Шетелден 631 миллиард теңге қайтарылды

22 Желтоқсан 2022, 18:32 1856

14 миллиардқа жуық теңгеге прокуратура берген талап-арыздар қаралып жатыр

Олигополия меншігінен 398 мың гектар жер қайтарылды. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәжімбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Президент тапсырмасы бойынша активтерді қайтару және олигополиямен күрес жалғасуда. Арнайы комиссия жұмысымен мемлекетке 631 миллиард теңге қайтарылды. Оның ішінде 400 миллион доллар қылмыстық қудалау аясында шетелден қайтарылды. Олигополия меншігінен 398 мың гектар жер қайтарып алдық. Оның бағасы 6 жарым миллиардтан астам теңге тұрады», - деді ол Бас прокуратураның биылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Бас прокурор бұрын олигополия пайдасына шығарылған сот шешімдеріне наразылық енгізіп, нәтижесінде Жоғарғы сот 17 сот актісінің күшін жойды. Сол арқылы 600-ден астам темір жол тупиктері қайтарылды. Жол жүру тарифтері азайды. 21 миллиардтан астам сомаға мемлекет мүддесі қорғалды. Заңсыз алынған мемлекеттік объектілерді қайтару туралы прокуратура берген 6 талап-арыз қолдау тапты. Жалпы сомасы 14 миллиардқа жуық теңгеге прокуратура берген талап-арыздар қаралып жатыр.

«Қылмыстық жолмен алынған табыс және активтерді қайтаруға шетелдік әріптестерімізді тартып жатырмыз. Мысалы, қазан айында Кипрмен қылмыскерлерді беру және қылмыстық істер бойынша көмек көрсету туралы шарт жасалды. Жалпы қылмыстық-құқықтық салада Қазақстан 34 елмен шарттар бекітті. Олардың ішінде Қытай, АҚШ, Үндістан, Бразилия сияқты ірі елдер бар», - деді Тимур Тәжімбаев.

EL.KZ
Бөлісу: