Шетелде қазақтың ұлттық киіміне сұраныс жоғары – дизайнер

18 Наурыз, 13:00 1059

Елімізде биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойлана бастады. Жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнаманың онкүндігі жарияланды. Оның бағдарламасына сәйкес, бүгінгі 18 наурыз күні Ұлттық киімге арналып отыр. Осы ретте қазақы нақыштағы эксклюзивті киім-кешік тігумен айналысып, ұлтымыздың ұлттық киімінің шетелге танылуына өз үлесін қосып жүрген талантты дизайнер Фарида Бердіханқызымен сұхбат құрдық.

«Ұлттық киім күні мерекесі ауадай қажет»

Фарида Бердіханқызы халқымыз үшін Наурыз мерекесінің жаңа форматта тойланатыны өте керемет жаңалық болды деп есептейді.

Менің ойымша, әрбір қазақ – өз елінің мәдениетімен, салт-дәстүрімен, ұлттық кодымен таныс болып, оны өзге ұлт алдында мақтан тұтуы тиіс. Сондықтан да қазақ ұлтының бір бөлігі болып саналатын ұлттық киімге арналған мереке бізге ауадай қажет. Атаулы датада жастарымыз ұлттық киімді кию арқылы оның әдемілігін, ерекшелігін сезіне алады, – деп атап өтті дизайнер.

Фарида Бердіханқызы өнерлі отбасынан шыққан. Оның айтуынша, туыстары да жеті қырлы, бір сырлы болған.

Менің ата-әжем де талант иелері еді. Атам сандық жасаса, әжем кесте тіккен, киіз басқан, тоқыма тоқыған. Сондықтан да мен қазіргі таңда жасап жүрген дүниеме қан арқылы берілген дарынның, осы күнге дейін атқарған еңбегімнің арқасында жеттім деп ойлаймын, – деді ол.

Эксклюзив киімдер қалай дайындалады?

Кейіпкеріміз бүгінде шабытынан туған этно-стильдегі киімдердің өзінің тұтынушысына жеткенге дейінгі атқарылатын барлық жұмысты толыққанды қадағалайды.

Өз талғамыма қарай қазақы нақыш пен заманауи стильді біріктіріп эксклюзив киімдерді шығарамын. Яғни оның суретін салып, эскизін сызып, кестешіге, тігіншіге өткіземін. Біздің жұмысымызды толықтай өзім басқарамын. Киім ойымдағыдай шықпайынша тыным таппаймын, –  деді Фарида.

Дизайнер бір эксклюзивті киімнің өзінің дүниеге келуі өте ұзақ уақытты қажет етінін айтады.

Киімді тігетін матаның өзі эксклюзив болуы үшін оны қолжетімді жерден алмай, ойлап табу керек. Сол себепті ол мата өмірге келгенше бір ай уақыт кетеді. Ал тігуге бір аптадай уақыт қажет. Дайын болған киім сапалы ма шықты ма, жоқ па ол да тексеріледі, – деді ол.

Шетелде қазақтың ұлттық киіміне сұраныс жоғары

Кейіпкеріміз ұлттық киімді күнделікте өмірде кию дәстүрі еліміздің батыс өңірінде жақсы қалыптасқан дейді.

Қазақстанның солтүстік облысының ұлттық киімді күнде киюге көзі үйренбеген. «Ұлттық киімді Наурызда кимей ме?» деп айтатындар да бар. Этно стильдегі киімдерді дайындаудағы менің үлкен мақсатым – қазақ екенімізді көрсетіп, шетелге өз ұлтымызды таныту, – деп ойын білдірді дизайнер.

Фарида Бердіханқызы қазақтың ұлттық киімдерін тек Қазақстан бойынша ғана сатпай, шетелге де өткізеді.

Мен тігетін киімдердің матасы үлкен еңбекпен жасалады. Табиғи мата шетелде сұранысқа ие әрі өте жоғары бағаланады. Шынымды айтсам, оны Қазақстанда шетелдегідей онша бағалай қоймайды, – деді ол.

Ұлттық киім тігуге білім керек

Дизайнер бүгінде кейбір кәсіпкерлердің қатарында киімнің, оюдың тарихына үңілместен, оны қазақтың киімі деп сататындар бар екенін айтады.  

Ақша табу мақсатында сапасыз киімдер сататын кәсіпкерлер көбейіп кетті. Мәселен, киімді алып, оған әйтеуір бір оюды жапсыра салады. Бірақ ол қазақтың ба, моңғолдың ба, кімнің оюы екеніне бас қатырмайды. Негізі қазақтың киімге, бас киімге салатын, үй тұрмысына қолданатын оюы бөлек болады. Сондықтан ұлттық киім жасау кәсібімен айналысу үшін білім қажет, – деді Фарида Бердіханқызы.

Кейіпкеріміз өзі шығаратын ұлттық киімдердің бағасы қолжетімді деген ойда. Оның сөзінше, алдымен әр тұтынушының сұранысы ескеріледі. Егер арзан бағаға іздесе, инемен кестеленген киімдерді ұсынады. Қымбатырақ, сапалысын қараса, бізбен кестеленген, жібек матадан тігілген киімдерді береді.

Дизайнер этно-стильдегі киімдерді дайындаудан бөлек, әшекей бұйымдарды жасаумен де айналысады.

Бас киім, корсет, киімді әшекейлеу – менің жұмысым. Өз көмекшілеріме мұндай аса маңызды жұмысты сеніп тапсыра қоймаймын. Кейде тұтынушылар алдын-ала эскизін сұратып жатады. Бірақ мен өз талантыма қарай, әшекей бұйымдарды тек қажетті заттарды қолыма алған кезде ғана дайындап шығамын, – деді Фарида Бердіханқызы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: