Шетелдің үздік оқу орнына шақырту алған ұстаз

25 Шілде 2022, 15:35 4752

Математика пәнінің мұғалімі Гүлзия Құрманқанмен сұқбат

Елімізде жыл сайын шетелге оқуға кетіп жатқан жастарымыздың саны артып келеді. Шетелде білім алу үшін шет тілін білу маңызды. Солардың ішінде ерекше жолмен шетелге оқуға мүмкіндік алған ауыл мектебінің мұғалімі – Гүлзия Құрманқан. Ол бізге ауылдан шықпай-ақ шетелдің үздік оқу орнына қалай шақырту алғаны және аз уақыт ішінде ағылшын тілін үйренудің оңтайлы жолдары туралы айтып берді.

Гүлзия Құрманқан Қытайда туып-өскен қандасымыз. Қытайдың Тарбағатай аймағы Шәуешек қаласында математиканы тереңдетіп оқытатын мектепті тәмамдаған. 2015 жылы еліміздегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларына математика пәнінен сабақ береді.


– Мен орта білімді Қытайдан алдым. Қытайдың білім саласы біздің елмен салыстырғанда мүлдем басқаша. Ол жақта шет тілдерге аса басымдық берілмейді. Қытай тілін әрдайым бірінші орынға қояды. Ал, біздің елімізде мектептен бастап бірнеше тіл білуге жағдай мен мүмкін бар. Сондықтан, жоғары білімді Қазақстанда алдым. Бірақ шет тілдерінен неміс тілін ғана оқыдым. Ол кездері тіл үйренуге аса құлшынбадым. Тек математика бағытына бет бұрдым. Оқу бітіре салысымен, Ұзынағаштағы орта мектепке жұмысқа тұрдым. 7 жылдан бері осы оқу орнында жоғары сынып оқушыларына алгебрадан, геометриядан сабақ беремін, – дейді Гүлзия Құрманқан.

Гүлзия ауыл мектебінде оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге және математикадан түрлі олимпиадаларға дайындаған. Шәкірттері өте белсенді және табанды екенін атап өтті.

– Мектепте оқушыларды түрлі олимпиадалар мен байқауларға дайындап жүрдім. Шәкірттерім біршама жетістіктерге де жетіп жатты. Бірақ, ауыл мен аймақтан асып шыға алмады. Олардың табандылығына қарай отырып, республикалық және халықаралық дәрежедегі байқауларға қатысатындай мүмкіндік бергім келді. Бірақ, ол үшін ағылшын тілін білу маңызды екенін түсініп, тіл үйренемін деп шештім. Сөйтіп бір күні әлеуметтік желіні ақтара отырып ағылшын тілін үйрететін ақылы курстар туралы көрдім. Бағасы қымбат болмағандықтан, неге өзімді сынап көрмеске деп ойладым. Бұрын- соңды онлайн курс оқып көрмегендіктен, оңайға соқпасын түсіндім. Бірақ, өзіме сеніп, бар ынтамды ағылшын тілін үйренуге қойдым. Алдына мақсат қойсаң ғана соған жете аласын. Сондықтан, мен өзім үшін емес, ең әуелі шәкірттерім үшін тіл үйрендім, – дейді мұғалім.

Гүлзия ауылдан шықпай ағылшын тілін бір жарым жылдың ішінде онлайн курс арқылы үйренген. Тіл үйрену оңайға соқпады. Сондықтан тіл үйренуді алфавиттан бастағанын айтады.

– Ағылшын тілін алфавиттан бастап үйрендім. Күніне 5-6 сағат уақытымды тілге үйренуге арнадым. Тіпті, жұмыста үзіліс уақытын пайдаланып ережелерді бір қайталап, сөздік жаттап отырамын. Міндетті түрде сөздік қорымды дамыту үшін күнделікті ағылшын тілінде кітаптар оқып, музыкалар тыңдап, түрлі бейнежазбалар көремін. Осылайша, ағылшын тілін ең төменнен бастап, жоғары дәрежеге дейін көтерілдім, – дейді мұғалім.

Осының арқасында IELTS емтиханын тапсырып, 9 жоғары балдан 7 балл жинап, АҚШ-тың ең беделді жоғары оқу орнына түсті.

– АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орны – Оңтүстік Флорида университетіне «Математикалық білім беру» мамандығы бойынша магистратураға оқуға түсіп, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты атандым. Бұл оқу орнында білім алғысы келетін қазақстандық жастардың қатары аз емес. Солардың ішінде мен де бармын. Менің Американың оқу орнын таңдаған себебім бұл елде жыл сайын емес, күн сайын түрлі өзгерістер болып тұрады. Сондай-ақ, адам еркіндігін өте жоғары бағалайды. Балалардың, жастардың құқығын өте қатты қорғайтын ел ретінде білемін. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасының сайтынан Американың ең мықты деген оқу орындарының тізімін қарап шығып, осы университетке тоқталдым. Оңтүстік Флорида университетінде жыл сайын ғылыми жобаларды қорғауға жұмсалатын қаржынын өзі 500-600 миллион доллар екен. Бұл дегеніміз ғылыми жобалармен айналысатын студенттерге барлық жағынан қолдау көрсетіп, мүмкіндік қарастырылығанын байқауға болады. Сондықтан ғаламтордан университеттің парақшасына өзімінің жұмыс тәжірибемді, IELTS емтиханынын нәтижесін, жетістіктерімді және шәкірттерімнің жетістіктерін жолдадым. Менің құжаттарымды көріп, көп ұзатпай оқу орнына шақырту жіберді. Сөйтіп, бірден «Болашақ» бағдарламасына құжаттарымды тапсырдым, – дейді Гүлзия.

Бір жарым жылдың ішінде тіл үйреніп, АҚШ-тың ең үздік университетіне оқуға түскенінде жақындары сенбегенін атап өтті.

– Алғаш рет оқу орынынан шақырту келген кезде, бірінші жақсы хабарды ата-анаммен бөлістім. Олардың да, менің де қуанышымда шек болмады. әріптестерім мені қолдап, тілектерін айтты. Ең бастысы шәкірттерімнің маған қарап үлгі алатынын естігенде қатты қобалжыдым. Ауылдан шықпай-ақ үлкен жетістіктерге жету мүмкін екенін олардың алдында ұстаз ретінде көрсеттім. Болашақта шетелде алған біліміммен, елімізге қайтып келіп әріптестеріммен және шәкірттеріммен бөліскім келеді. Сол үшін де еңбектенемін. Қазіргі таңда шетелге оқуға қызығушылық танытып, тіл үйренудің оңай әрі, тиімді жолдарын сұрап жатқан адамдар аз емес. Елімізде білім алу үшін барлық жағдай мен мүмкін қарастырылған. Шетелмен жоғары оқу орындарымен серіктесе отырып, біліміңді жетілдіруге де ешқандай тосқауыл жоқ. Сондықтан шет елден алған білімімді елімізге әкеліп жандандырамын, – деді Гүлзия Құрманқан.  

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Миражан Махан
Бөлісу: