Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерді заңдастыру науқанының аяқталуына екі апта қалғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл қаңтар айында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру шаралары басталды. Осы уақытқа дейін 161 мың автокөлік заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астам көлік иесі құжат тапсырды. Бұдан бөлек, 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор есепке қойылды.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 1 шілдеге дейін өтінім беруге болатынын еске салды. Одан кейін өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Сондай-ақ заңдастыру мерзімі ұзартылмайды.
Одан кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданатын болады, - дейді Сұлтанбаев.
Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және заңдастырылмаған автокөліктерді 5 жылға уақытша есепке қоюға рұқсат беріледі.