Ғалымдар шет тілін неғұрлым ерте үйренсе, соғұрлым жеңіл болатынын бұрыннан айтып келеді. Енді нейропсихологтар бұл процесті адам дүниеге келмей тұрып-ақ бастауға болатынынанықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Монреаль университетінің зерттеушілері жариялаған Communications Biology журналындағы мақалада бірнеше апталық пренаталдық (яғни, жүктілік кезіндегі) тілдік әсердің өзі нәрестенің миындағы тілге жауап беретін жүйелерді қайта қалыптастыра алатыны жазылған.
Эксперимент көрсеткендей, жатырда естілген шет тілі жаңа туған нәрестенің миында ана тілін өңдейтін дәл сол нейрондық жолдар арқылы қабылданады. Ал бұрын мүлде естілмеген тілге ми басқаша реакция білдіреді.
Үш тілдегі бір әңгіме
Зерттеуге француз тілінде сөйлейтін 60 жүкті әйел қатысты. Оларға MP3-плеер беріліп, қысқа әңгіме француз және қосымша бір тілде — неміс не иврит тілінде жазылған.
Зерттеу авторы Андреанн Рене неге дәл осы тілдер таңдалғанын былай деп түсіндірді:
Біз француз тілінен фонетикалық және дыбыстық тұрғыда өзгеше тілдер іздедік. Сонымен қатар мәтінді бір адам оқуы керек болды — сөйтіп дауыс айырмашылығынан туындайтын қателіктерді болдырмадық. Бақытымызға орай, үш тілде еркін сөйлейтін диктор таптық.
Жүктіліктің 35-аптасынан бастап әйелдер тыныш ортада, музыканы өшіріп, құлаққапты іштеріне қойып, жазбаларды қосып отырды. Орта есеппен әр сәби бұл әңгімелерді 25 рет тыңдаған.
Ми реакциясын өлшеу
Бала туғаннан кейін 10-78 сағат өткен соң зерттеушілер нәрестелерге сол әңгімені үш тілде — француз, жатырда естіген шет тілі және мүлде бейтаныс тілде қайта тыңдатты.
Ми белсенділігін өлшеу үшін ғалымдар жақын инфрақызыл диапазондағы функционалды спектроскопия әдісін қолданды — бұл әдіс ми қыртысындағы қанның оттекпен қанығу деңгейін тіркейді.
Рене бұл процесті былай түсіндірді:
Баланың басына шамдарға ұқсас сенсорлары бар арнайы бас киім киіледі. Инфрақызыл жарық мидың қыртысына дейін өтеді, ал датчиктер қан құрамындағы оттектің өзгерісін өлшейді.
Профессор Анн Галлахердің айтуынша:
Ми белсенді болғанда, оттек деңгейі артады, себебі сол аймаққа энергия қажет болады. Осы реакцияларды тіл өңдейтін ми бөліктерінен көруге болады. Біз жатырдағы тілдік ортаның әсері мидың тіл желілерін қалыптастыруға ықпал ете ме, соны тексердік.
Ерте тіл үйренудің әсері
Нәтижесінде балалар француз тілін естігенде сол жақ самай бөлігі мен басқа да тілге жауапты аймақтар белсенді болды — бұл ересектердегі қалыпты реакция.
Сол сияқты, жатырда естіген шет тілін тыңдағанда да ми дәл осылай жауап берді.
Ал мүлде бейтаныс тіл ми белсенділігін әлдеқайда аз тудырды және ешбір жарты шарда айқын басымдық байқалмады. Яғни, нәрестелер туғаннан кейін бірнеше сағат өтпей-ақ, жатырда естіген және бұрын мүлде естімеген шет тілдерді айыра алған.
Галлахер мұны былай қорытындылады:
Біз мұндай қысқа әсер нақты нәтиже береді деп күтпегенбіз. Бірақ күніне бірнеше минут тыңдау бірнеше апта бойы жалғасса да, ол ми нейрондық желілерінің құрылымын өзгертетінін анық көріп отырмыз.
Бұл жаңалық адам миының ерекше икемділігін, яғни туғанға дейін де бейімделе алатынын дәлелдейді.
Бұл тілдік жүйелердің қаншалықты икемді екенін көрсетеді. Бірақ сонымен қатар олардың нәзік екенін де еске салады: егер жақсы орта оң әсер етсе, теріс орта да керісінше әсер етуі мүмкін, — дейді профессор.
Болашақ зерттеулер
Ғалымдар бұл әсер ұзақ мерзімді бола ма, әлде жоқ па деген сауалға әзірге нақты жауап бере алмайды.
Біз балаларды әрі қарай бақылап жатырмыз. Мүмкін, төрт не сегіз айда әсер жоғалар, бәлкім сақталып та қалатын шығар, — деді Рене.
Бұл зерттеу тілдің дамуын тереңірек түсінуге жол ашып, даму ерекшелігі бар балаларға ерте көмек көрсету әдістерін жетілдіруге ықпал етуі мүмкін.
Біз әлі бұл мақсатқа жеткен жоқпыз, бірақ болашақта бұл тәсіл дамуы баяу балаларға қолдау көрсетудің бір жолына айналуы әбден мүмкін, - дейді Галлахер.
Қорытынды біреу ғана: бала алғашқы сөзін айтпай тұрып-ақ, ананың құрсағындағы жылылық пен тыныштықта тілмен таныса бастайды.