26.08.2025
10:36
808
Шаш бояуы қатерлі ісік тудыра ма? Ғалымдар жауап берді

Шаш бояуы қатерлі ісік тудыра ма? Ғалымдар жауап берді

Ғалымдар зерттеуінше, 40 жастан асқан әйелдердің 50-80%-ы және ерлердің шамамен 10%-ы шашын бояйды екен. Алайда бояудың құрамында денсаулыққа зиянды болуы мүмкін химиялық заттар бар. Біз шаш бояуы ағзаға қалай әсер ететінін және оны тым жиі қолдану қатерлі ісікке әкелуі мүмкін бе деген сұраққа жауап іздедік, деп жазады El.kz интернет порталы.

Шаш бояуы қалай жұмыс істейді?

Шаш бояуларының түрі әрқилы: тұрақты (перманентті), жартылай тұрақты және уақытша. Соңғы екеуі шаштың ішіне терең енбейді, тек үстіңгі қабатын жабады. Сол себепті тез шайылып, оңай өңі кетеді, бірақ қауіпсіздеу саналады.

Ал тұрақты бояулар шаштың ішкі құрылымын өзгертеді, сондықтан түсі ұзақ сақталады.

Перманентті бояулар қалай әсер етеді?

Шаштың кутикуласын ашады. Ол – шаштың сыртын қаптап тұрған кератин қабыршақтары. Мұны әдетте сілтілі заттардың (аммиак немесе моноэтаноламин) көмегімен жасайды.

Меланинді түссіздендіреді. Табиғи пигмент – меланин шаштың өз түсін береді. Оны сутегінің асқын тотығы (перекись водорода) жояды.

Жаңа түсті молекулаларды шаштың ішіне «бекітеді». Ол үшін бояудың аралық және түзуші компоненттері қажет. Олар реакцияға түсіп, жаңа пигменттің молекулаларын түзеді, ол шаш құрылымында ұзақ сақталады.

1970 жылдарға дейін аралық пигмент ретінде хош иісті аминдер қолданылды. Бірақ көп ұзамай олардың кейбірі қатерлі ісік тудыруы мүмкін екені анықталды. Әсіресе 2,4-диаминоанизол мен 2,4-диаминотолуол канцероген деп танылды. Содан кейін өндірушілер бояу құрамын өзгертіп, p-фенилендиамин (PPD), толуол-2,5-диамин (PTD) және оның сульфатын (PTDS) қолдана бастады. Бұлар да хош иісті аминдер қатарына жатады, бірақ аз мөлшерде қауіпсіз саналады.

Шаш бояғаннан кейін қандай әсерлер болуы мүмкін?

Ең жиі кездесетін жанама әсер – аллергиялық контактты дерматит. Ол көбіне қышу, бас терісі мен маңдайдағы қызару, құлақ маңындағы ісіну арқылы білінеді. Мұндай аллергия кез келген құрамдасқа болуы мүмкін, бірақ көбіне парафенилендиамин (PPD) мен толуол-2,5-диаминсульфатқа (PTDS) байланысты. АҚШ-тың Контактты дерматит қоғамы тіпті 2025 жылдың «негізгі аллергені» ретінде PTDS-ті атаған.

Бояудан шашсыз қалу мүмкін бе?

Мүмкіндігі аз, бірақ жоққа шығаруға болмайды. Егер бояуға байланысты ауыр аллергиялық реакция болып, бас терісі қатты қабынса, белгілі бір бөлігі түсіп қалуы ықтимал.
Сонымен қатар, дерматит кезінде шаш жұқарып, сирегендей әсер қалдыруы мүмкін.

Шаш бояуы демікпе немесе қатерлі ісік тудыруы мүмкін бе?

