Шетелден келетін маманнан тіл емес, кәсіби біліктілікті талап ету маңызды

30 Маусым, 20:15 757

Жақында  ғана қызметіне кірісіп, тілшілерге арнап брифинг өткізген футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақша сұрақ қойған тілшінің сауалына шамданған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырады. Дегенмен ресейлік бапкерді де ақтаушылар бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мысалы, желіде Әлішер Ілиясұлы есімді желі қолданушысы қалай десек те, елге қызмет етуге келген маманнан жұмысына қатысты нәтиже талап етпей, тілдік мәселе төңірегінде дау қоздыруды құптамаймын деп отыр.

Біріншіден, осетиндік азаматтың қазақ тілін білмейтіні айдан анық. Бұл уақыттың еншісіндегі дүние. Қазір федерация Станислав Черчесовтің қазақша үйреніп жатқаны туралы ақпарат жариялады. Сондықтан жаңа келген бапкерді жағадан алу мәдениеттілікке жатпайды.
Екіншіден, тіл, дін секілді нәзік тақырыптарда мемлекеттік тұрғыдан ойлап, елдің абыройын да естен шығармайық. Егер шет елден келген әр маманға жұмыс істеуге мүмкіндік бермей, қазақша сөйлеуін ғана талап етсек, шетелдіктер біздің ел туралы не ойлайды? - дейді желі қолданушысы.

Ол журналистер қашан да кәсібилік танытуға тиіс. Тілшінің міндеті обьективтілік, көтерілген мәселені көпке жеткізу, шынайы ақпарат тарату деп отыр.

Ал журналист тақырыптан ауытқып, мін іздеп, басқа жаққа бұра тартса, қалай болғаны? Алдына келген маманнан қазақ футболын қалай дамытатынын, қандай жаңалық алып келетінін сұрасақ, мәселе басқа еді. Сондықтан бұл жерде ұлтшылдыққа салудың, араздық қоздырудың қажеті жоқ. Ең бастысы, елдік мүддеге жұмылып, кәсібиліктің, биік мәдениеттің шекарасынан аттамай, байыптылық танытқан абзал деп ойлаймын, - дейді Әлішер Ілиясұлы.

Ал қоғам белсендісі Марғұлан Ермағанбетұлы қазақ тілін үйренуді шетелдіктен талап етпес бұрын, алдымен қазақтар ана тілінде дұрыстап сөйлеп алуы керек деп отыр.

Біріншіден, ол қазақша білмейді. Оның миссиясы тілді үйрену емес, футболды көтеру. Тілді мүмкін асықпай үйренер, бірақ ондай міндет ешкім қойған жоқ. Қазіргі кезде футболды әлемдік деңгейге көтерудің үлкен міндеті тұр. Әлемді қойшы, аймақтан шығу да арман боп тұр. Енді бұл бағытта бас жаттықтырушы барын салуы керек және салып жүрген де шығар.

Черчесовтің ұлты орыс емес. Яғни орыс тілі ол үшін ана тілі емес. Дегенмен жұмыс тілі ретінде сол тілді қолданады. Жасы келген, сондай-ақ келісімшартқа сәл уақытқа келген адамға қазақ тілін үйрену маңызды емес. Оның үстіне кез келген футболшы орыс тілін түсінеді.

Бізде қазақ тілі оқырман мен саяси ұпай жинау құралы боп жататын тұстары бар екені рас. Реалистік көзқарас жоқ. Шуылдап жататындар да терең қарамайды. Ал Черчесовтің орнына Моуринью, Фергюсон келсе ше? Тілді үйрен деп айтасыздар ма?

Тіл мәселесінде сырттан келген біреуден емес, өз азаматтарымыздан талап етіп алайық. Тіпті өзге ұлт емес, мемлекеттік тілге «түкіріп» қойған өз қазағымызды жөндеп алайықшы. Оны қойшы, қазақ деп кеуде ұрса да, екі сөзден он қате жіберетін қазақ тілділер де аз емес, - деді ол.

Айта кетейік, Станислав Черчесов 3 маусымда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Ол тілге қатысты даудан кейін қазақ тілін үйрене бастады. Черчесовке қазақ тілінің белгілі маманы Қанат Тәсібеков дәріс береді. Бұл маман Черчесовтің тілге қабілеті бар екенін айтқан.

«Ситуативный казахский» әдістемем бойынша бірінші сабақты өткіздік. Станислав мырзаның тіл үйрунег қабілеті бар екен (неміс тілін өз бетінше үйреніпті), ең бастысы, қазақ тілді үйренуге ынтасы, ниеті бар адам екен, - деп жазды ол.

Зарина Арман
Бөлісу: