Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, аталған шешім – елдің дамуына үлес қосып отырған қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген зор құрметтің айқын белгісі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Олар – қолымен қала тұрғызып, жол төсеп, жарық пен жылу жеткізіп, өндіріс пен тұрмыстың күретамырын ұстап тұрған нағыз майталмандар. Шын мәнінде, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бейнесін қалыптастырып, ертеңін нықтайтын қаһармандар да – осы жандар, – деді Аида Балаева.
Бұл жоба – жай ғана телешоу емес. Мұнда эмоция мен тартыс, шынайы күрес пен адамдық қасиет қатар өрбиді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлер өз кәсіби білігін, өмірлік тәжірибесін, төзімділігін және командалық рухын сынға салады. Қатысушылар нақты еңбек процесіне жақындатылған жағдайда: зауытта, құрылыс алаңында, шеберханада немесе өндірістік ортада тапсырмаларды орындайды.Әрбір шығарылым – бір адамның тағдырына, өмір жолына арналған деректі оқиға. Мұнда шебердің жан толғанысы мен табандылығы, жеңілісі мен жеңісі көрініс табады. Бұл – тек бәсеке емес, еңбектің қадірін түсінетін әрбір жанға өзін танытуға, кәсібін дәріптеуге, елдің алғысына бөленуге берілген бірегей мүмкіндік. Жеңімпаздар үшін қомақты жүлде қоры қарастырылған. Ал, көрермендер нағыз еңбектің иесі – шынайы батырлардың бейнесін тамашалап, рухани шабыт алады, - деп жазды министр.