Шет елдерге қандай сомадағы қолма-қол шетел валютасын әкетуге болады?

1 Тамыз 2023, 07:26 1719

Сұраққа Қаржы министрлігі жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының Кеден кодексінің 343-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, егер ЕАЭО кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе ЕАЭО кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезінде мұндай қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің жалпы сомасы кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынған күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады.

Алайда, елдің ұлттық мүдделерін қорғау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығы қолданыста. Онда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге тыйым салынады.

Сонымен қатар, «Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі №124 шешіміне сәйкес, 16 жасқа толмаған жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтер, аталған тұлғалармен бірге жүретін тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтермен бірге бір жолаушы кедендік декларацияда көрсетіледі.

Осылайша, отбасының әрбір мүшесіне (оның ішінде 16 жасқа толмаған балалар да бар) 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан аспайтын қолма-қол шетел валютасын әкетуге рұқсат етіледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: