Шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерь ашылды

19 Шілде 2022, 18:13 2204

Әлемнің әр түкпірінен 84 қазақ баласы келген

«Отандастар Қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен 12-17 жас аралығындағы шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерьдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz «Отандастар Қорының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 17-28 шілде күндері 12 мен 17 жас аралығындағы шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерь өтуде.

Лагерь Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучье көлінің оңтүстік шығыс жағалауында орналасқан «IQanat High School of Burabay» мектебінің базасында ұйымдастырылған.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұжырымдамасына сай талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым құндылықтарына негізделген бұл лагерьге Франция, Түркия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейден 84 қазақ баласы келген.

Сонымен қатар қазақтың ұлттық болмысы, салт-дәстүр, өнері мен заманауи білім, ғылым тенденцияларын оның ішінде STEM, робототехника, кәсіпкерлік, жобаларды басқару дағдылары ұштастырған.

Лагерьдің ашылу салтанатында «Отандастар Қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы қатысушыларды Балалар жылымен құттықтап, Атажұртқа келіп алаңсыз бой сергітіп, ой жинақтап, тамаша демалыс өткізуіне тілектес екенін айтты.

«Әр елден келіп, түрлі тілдерде сөйлеп өскен жасөспірімдер жинала қалса, бірін бірі тек қазақ тілінде сөйлегенде ғана түсіне алады. Осылайша тәжірибе жинап қазақ тіліне деген құштарлықтары оянады», - дейді акционерлік қоғамның президенті.

Шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерьлер 2019 жылыдан бастау алған еді. Сол жылы 5 түрлі бағытта жазғы демалыстар ұйымдастырылып 600 ге жуық қазақ баласы Қазақстанға келген болатын.

Бөлісу: