05.03.2026
10:00
149
Шайдоровтың ізбасары: Үш аксель орындайтын Артур Смағұлов туралы не білеміз?

Шайдоровтың ізбасары: Үш аксель орындайтын Артур Смағұлов туралы не білеміз?

Эстония астанасы Таллинде мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар арасында Қазақстан атынан Артур Смағұлов өнер көрсетті. Соңғы жылдары халықаралық жарыстарда жүлде алып, күрделі техникалық элементтерімен көзге түсіп жүрген жас спортшыдан жанкүйерлер үлкен үміт күтеді.

Артур туралы не білеміз?

Артур Смағұлов – Қазақстан мәнерлеп сырғанауының болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың бірі. Ол Қызылорда облысының тумасы. Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі ретінде халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр.

Жас спортшы техникалық күрделі элементтерімен ерекшеленеді. Оның бағдарламаларындағы басты ерекшелік – техникалық күрделілік. Спортшы үш айналым аксель элементін орындай алады. Бұл мәнерлеп сырғанаудағы ең қиын элементтердің бірі саналады және оны орындау үшін жоғары деңгейдегі дайындық пен батылдық қажет.

Артур Смағұловтың қоржынында бірнеше ірі жетістік бар. Ол – Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Қазақстан кубогының жеңімпазы, сондай-ақ Challenger Series халықаралық жарыстарының жеңімпазы.

@artur0707_smagulov парақшасынан

Артур осыдан бір жыл бұрын берген сұхбатында бұл спортқа деген қызығушылығы бала кезден басталғанын айтқан.

Мені мәнерлеп сырғанауға анам алып келді. Ол кезде алты жаста едім. Бұған дейін үш жасымнан бастап бал билерімен және ушу спортымен айналысқанмын. Мұз айдынына алғаш келгенде бортқа сүйенбей бір айналым жасап шықтым. Сол кезде осы спортта қалатынымды іштей сездім. Бұл спорт түрі маған қатты ұнайды, – дейді спортшы.

Жас мәнерлеп сырғанаушыны әлемге танымал жаттықтырушы Рафаэль Арутюнян баптайды. Халықаралық деңгейдегі көптеген чемпиондарды тәрбиелеген маманмен жұмыс істеу Артур үшін үлкен тәжірибе. Мұндай кәсіби дайындық спортшының техникалық деңгейін арттырып, халықаралық аренада өзін сенімді көрсетуіне мүмкіндік береді.

@artur0707_smagulov парақшасынан

Артурдың өнеріндегі тағы бір ерекшелік – музыкамен үйлескен эмоционалды бағдарламалары. Онымен бес жыл бұрын танысқандардың көпшілігі оның Людвиг ван Бетховеннің әйгілі «Лунная соната» шығармасына сырғанағанын ерекше әсермен еске алады. Мұз үстіндегі қозғалыс пен музыка үйлесімі сол кезде-ақ жас спортшының болашағынан үміт күттіретінін аңғартқандай еді.

Спортшының күнделікті өмірі – үздіксіз жаттығу мен еңбек. Мұздағы дайындықпен қатар жалпы дене дайындығы, арнайы жаттығулар және хореография сабақтары қатар өтеді.

Күніне екі-үш рет мұзға шығамыз. Сонымен қатар екі-үш сағат ОФП, СФП және хореография болады. Жалпы күніне бес-алты сағат жаттығамыз. Осындай еңбек арқылы ғана жақсы нәтижеге жетуге болады, – дейді Артур.

Жас спортшы үшін әр жарыстың орны ерекше. Ол нәтижеден бұрын бағдарламасын қалай орындағанына мән беретінін айтады.

Мен әрбір өнер көрсетуімді мақтан тұтамын. Қай жарыс болса да, егер бағдарламамды жақсы орындап, барлық элементтерді таза орындасам, ол жарыс мен үшін ерекше әрі маңызды болып қалады, – дейді ол.

Артурдың алға қойған мақсаты да биік.

Алдағы жоспарым – Олимпиада ойындарына қатысу, медаль жеңіп алу және бірнеше мәрте әлем чемпионы атану, – дейді спортшы.

Жас спортшының басты жанкүйері – анасы Гүлназ Смағұлова. Ол ұлының әр жарысында алаңдап, барынша қолдау көрсететінін айтады.

@artur0707_smagulov парақшасынан

Әр жарыста қатты уайымдаймын. Алғашында оның өнер көрсетуін қарай алмайтынмын. Қазір үйрендім. Артур – менің жалғыз ұлым. Оның дамуы үшін бар күшімді салдым. Қандай жолды таңдаса да, мен әрқашан қолдаймын, – дейді анасы.

Таллинде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Бұл жарыста Артур Смағұлов қысқа бағдарламада 51.76 ұпай жинап, 37-орынға тұрақтады. Осы нәтижеге байланысты қазақстандық спортшы еркін бағдарламаға өте алмады. Себебі бұл кезеңге тек  үздік 24 мәнерлеп сырғанаушы ғана жолдама алады. Соған қарамастан жас спортшы халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, алдағы жарыстарға дайындықты жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта Артур АҚШ-та жаттығады.