«Шекесі екіге айырылып кеткен»: Бақтияр Артаев ата-анасы жол апатына түскен кезді еске алды

23 Шілде, 13:55 2250

Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев «Assyltas» арнасына берген сұхбатында басынан өткен ауыр күндерді еске алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2012 жылы спортшының ата-анасы ауыр жол апатынан қайтыс болған.

2012 жылы бір күні анам әкемнің інісінің туған күні екенін, 40 жасқа толып жатқанын айтты. «Бәріміз бара жатырмыз, сен де барасың ба?» деп сұрады. Мен «иә, барайын, үйде жалғыз қалғаннан не істеймін» деп келістім. Содан бірге бардық, мен «ертең жұмыс, кездесулерім бар, жиналыс» деп ұлымды алып, ерте қайтып кеттім. Артынша 3 сағаттан кейін ағам қоңырау шалып, суық хабарды жеткізді. «Бақтияр, ата-анамыз жол апатына түсіпті» деді. Сол кездері отбасымызда күнде көлік соқтығысып кетті. Таңертең ағам соқтығысса, кешке інім, ал ертесіне әкем соқтығысатын. Күнде жол апаты. Сондықтан жүйкем шыдамай, «өзің бара берші, күнде соқтығысып жатырсыңдар ғой, көлік қалмады» дедім. Сонда ағам «Бақтияр, бұл жолы қатты соқтығысқан сияқты, әдеттегідей емес, өйткені ата-анамыз емес, бөтен біреу қоңырау шалды, жағдайлары ауыр секілді» деген кезде денем мұз болып, қатып қалдым, - дейді боксшы.

Спортшы жол апаты болған жердің алыстығына қарамай, ағасы екеуі оқиға орнына жылдам жетіп барған.

Айшабибіден өткеннен кейін жылдамдықты азайтып, осы маңда шығар деп жан-жағыма қарай бастадым. Алыстан бір темір көрінді, «шамасы осы ау» дедім. Алдына барсам, көліктен дым қалмаған. Көріністі көріп, сұп-сұр боп қатып қалдым, тілімді жұтып қойдым. Мынадай жол апатынан адамның тірі қалуы мүмкін емес. Көліктен түсіп, ұялы телефонымнан шам жақтым да, шөптің арасынан ата-анамды іздедім. Бір уақытта әкемнің дауысын естідім, ыңырсып жатыр екен, алдына бардым да бірінші сұрағым «әке, анам қайда?» болды, әкем одан сайын ыңырси бастады. Шамды бетіне жағып едім, бет-аузының бәрі қан, шекесі екіге айырылып кеткен. Анамды іздедім, шөптердің арасында анам жатыр екен, көтеріп көлікке апарайын десем, көтере алар емеспін. Аузынан қан ағып, бет-аузы ағарып кеткен. Мұндайды көзбен көру оңай болмады, – деді ол.

Боксшының анасы оқиға орнында қайтыс болса, әкесі ауруханада көз жұмған.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: