20.10.2025
16:42
3136
Шексіз мүмкіндікке ие талантты балалар

Шексіз мүмкіндікке ие талантты балалар

Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әрқайсысы – шексіз мүмкіндіктің иесі. Олардың бойындағы талант пен табандылық дұрыс бағыт пен сенім тапқанда, нағыз жетістікке айналады.  El.kz интернет порталының тілшісі ерекше талантты балалардың шығармашылығына шолу жасады.

Бүгінде елімізде 230 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тіркелген. Мемлекет басшысы өз жолдауында олардың барлығы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде дамуы үшін қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын ерекше екенін айтты.

Мемлекет бұл бағытта инклюзивті білім беру саясатын халықаралық стандарттарға сай жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

инфографика 

2011 жылы «инклюзивті білім беру» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, білім беру жүйесінің барлық сатыларында «педагог-ассистент» және «жеке көмекші» лауазымдары енгізілді. Бүгінде еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам педагог-ассистент қызмет атқарып жүр. Ерекше балаларды психологиялық-педагогикалық тұрғыда қолдау үшін 508 арнайы ұйым жұмыс істейді, ал мектептерде 1 000-нан астам қолдау кабинеттері ашылған.

Мектепке дейінгі ұйымдардың 73%-ы, орта білім беру ұйымдарының 91%-ы және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 85%-ы инклюзивті білім беру талаптарына сай жағдай жасаған. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалардың 85%-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау алып отыр.

Бұл салада 29 мыңнан астам педагог еңбек етеді, оның 10 мыңы – арнайы педагогтер. Олардың біліктілігін арттыру жүйесі жыл сайын жетілдірілуде. Сонымен қатар колледждерге қабылдау кезінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған квота 1%-дан 10%-ға дейін ұлғайтылды.

Инклюзивті білім беруді жетілдіру мақсатында алғаш рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты» әзірленді. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы дайындалуда.

Астана қалалық білім басқармасының мәліметінше, елорда мектептерінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін соңғы екі жылда 21 инклюзивті кабинет ашылған. Қазіргі таңда 1054 оқушы осы кабинеттерде логопед, дефектолог, психолог мамандардың көмегімен заманауи жағдайда білім алуда.

Кабинеттер құрамына емдік дене шынықтыру залы мен қыш шеберханасы сияқты бейімделу мен әлеуметтенуге бағытталған кеңістіктер кіреді. Сонымен қатар биылдан бастап ерекше балаларға кәсіптік білім беру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл оқушылардың бос уақытында өз қабілеті мен қызығушылығына қарай тігіншілік, аспаздық немесе гүл өсіру сияқты бағыттарды меңгеруіне мүмкіндік береді.

Аталған бастама ерекше балалардың еңбек нарығына бейімделуіне, әлеуетін ашып, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жол ашады.

Ананың сенімі мен ұстаздық еңбектің жемісі

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың талантының ашылуы көбіне ата-ананың қамқорлығы мен ұстаздың қолдауына тікелей байланысты. Осындай мейірім мен сенімнің үлгісін Астана қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Асылжан Райымбекқызы мен оның анасы әрі жетекшісі Назгүл Әміржанова көрсетіп келеді.

Талантты оқушының анасы Назгүлдің айтуынша, қызының бойында ғылымға деген ерекше қызығушылық ерте байқалған.

Асылжанның жеке мұрағатынан 

Біз қазір ғылыми жобалармен айналысқанды жақсы көреміз. Асылжан кішкене тұйық болған соң, мен оны ашу үшін түрлі тақырыптар ұсынып, қызықтырамын. Кейде өзі де жаңа идея айтып, бастама көтереді, – дейді ол.

Асылжанның ерекше қажыр-қайраты мен ұстаз-анасының қолдауының арқасында жеткен жетістіктері аз емес. Ол сау құрбыларымен бірдей деңгейде республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауына қатысып, қалалық кезеңде І орын, ал республикалық деңгейде ІІІ орын иеленген. Кейін «ProECO» жобалық байқауына қатысып, өз еңбегімен жүлдегер атанды.

Баламның бір қолы мен аяғында қозғалыс шектеулігі бар. Бірақ ол ешқашан мойыған емес. Менің көмегіммен жобаларын жазып, жарыстарға қатысып келеді. Кейде шаршап қалатыны бар, бірақ соған қарамастан, ешқашан бас тартпайды, – дейді анасы.

Былтырғы жылы Асылжан Астана күніне арналға Алматы ауданы ұйымдастырған жарыс стартап-конкурста жүлделі II орынға ие болып,смарт ноутбук ұтып алған.

Бүгінде ол «Мектеп жұлдызы», «Жас зерттеуші» номинацияларының үш жыл қатарынан иегері атанып отыр. Қала көлеміндегі «Гүлдер аллеясы» байқауында қолмен 3D гүлдер тоқып, ІІ орын жеңіп алған. Сонымен қатар, сурет салғанды және суда жүзгенді ерекше ұнатады.

Асылжанның жеке мұрағатынан 

Әр баланың өзіне тән қабілеті бар. Мұғалімнің, ата-ананың міндеті сол қабілетті байқап, дамытуға жағдай жасау. Талантты балаға қолдау көрсету, сенім арту – оның болашағына салынған ең үлкен инвестиция, – дейді Назгүл Әміржанова.

Медицина тұрғысынан Асылжанда ОНМК, сол жақты гемипарез диагнозы бар. Дегенмен, оның ойы анық, тілі таза, интеллектісі сақталған. Ұялшақ мінезіне қарамастан, ол өз ойын еркін жеткізе алады. Мұндай мысал ерекше балалардың мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдейді. Сенім мен мейірім болса, кез келген кедергіні жеңуге болады.

Ерекше талантты оқушы

Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде 2025-2026 оқу жылында екі ауысымда 3547 оқушы білім алуда. Олардың ішінде 39 ерекше білім беруді қажет ететін оқушы бар. Соның 26-сы педагог-ассистенттердің сүйемелдеуімен, ал 13 оқушы қосымша сүйемелдеуді қажет етпей білім алып келеді.

Білім ордасында ерекше балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Мектепте «Инклюзияны қолдау» кабинеті жұмыс істейді. Сондай-ақ ғимарат мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектердің еркін қозғалуына, білім алуына арналған арнайы жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Нұрмұхаммедтің жеке мұрағатынан 

Инклюзивті ортадағы балалардың әлеуметтенуі мен денсаулығын нығайту мақсатында мектепте футбол және паракаратэ секциялары жұмыс істейді. Сонымен қатар педагог-ассистенттердің бастамасымен оқушылардың қызығушылықтарына сай түрлі шығармашылық шеберханалар ұйымдастырылып келеді.

Сол талантты оқушылардың бірі – Нұрмұхаммед Амангелдіұлы №37 мектеп-лицейдің 5 «н» сынып оқушысы. Ол даму ерекшеліктеріне байланысты жеке оқу бағдарламасы мен жеке оқу жоспары бойынша білім алады.

Нұрмұхаммедтің ең ерекше қыры – сурет салу мен мүсіндеуге деген табиғи қабілеті. Оның педагог-ассистенті Рината Маратқызы шәкіртінің шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөліп, көркемдік қабілетін ұштап келеді.

Шығармашылық арқылы бала өзін еркін сезінеді, ойы дамиды, сенімі артады. Нұрмұхаммедтің әр туындысы – оның жан дүниесінің бейнесі, – дейді педагог-ассистент.

Жақында Нұрмұхаммед сыныптастарымен бірге аймақтық конференцияға қатысып, өз шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Ол ағашқа күйдіру әдісі арқылы өрнек салуға және жеңіл пластилиннен мүсін жасауға ерекше қызығушылық танытады.

Нұрмұхаммедтің жеке мұрағатынан 

Мектеп ұжымы мен қатарластары Нұрмұхаммедтің қабілетіне тәнті. Ол ешқандай суретке қарамастан, жеңіл пластилиннен түрлі бейнелерді жылдам жасап шығарады. Бұл оның қолдың икемі мен қиял күшінің үйлесімінен туған ерекше дарынның айқын дәлелі.

Инклюзивті білім беру – әр баланың ерекшелігі мен қабілетіне қарамастан, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Бұл бағыт – қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін, болашаққа бағытталған стратегиялық қадам.