Ресейлік танымал композитор Игорь Крутой мен қазақстандық әнші Александр Лим (сахнадағы аты – Alex Lim) жаңа әнін көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
71 жастағы Ресейдің халық әртісі мен 34 жастағы қазақстандық орындаушының «Вокзал» деп аталатын бұл жаңа композициясы алғаш рет Авторадио эфиріндегі «Мурзилки LIVE» шоуында шырқалды. Бұл – «Жаңа толқын» байқауынан кейін олардың алғашқы бірлескен ресми жобасы.
Эфирден соң Alex Lim rocketmag.ru басылымына сұхбат беріп, «Жаңа толқындағы» жеңістен кейінгі әсерін және өмірі мен шығармашылығындағы өзгерістер жайлы бөлісті:
Бөлек сезім, керемет әсер. Бұл – Қазақстан үшін тарихи жеңіс шығар, өйткені мен «Жаңа толқында» жеңіске жеткен алғашқы қазақстандықпын. Бұл – үлкен мақтаныш. Енді, міне, мен қазір маэстроның жанындамын, – деді әнші.
Крутой өз Instagram парақшасында радиодағы тікелей эфир кезінде Александрдың «Вокзал» әнін орындаған сәтін бөлісті:
Алекс екеуміз жаңа «Вокзал» әнін Авторадиода таныстырдық! Жылы қабылдаған баршаңызға алғыс! Эфирді кім көрді? – деп жазды ол.
Жазбаның астындағы пікірлерде қазақстандықтар Крутойға алғысын білдіріп, Алекс Лимнің дарынын жоғары бағалады.
«Сізге рахмет, Игорь Яковлевич! Сіздің арқаңызда жаңа дауыстарды естіп жатырмыз»,
«Қазақстаннан сәлем! Біз сізді өте жақсы көреміз!»
«Крутой ең мықты таланттарды байқап, оларды нағыз жұлдызға айналдырады»,
«Алекс Лимнің дауысын тыңдағанда жүрегім елжірейді. Бұл – шын мәнінде шедевр!»
«Мен Алекстің дауысына ғашық болдым! Керемет орындау!»
«Құрметті Игорь Яковлевич, сізге және отбасыңызға зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз! Қазақстан сізді ерекше құрметтейді»,
«Нағыз талант иесісіз! Бізге әлі талай ән сыйлаңыз!»
«Керемет композитор мен керемет орындаушы – мінсіз тандем! Алекске табыс, ал сізге шығармашылық шабыт тілейміз!»
Қысқасы, жаңа «Вокзал» дуэті екі елдің тыңдармандарын біріктіріп, қазақстандық өнерпаздың халықаралық деңгейге шыққанын тағы бір мәрте дәлелдеді.