордада тіркелгені туралы хабарлағанда, олар біздің елде тұрғысы келсе, Қазақстанды, жалпы бізді ұнатқаны ғой деп ойладым. Біз осында жүріп байқамаған артықшылықтарды шетелдіктер байқаған болар. Олар біздің елге, Астанаға не мақсатпен келген екен? Неге екенін білмеймін, олардың пікірлерін білгім келді.

Шет елде оқып жүргенде байқағаным, жалпы, шетелдіктер тез жиналып, тез жолға шығып кетуге бейім болады екен. Олар жаңаны білуге, көруге құмар. Жастар ғана емес, жасы үлкен кісілер де әлемді тануға ұмтылады. Ағылшын тілін білетінім олардың айтқандарын аудармасыз түсінуге, ішкі толғаныстарын сезінуге көмектеседі.

Теледидарда Хелен есімді әйел сұхбат беріп тұрды. Астанада білім саласында қызмет етуге келіпті. Өзі Нидерландыда тұрады екен. Әуелі қыста аяздың отыз градусқа дейін жететінін естісе де, онша мән бермегенін, бірақ тап мұндай аязды көрмегенін айтып күледі.

Әсіресе, оған біздің аспанымыз ұнапты. «Бұл жердің аспаны сондай биік әрі шетсіз-шексіз. Менің алғашқы байқағаным сол болды. Бізде, Нидерландыда, аспанды ұдайы бұлт торлап тұрады. Ал сіздерде аспан  көкпеңбек екен» дейді ол.

Ал біз оны байқай бермейміз.

Бір мезгіл аспанға қарап тұру керек екен. Арманың биіктей түседі.

Швейцарияның елшісі Урс Шмид мырза зайыбы Люция ханыммен бірге Қазақстан туралы сүйсіне әңгімелейді. Бізге дейін бірқатар шет елдерде қызмет еткен олар, Азияға бірінші келулері екен. Неше түрлі дамыған елдерде қызмет етсе де, олар Астананы көргенде таң қалыпты. «Көз алдыңда өсіп келе жатқан қалада қызмет ету – тағдырдың бізге берген үлкен мүмкіндігі» дейді Урс мырза.

Люция үшін ең үлкен проблема – тілдік кедергі болып шығыпты. Қазір талпынып, қазақ тілінің кейбір тіркестерін жаттап алыпты. «Сәл баяулау сөйлесе, түсінемін» деп күледі Люция ханым. Көптеген қызметтердің, әсіресе таксидің диспетчерлері ағылшын тілін түсінбейтініне нали отырып, тілге байланысты проблемаларға өздері де кінәлі екенін атап көрсетті. 

«Қазақстанның адамдары ұнайды» дейді ерлі-зайыптылар бір ауыздан. Олар тұратын Швейцарияда адамды қонаққа шақыру үшін оны кемінде бір жыл біліп-тануың керек екен. «Ал, қазақтардың есігін ашып тұрып, төрге шақыратынына қайран қалам. Әр есіктің ар жағында досың тұрғандай сезінесің» дейді елші мырза.

Әрине, біз «Әр қазақ – менің бауырым» дейтін халық емеспіз бе!

Астанаға Лондоннан қызметке келген Джеки Дэвис, Астанадағы Haileybury School Astana мектебінде экономикадан сабақ беретін Роберт Гриффитс пен олардың қызы, студент Каталина Гриффитс-Дэвис Қазақстан астанасы туралы қуана әңгімелейді.

«Әрине, ең тамаша әсер қалдыратын – осы жақтың адамдары мен қаланың сәулеті, - дейді Роберт. – Бірақ мен үшін ең қуаныштысы – жарықтың көп екендігі. Тіпті қыстыгүні де кеш ерте түспейді. Ал бізде, Лондонда, сағат төртке қарай қараңғы түсе бастайды».

Астана сәулетінің көз тойдыратынын Каталина да байқапты. Ол тіпті жаяу қыдырып, әдемі ғимараттарды қарап жүргенді ұнатады екен. Әсіресе, жаз айларында, күн батып бара жатқанда қала ертегідегідей болып көрініп, қиялыңа қанат байлағандай әсер ететінін айтты.

Джеки болса – өте көңілді әрі бауырмал адам. Бірде, «Алаша» мейрамханасына барғанда, әр жерде отырған адамдарды ортаға шақырып, билеткенін күле еске алды. Бір қызығы, олардың туған қалаларында ересек адамдарға арналған би билейтін клуб жоқ екен. Оған Астанада кез келген жастағы адамдардың ортаға шығып, билей алатыны қатты әсер етіпті.

Сондай-ақ, олар қазақтың ұлттық тағамдарын ұнататындарын және олардың, соның ішінде жылқы етінің дәмін, алғаш рет осында келгенде татса да, енді өмір бойы сүйікті асы болып қалатынын жарыса айтты. Күш-қуат беретініне қоса, бұдан кейін «денсаулыққа пайдасы мол» ас ретінде дәріптеп жүретіндерін де айтты.

«Міне, біздің тамағымыз қандай!» деп ойладым мен.

Астанаға қызметпен келетіндердің ішінде негізінен дипломатиялық қызметке, білім саласына – мектептер мен институттарда шет тілін оқытуға немесе пәндерді шет тілінде оқыту мақсатында келетіндер көп.

Солардың ішінде елордада біраз уақыт тұратындар, осы жерден көптеген достар тапқандар, тіпті, басқа елдерге кеткісі келмейтіндер де бар. Мэттью мен Лилиана – солардың қатарында. Олар Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары. Өз жұмыстарын «балалардың білімін ұштап, олардың халықаралық жоғары оқу орындарына түсуіне көмектесеміз» деп түсіндірді. Болашаққа жоспарларын сұрағанда, Астананың өздерін баурап алғанын, егер қажет болса, қызмет ету шарттарын әлі де ұзартқылары келетінін айтты.

Астананы алғаш көргендегі сезімдері екі түрлі екен: күйеуі «бір жағында ескі үйлер, бір жағында зәулім жаңа үйлер – қызық жоспарланған қала екен» деп ойлапты. Ал келіншегі, «ең бастысы, бұл – қауіпсіз қала екенін бірден түсіндім, - дейді. - Бір жаққа баруға еш қорықпаймын, өйткені, Астана – өркениетті қала, кез келген уақытта далаға шыға беруге болады».

Қазақ жастары туралы сүйсіне айтты. Олардың ұстазға асқан құрметпен қарайтынын, бірақ, өз пікірлерін айтудан жасқанбайтынын жоғары бағалайды екен. «Бұл жақта өтірік күліп, шын ойыңды бүгіп қалу деген жоқ. Бәрін ашық айтып, мәселені бірден шешіп алады. Маған осындай қарым-қатынастар өте ұнайды», – дейді Меттью.

Алғашқы күндерін дүкенге, базарға барып, сатушыларға ыммен түсіндіріп,  азық-түлік алғандарын күле отырып, еске алады. «Сиырдың етін сатып алу үшін «муу» дедім, ал жұмыртқа сатып алуға барғанымда тауықтай қыт-қыттадым ғой!», – дейді Лилиана мәз болып.

Бірақ содан кейін қорытынды жасап, қазақ достарынан керек сөздерді үйрене бастапты. «Қазақ тілі сондай сұлу тіл. Әуен сияқты» дейді Лилиана.

Иә, біздің ана тіліміз – сұлу тіл!

Шетелдіктердің біздің Астанамыз, халқымыз, жастарымыз бен тіліміз туралы пікірлері Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түседі деген ойдамын.

Балжан  Ошақбаева,

БҰҰ Даму бағдарламасының қызметкері

 

  

 

 

 

 

 

Бөлісу: