01.10.2025
12:33
938
Шерхан Қалмырза: отандық футболдағы жаңа жұлдыз

Шерхан Қалмырза: отандық футболдағы жаңа жұлдыз

Алматыда өткен тарихи кездесуде «Қайрат» атақты «Реал Мадридті» қабылдады. Есеп жағынан испаниялықтар айқын басым түскенімен (0:5), бұл ойында көпшілікке ең есте қалған ойыншы «Қайраттың» жас қақпашысы Шерхан Қалмырза болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жас қақпашының батылдығы

18 жастағы Шерхан матч бойы талай қауіпті соққыны қайтарып, әріптестерін жігерлендіріп отырды. Әлемдік жұлдыздар – Килиан Мбаппе, Винисиус пен өзге де шабуылшылар бірнеше рет оның қақпасына қауіп төндіргенімен, жас қақпашы қаймықпай қарсы тұрды. Тіпті ойыннан соң оны қарсылас ұжымның қақпашысы Тибо Куртуа әлеуметтік желіде белгілеп салды. Қазір Шерханның Instagram парақшасында 178 мыңнан астам жазылушы бар. Осылайша, Қалмырза Қазақстан футболының жаңа жұлдызына айналып шыға келді. 

Футболға алғашқы қадамы

Шерханның спортқа қызығушылығы кішкентайынан басталған. Алдымен джиу-джитсуға қатысып, ерік-жігерін шыңдады. Кейін атасы – футбол бапкері Еділхан Рабаев немересінің футболға бейім екенін байқап, доп додасына жетеледі. Бастапқыда орталық қорғаушы болған жасөспірім қақпашының қателігін жиі байқайды екен, осыдан соң бапкерлер оның бойындағы қақпашылық қасиеттерді аңғарып, жаңа рөлді ұсынды. Осылайша Шерхан өзінің болашақ кәсібін тапты.

«Қайратқа» жол

Алдымен 12 жасында «Қайрат» академиясына шақырту алғанымен, дайын еместігін сезініп бармаған. Алайда екі жылдан соң қайта ұсыныс түсіп, ол бұл жолы өзі шешім қабылдады. Астанадан Алматыға қоныс аударып, кәсіби футболшы ретіндегі жолын бастады. Әрқашан табандылығымен ерекшеленіп, жасөспірімдер арасында да команда капитаны атанды.

Лидерлік қасиетімен танылды

Қалмырзаның алаңдағы басты ерекшелігі – лидерлік қабілеті. Жасы небәрі 18-де болғанына қарамастан, ол қақпа алдында сенімді ойынымен ғана емес, командаластарына дем беретін мінезімен де көзге түседі. Әдетте үйде жайдары, мейірімді Шерхан, алаңға шыққанда мүлде басқа кейіпке еніп, нағыз күрескерге айналады. Оның «Реалға» қарсы батыл ойыны – соның айқын дәлелі.

Үлгі боларлық жоба

Кешегі ойында жеңілсе де, «Қайрат» отандық жанкүйерлерге футбол мерекесін сыйлады. Түптеп келгенде, мұның бәрі талай жылғы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ал Дастан Сәтпаев секілді болашағынан зор үміт күттіретін футболшылардың, Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмырза секілді жас қақпашылардың халықаралық деңгейде мойындалуы Қазақстандағы академиялық футболдың маңызын дәлелдеп берді. Сондықтан өзге клубтар да дәл осындай орталықтар ашып, жас буынға инвестиция салуды қолға алуы керек. Себебі қазақ футболының ертеңі – бүгінгі шәкірттердің дайындығында.