Демікпе қаупі

Шашты ағартуға арналған кәсіби қоспалармен үнемі жұмыс істейтін шаштараздар мен колористер арасында тыныс алу жолдарына қатысты белгілер жиі кездеседі. Мұндай қоспалардың құрамындағы персульфаттар – күшті тотықтырғыштар. Олар шашты бояуға дайындау үшін (әсіресе блондқа ауысарда) қолданылады. Бұл заттар ауа арқылы шаш шеберлердің өкпесіне түсіп, тыныстың тарылуына және сырылға әкелуі мүмкін. Ал үйде қолданылатын бояулардан демікпе қаупі өте төмен, бірақ процедура кезінде бөлмені жақсылап желдету маңызды.

Қатерлі ісік қаупі

Бояулардағы көпшілік химиялық заттар қауіпті емес деп саналады. Дегенмен әсер ету деңгейі олардың құрамына, қолдану жиілігіне және адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты.

Ғылыми деректер не дейді?

Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі (IARC) шаш бояуын «адам үшін канцерогенді» деп тікелей санатқа қоспайды, себебі жеткілікті дерек жоқ.

АҚШ-тың Ұлттық онкология институты (NCI) кейбір зерттеулер қатерлі ісік қаупін жоққа шығармайтынын атап өтеді.

Қандай ісік түрлерімен байланыстырылды?

Қуық обыры. 2010 жылғы метаанализ бойынша, 10 жылдан аса жұмыс істеген кәсіби шаштараздарда бұл қатерлі ісіктің даму қаупі екі есе жоғары. Бірақ кейінгі швед зерттеулері ондай тәуекелдің жоқ екенін көрсетті. Бүгінде құрамынан канцерогенді аминдер алынып тасталған бояулар қауіпсіз саналады.

Ходжкиндік емес лимфома. 1970-1980 жылдары кең таралған канцерогенді аминдер қолданылған кезеңде мұндай қауіп болуы мүмкін. Бірақ 2020 жылғы ауқымды зерттеу заманауи бояулар мен лимфома арасында байланыс таппады.

Сүт безі обыры. Бұл бағытта зерттеулер көп жүргізілген. Кейбір деректер шаш бояуы белгілі бір жағдайда қатерлі ісіктің даму қаупін сәл арттыруы мүмкін екенін көрсетеді. Мысалы, АҚШ-тағы 117 мың әйел қатысқан зерттеу перманентті бояуларды қолдану мен сүт безі обырының кейбір түрлері арасында байланыс барын көрсетті. Бірақ ғалымдар нақты қорытынды жасау үшін қосымша дәлелдер қажет екенін айтады.

Нені білу керек?

Қазіргі деректерге сүйенсек, шаш бояудың қатерлі ісікке әкелетіні нақты дәлелденген жоқ.

IARC кәсіби шаштараз мамандығын «мүмкін канцерогенді» деп атайды, бірақ жеке қолдануды қауіпті деп санамайды.

NCI деректердің қарама-қайшылығына назар аударады, әсіресе 1980 жылдан кейінгі бояулардың құрамы өзгергенін ескертеді.

Қауіпсіздік ережелері

Шаш бояғанда мына талаптарды ұстану керек:

  • Алдын ала аллергияға тест жасау;
  • Қолғап кию;
  • Бояуды нұсқаулықта көрсетілген уақыттан артық ұстамау;
  • Шашқа арналған бояуды қас пен кірпікті бояуға қолданбау;
  • Құралды дұрыс сақтау;
  • Бас терісінде жара, тітіркену болса, боямау.

Қорытынды

Қазіргі шаш бояулары шартты түрде қауіпсіз. Олар аллергиялық реакция немесе тыныс алу белгілерін туғызуы мүмкін, бірақ ережелерді сақтаса, қауіп азаяды. Қатерлі ісікке қатысты сұрақ әлі де толық зерттеліп жатыр: заманауи бояулардан тікелей қауіп дәлелденбегенімен, кәсіби шаштараздарда тәуекел жоғары болуы мүмкін.

Бұған дейін ғалымдар күніне 10 мың шақырым жүрудің қажеті жоқтығын айтқан. Сонымен қатар суықта ісініп, күн жылығанда жұқаратын күртеше ойлап табылды.