Шекарашылар ерік-жігері мықты, салауатты өмір салтын ұстанған болуы міндетті - Әлібек Каюпов

18 Тамыз, 10:00 653

18 тамыз – Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің құрылған күні. Яғни, бүгін – ел тыныштығы үшін күндіз-түні көз ілмей, күзетте тұратын шекарашылардың кәсіби мерекесі. Биыл Шекара қызметінің құрылғанына тура 32 жыл толып отыр.

Осы ретте мереке қарсаңында, El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюповпен аз-кем әңгімелесті.   

Әлібек Амангелдіұлы шекараның қырағы қорғалуы мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақты дамудың негізі болып табылатынын айтады. 1992 жылдың 18 тамызында республикадағы Шығыс шекаралық округінің базасында құрылған еліміздің Шекара қызметі Жауынгерлік даңқты жолдан өтті.

Полковниктің сөзінше, сәл тереңірек бойлап, тарихқа жүгінетін болсақ, шекарашылар ең алдымен біздің алып көршіміз аспанасты елімен арадағы шекараны күзетуге кіріскен. 2000 жылы ҰҚК Шекара қызметі «Шығыс» өңірлік басқармасы (қазіргі Алматы облысы бойынша департаменті) ашылып, жұмыс істеді. 

Шекарашыларға талаптарды қою үшін ең алдымен шекарашылардың ел шебіндегі қызметіне барынша жағдай жасалуға тиіс. Осы жағын ескерген ел президентінің тапсырмасымен, шекараны жаңа үлгіде жабдықтау бойынша кешенді жұмыстар жалғасуда, - деді.

Сонымен қатар департамент басшысы шекараны әскер қатарына шақырылған мерзімді қызметтің сарбаздары, келісімшарттың әскери қызметшілері және офицерлер күзететінін атап өтті.

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты шекара басқармаларының шекара бөлімшелері Нарынқол, Райымбек, Кеген және Қарасай, Жамбыл аудандарының шекаралық аумақтарында орналасқан. Департаментке екі шекара басқармасы қарайды, олар – Қарасай және Райымбек ауданы бойынша шекара басқармалары. Сондай-ақ, «Қалжат», «Кеген» шекаралық бақылау бөлімшелері жұмыс істейді, – деді Әлібек Каюпов.

Департамент бастығы бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының шекарасы жоғары әскери-техникалық талаптарға сай жабдықталған ірі қорғаныс құрылымы екенін айтты. Шекара күзетінде жаңа техника мен озық технология толық көрініс тапқан.

Шекара күзетінде қызметтік жануарлар да кеңінен пайдаланылады. Оның ішінде аттар мен иттердің жөні бөлек. Аттар тау мен тастың арасындағы шекара сызығын бақылауда таптырмайтын көлік. Ал шекара бұзушыны іздестіруде, есірткі заттарын анықтауда шекарашы сарбаздар қызметтік иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді, – деді Әлібек Амангелдіұлы.

Оның сөзінше, инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету мақсатында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Аталған департаменттің учаскелерінде инженерлік сым тартылып, шекара жолдары, бақылау мұнаралары, ұшып-қону алаңқайлары салынуда. Жалпы, шекара күзеті деген ұғым кешенді шаралармен ерекшеленеді, асқан жауапкершілік пен шынайы патриоттықты қажет етеді. Шекара бөлімшелері заманауи үлгідегі техникалармен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар ол шекарашыларлардың бойынан табылуы тиіс қасиеттерге де тоқталды.

Шекарашылар ерік-жігері мықты, салауатты өмір салтын ұстанған, Отанын шексіз сүйетін патриот болуы керек. Олар шекарашылар сапына алыну үшін мамандықтары сай болуы қажет. Сондай-ақ, бізге ҰҚК Шекара академиясын, Ресей Федерациясындағы шекаралық оқу орындарын бітірген офицерлер жолдамамен келеді. Азаматтық өмірден қызметке алынатын жастардың ең алдымен денсаулығы мықты болуы тиіс, – дед Әлібек Каюпов.

Осы ретте полковник шекарашылардың жұмыс режимі қандай екенін де айтып берді.

