«Шантарам» – абақтыда жазылған роман

22 Қыркүйек 2023, 22:02 796

Замана қарыштап дамығанмен өмірдің сырын толық ұғынып, адамның мінезін жіліктеп зерттедік деп айтуға әлі ертерек. Алтын тақта отырғандардың өмірінің соңын абақтыда өткізгендері бар, ал тар қапастан аман шығып, тартқан азап пен жағылған күйеден құтылып, тағдырын өз қолымен жасап, көпшіліктің құрметіне бөленгендер де аз емес.

Солардың бірі – австралиялық жазушы Грегори Дэвид Робертс. Тағдыр оны бірнеше мәрте сынады. Әр кез сынаққа тап болған сайын кері кеткен тірлігі оңалмай-ақ қойды.

Жұбайымен ажырасу, кішкентай қызына қамқор болу мүмкіндігінен айырылу оған үлкен психологиялық соққы болып тиді. Ішін өртеген күйікті есіткімен басуға тырысты. Нашақорлық кімге жақсылық әкелсін. Есірткіге есі ауып, қылмыс жолына түседі. Банктер мен дүкендерді тонағаны үшін 26 жасында абақтыға қамалады.

Енді оған бәрібір еді. Оның қиқар мінезі 19 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкіміне іштей наразылық танытты. Екі жылдан кейін абақтыдан қашқан Дэвид Робертс өмірінің келесі он жылын Индияда өткізеді. 

Шантарам – Бомбей қаласында жүргенде оған қойылған лақап есім. Ол «Бейбітшіл адам» деген мағына білдіреді.

Тағдырдың азабы мен мазағы мұнымен таусылмады. Бейбітшіл адам деген есімді арқалай жүріп адамдардың өмірін жалмайтын есірткі тасымалымен айналысады.

Шантарам романы – автордың басынан кешкен және өзі куә болған шынайы оқиғалар негізінде жазылған туынды. Бұл – қылмыс әлемінің көлеңкелі тұстарын ашып көрсеткен, адам рухының мықтылығын баяндайтын шығарма.

Дэвид Робертстің түзелу жолына түсуі Австралия абақтысына екінші рет қамалғанда басталады. Қоғам оны бас бостандығынан айырса да, жан дүниесінің еркіндігінен айыра алмады.

Шантарам романы – абақтыда басталып, еркіндікте аяқталған туынды. Тіпті түрме қарауылдарының екі рет қолжазбаны өртеп жібергендері де жазушыны тоқтата алған жоқ.

Кейін танымал жазушыға айналған Дэвид Робертстің теріс жолда жүрген кезінде де кеудесіндегі ізгілік сәулесінің өшпегенін айта кеткен абзал.

Ол қарақшылық жолда жүріп банктер мен дүкендерді тонауға  барғанда «Мархабат!», «Рахмет!» деген сөздерді айтуды ұмытпайтын. Іскерлік стильдегі киім үлгісі және сыпайы сөйлеу мәнері үшін «Джентльмен-қылмыскер» атанған. 

Екінші рет Австралия абақтысына қамалғанда  өзінің қанынан жаралған сүйікті қызына деген сағыныш сезімі оны тағы да түрмеден қашуға итермелейді. Түрмеден қашып бара жатқан жерінен оны сол қызына деген сағынышы тоқтатады. Ендігі өмірін қашып-пысумен, жасырынумен өткізгісі келмейді. Жазасын толық өтеп, біржола шығып қызына баруды ойлайды. Ешкімге білдірмей қайтадан абақтыдағы орнына оралады.

Өзгеден қашсаң да өзіңнен қашып құтылмайсың. Ал өміріңді өзгерткің келсе өзіңді, өзіңнің ойың мен ұстанымдарыңды өзгертуден бастаған жөн.

Алдына қойған айқын мақсат, болашаққа деген үлкен сенім және қиындықтарға төтеп беретін табанды мінез – Дэвид Робертсті тозақ өмірден алып шыққан қасиеттер.

Шантарам – тағдыр тәлкегіне түссе де сынып қалмаған, адами бейнесін жоғалтпаған рухты азаматтың қысылтаяң күндерде жүрегі сыздап, жаны ауырып отырып жазған кітабы. Жалғыздықты жанына серік етіп, адамдар арасында көкжал қасқырдай күй кешіп жүрген пенденің жан дауасы іспетті.

XXI ғасырдың басында жарыққа шыққан танымал туындылардың бірі, жазушы Грегори Дэвид Робертстің әлем бойынша оқырмандардың ықыласына бөленген «Шантарам» романы «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде жарық көрді.

EL.KZ
Бөлісу: