2025 жылдың 12 қазанынан бастап Еуропалық Одаққа кірмейтін елдердің азаматтарына Шенген аймағының сыртқы шекарасынан өту кезінде жаңа ереже енгізіледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Шенген аймағына мүше 29 елде электронды Entry/Exit System (EES) жүйесі іске қосылады. Жүйе шекарадан өтуші үшінші ел азаматтарының биометриялық деректерін (саусақ ізі, бет бейнесі және паспорт мәліметтері) тіркеп, тексеріп отырады. Тексеру аэропорттарда, теміржол вокзалдарында, автокөлік өткізу бекеттерінде және теңіз порттарында жүргізіледі.
Жаңа ереже ЕО құрамына кірмейтін елдердің азаматтарына, яғни Шенген аймағына 90 күнге дейінгі қысқа мерзімді сапармен келетін тұлғаларға қолданылады.
Алайда Шенген аймағында тұруға рұқсаты (вид на жительство) бар шетел азаматтары бұл талаптан босатылады.
ЕО азаматтары мен тұрақты резиденттер үшін жеке кезек пен тексеру арнасы ұйымдастырылады. Олардан визамен қатар төлқұжат және тұру рұқсаты сұралады.
EES жүйесіне алғаш рет тіркелу кезінде азамат саусақ ізін тапсырып, суретке түседі. Бұл деректер жеке цифрлық профиль түрінде базаға енгізіледі. Кейінгі сапарлар кезінде биометриялық сәйкестендіру осы жазбамен салыстырылады.
12 жасқа дейінгі балалардан саусақ ізі алынбайды.
Тіркеу арнайы EES терминалдары немесе шекарадағы автоматтандырылған құрылғылар арқылы жүргізіледі. Бұл құрылғылар биометриялық паспорт иелеріне ғана қолжетімді болады.
EES жүйесі бірден емес, 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. Сол уақытқа қарай паспорттағы мөр басу тәжірибесі электрондық жазбамен алмастырылады.
Әрбір ел жаңа жүйені өз мүмкіндігі мен инфрақұрылымына қарай енгізеді. Мысалы, Чехия, Эстония және Люксембург EES жүйесін толық көлемде 2025 жылғы 12 қазанда іске қосады.
Германия алдымен Дюссельдорф әуежайында сынақ режимін бастайды, кейін ол Франкфурт-на-Майне және Мюнхен әуежайларына таралады.
Алғашқы алты ай бойы бұрынғы тексеру жүйесі де қатар қолданылады — яғни паспортқа мөр қою жалғасады, бірақ кей жолаушылардан биометриялық деректер де сұралуы мүмкін.
2026 жылдың соңына қарай EES жүйесін ETIAS (Еуропалық сапар ақпарат және рұқсат жүйесі) толықтырады. Бұл жүйе визасыз елдердің азаматтарынан Шенген аймағына кіру үшін алдын ала онлайн рұқсат алуды талап етеді.
ETIAS мақсаты — қауіпсіздік пен көші-қон бақылауын күшейту, сондай-ақ шекаралық рәсімдерді цифрландыру арқылы жолаушылар қозғалысын жеделдету.Жаңа EES және ETIAS жүйелері Еуропа шекарасында қағазбастылықты азайтып, цифрлық бақылау дәуірін бастайды. Алайда алғашқы айларда жолаушыларға қосымша уақыт пен шыдам қажет болады — себебі биометриялық тіркеу процестері кезектердің ұзаруына әсер етуі мүмкін.