Шекарашының қызметі азаматтық өмірдегідей таңғы сағат тоғыздан басталмайды. Қызметі кешкі 20.00-де басталып, шығыстан көтеріліп келе жатқан күнді бірінші қарсы алатын шекарашыларды тіпті ауа-райының қолайсыздығы да алған беттерінен қайтара алмайды. Мемлекеттік шекара тәулік бойы Отан қалқандарының қырағы назарында болады. Жалпы, шекарашыларда күн-түн деген ұғым жоқ. Туған жеріміздің шекара шебінде демалыс деген болмайды. Кешкі сағат 20.00-де қызметке түскен шекарашылардың қызметі тәулікке созылады, – деді ол.

Әлібек Амангелдіұлы шекарашылардың жауынгерлік дайындығы бұл жұмыстың нәтижесінің ең басты шарты деп есептейді. Сондықтан, шекарашылар жыл сайын бақылау-тексеру сабағынан сынақ тапсырады. Сондай-ақ түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысады.

Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бері біздің шекарашылар «Шекара – 2024» бірлескен арнайы шекара операциясына, «Тосқауыл – 2024» бірлескен операциялық профилактикалық іс-шарасына, «Ақпан – 2024», «Наурыз – 2024», «Бүркіт – 2024» шекара операцияларына және т.б. қатысты. Сондай-ақ, біз өзіміздің жауынгерлік шеберлігімізді үнемі арттырып отыруға баса мән береміз. Бұл орайда, шекара басқармаларында кешенді оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде өтіп тұрады, – деді.

Әлібек Каюповтың айтуынша, шекарашылар шекті жасқа келіп, 47 жасқа толғанда барып әскери зейнетке шығады.

Департамент бастығы биылғы жыл басынан бері ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің учаскесінде шекара шебінде құқық бұзған 300-ге тарта адам ұсталғанын атап өтті. Олардың ішінде, мемлекеттік шекараны немесе шекара режімін бұзушылар, бақылау-өткізу бекеттерінің режімін бұзушылар көптеп кездеседі.

Қазақ-қырғыз шекарасының бойынша мемлекеттік шекараны бұзған 8 пәкістандық азаматқа қатысты тергеп-тексеру шаралары өтуде. Шекара аймағына келу тәртібін бұзған 250-ден астам азамат әкімшілік жазаға тартылды, – дейді полковник.   

Ал жалған құжат көрсетіп, шекараға келу тәртібін бұзушыларды, оның ішінде шетел азаматтарын ұстау, оларды әкімшілік-тәртіптік жазаға тарту жұмыстары күнделікті түрде атқарылып келеді.

Шекарашылардың қырағылығы арқасында контрабанда, есірткілік заттарды тәркілеумен қатар, «Қызыл кітапқа» енген аңдар мен өсімдіктерді заңсыз саудаламақ болғандардың жолына тосқауыл қойылуда. Әсіресе, осындай айшықты оқиғалар – ел шебінде бүгінгі күннің батырлары ғана емес, Отанын шексіз сүйетін патриоттардың жүргенін көрсетеді десем, артық айтқаным емес, – дейді Әлібек Амангелдіұлы.

Оған қоса департамент бастығы 18 тамыз – Шекара қызметінің құрылғанына 32 жыл толуына орай, жоспарланған жұмыстар аз емес екенін де тілге тиек етті.

Бастысына тоқталатын болсақ, осы аптада Кеген бағытындағы шекара шебінде шекарашылардың қызметіне толық жағдай жасалған шекара бекетінің тұсауы кесілді. Бұл бастамасы, мұндай модульді кешендер алдағы уақытта барлық шекара бөлімшелерінің аумағында ашылып, іске қосылатын болады, – дейді ол.

Әлібек Каюповтың сөзінше, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – өскелең ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеуге бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған.

Дәлел ретінде, шекара аймақтарында ғана емес, Алматы облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Жас шнекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңестер Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай, Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» полигонында өткен «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық ойынына қатысып, 50 команданың ішінен 11-ші орынды жеңіп алды. Біздің болашақ ізбасарлардың аламанда қол жеткізген нәтижесі жаман емес, – деп сөзін қорытындылады департамент бастығы.  

Ажар Лаубаева
Бөлісу: