Шаштың түсуін қалай тоқтатуға болады?

17 Қаңтар, 18:00 2745

Шаш – адамның көркі. Әсіресе әйелдер қауымы үшін оның қалың әрі берік болғаны өте маңызды. Ал шаштың зақымданып, шамадан тыс көп түсуі әркімді де алаңдатпай қоймасы анық. Бүгін біз шаштың түсуін қалай тоқтатуға, оны қалай қалпына келтіруге болатыны жайлы сөз қозғамақпыз. Ендеше мына пайдалы кеңестерді назарыңызда ұстаңыз.

Ұйқы режиміне көңіл бөлу

Ұйқы көңіл-күйден бөлек денсаулыққа да әсерін тигізбей қоймайды. Оның ішінде шаштың шамадан тыс көп түсу мәселесі де бар. Жеткілікті түрде ұйқыңыздың қануы, жүйке жүйеңізге, шашыңызға пайдалы. Сондықтан да сіз кем дегенде тәулігіне қалыпты жағдайда 7-8 сағат ұйықтауыңыз керек.

Дұрыс тамақтану

Адам шашы мен тырнағының өсуіне қажетті дәрумендерді пайдалы тағамдардан алады. Мәселен, балық, зәйтүн және зығыр майы, тауық еті, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер – омега-3, кальций, кремний, темір сынды түрлі дәрумендердің көзі болып саналады. Шаштың саулығы үшін мейлінше осындай пайдалы тағамдарды жеген жөн.

Витаминдерді қабылдау

Ағзаға қажетті дәрумендерді тек тамақпен ғана толтыру мүмкін емес. Сондықтан адам өзіне жеткіліксіз витаминнің түрлерін тұрақты қабылдауы керек. В тобындағы дәрумендер, атап айтқанда В6, фолий және пантотен қышқылы – ерте ақ шаштың пайда болуын болдырмайтын негізгі дәрумендер қоры. Ал пиридоксин (B6), биотин (B7), кобаламин (B12), фолий (B9) және пантотен қышқылдары (B5) – шаштың сау болуына ықпал етеді.

Шашқа күтім жасау

Сусабын – шаштың құртылуына себеп болатын факторлардың бірі. Өйткені кейбір қыздар шашы май болмас үшін оны тұрақты түрде күнде жуып отырады. Алайда әйелдер қауымы сусабынды жиі қолданғаннан шашы құрғап кететінін ескере бермейді. Сондықтан сусабынды аптасына тек 2-3 рет ғана қолдану керек.

Оған қоса дұрыс таңдалмаған сусабын бас терісіне кері әсерін тигізеді. Мүмкіндігінше оны иісіне, қоюлығына, шашыңыздың түсі мен түріне қарап таңдап алғаныңыз дұрыс.

Сау шашты құртып алмас үшін жууға пайдаланатын судың температурасына да мән берген жөн. Егер сіз басыңызды ыстық сумен жуатын болсаңыз, ол шашты күйдіріп, тамырын зақымдауы мүмкін. Сол себепті шашты жылы сумен жуған дұрыс.

Массаж жасап тұру

Бас терісін уқалау арқылы қан айналымын жақсартуға болады. Шашыңызды жуып болғаннан кейін өзіңізге 5-10 минут уақыт бөліп, май жағып, массаж жасаңыз. Басыңызды уқалаған соң ағаш тарақпен тарап шығыңыз.

Шашты жиі тарау

Шашты тарау арқылы бас терісіндегі қан айналымы жақсарады деп айтып жатады. Алайда оны шамадан тыс жиі тарай беру шаш кутикуласына зиян келтіріп, сынғыш болады.

Сонымен қатар шашты дымқыл кезінде тарамаған дұрыс. Алдымен оның толық кепкенін күтіп, кондиционер мен май жағып, ұшынан бастап тарау қажет.

Шашты бөліп тарау

Біз кейде уақыт үнемдеу үшін шашымыздың бәрін біріктіріп тарай салуға асығамыз. Дегенмен бұл әдістің шашымыздың одан сайын көптеп түсуіне әсер ететінін ескермейміз. Негізі шаш тез таралуы үшін оны бөліктерге бөліп, аса мұқият тараған жөн. Сонда сіз оны не зақымдамайсыз, не уыстап түсуіне жол бермейсіз.

Тарақты дұрыс таңдау

Тарақтың түр-түрі бар. Олар да әртүрлі типтегі шашқа арналған. Сол тарақтардың ішінен дәл өзіңізге келетінін таңдап алу маңызды. Мысалы сіздің шашыңыз бұйра болатын болса, оны зақымдап алмас үшін массаж немесе тістері сирек тарақты таңдаған жөн. Егер шашыңыз қалың болса, онда әртүрлі ұзындықтағы тісі бар массаж тарақтарды таңдау керек. Ал шашыңыз керісінше жұқа болса жұмсақ тісті тарақпен тараған дұрыс.

Тарақты сирек тазалау

Көп уақыт тазаланбай тұрып қалған тарақ таза жуылған шашта бактериялардың пайда болуына әкеп соқтырады. Лас тарақпен таралған шашта қайызғақтар көбейіп, жиі түсе бастайды. Сондықтан шашыңызды тарамас бұрын алдымен тарағыңыздың таза екеніне көз жеткізіп алыңыз. Мүмкіндігінше оны аптасына 2-3 рет сусабынмен жуып тұрыңыз.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: