Шерзат Болаттың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сотталғандардың бірі — Думан Ысқақ — бостандыққа шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы марқұмның ісін жүргізген адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, Думан Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша, яғни ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Алайда сот тергеу изоляторында өткізген уақытты жаза мерзіміне толық есептеп, ол жазасын өтеп шықты. Осыған байланысты 2025 жылғы 23 шілдеде Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекова оның бұлтартпау шарасын жойып, босату туралы қаулы шығарған.
Бірінші сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеп қойғандықтан, Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекованың 2025 жылғы 23 шілдедегі сот қаулысымен бұлтартпау шарасы жойылып, Ысқақ қамаудан босатылды, – деді адвокат Мейірман Шекеев.
Айта кету керек, 5 маусым күні Талғар қаласында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесі аяқталып, іс бойынша соңғы үкім шыққан болатын.