Шаньдун провинциясы өз өңірінде QazTrade сауда өкілдігін ашуды ұсынды

15 Қыркүйек, 04:35 451

ҚХР-ға жұмыс сапары барысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Шаньдун провинциясының Халық үкіметі төрағасының орынбасары Сун Цзюнцзимен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар Қазақстан мен Шаньдун провинциясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі мәселелерін талқылады.

«Өткен жылдан бері біз Қытаймен сауда-саттықты аймақтандыру принципі бойынша дамытып, әр өңірмен оның ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тәсіл қазірдің өзінде Сычуань, Хубэй және Шыңжаң провинцияларында қолданылған. Біз сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды арттыру үшін аймақтық өзара іс-қимыл тетіктерін пайдалана отырып, Шаньдунмен ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз», - деп атап өтті министр Шаққалиев.

Сондай-ақ Министр Қазақстанның экспорттық әлеуеті, АӨК нарығына өнімнің ашық қолжетімділігі және мұздатылған ет пен басқа да тауарларды жеткізуді жаңарту мүмкіндігі туралы айтып өтті.

Сун Цзюнцзи мырза Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемін ұлғайту және сауда саясатын жетілдіру үшін жұмыс тетігін құруды ұсынды. Сонымен қатар, провинцияның Халық үкіметі төрағасының орынбасары ШҰАА-ға ұқсас Шаньдун қаласында «QazTrade» АҚ сауда өкілдігін ашуды ұсынды, бұл өз кезегінде өңірдегі отандық бизнестің мүддесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ұсыныстарды мұқият қарауға дайын екенін білдіріп, Қазақстан мен Шаньдун арасындағы өңірлік ынтымақтастық тетіктерінің ерекше маңызы бар екенін айтты.

Анықтама: 2024 жылдың жеті айында Қазақстан мен Шаньдун провинциясы арасындағы тауар айналымы 869,1 миллион АҚШ долларын құрады. Экспорт 3,23%-ға өсіп, 348 млн АҚШ долларын құрады. Осы кезеңде Қазақстанға импорт 521,0 млн АҚШ долларына жетті.

Зарина Арман
Бөлісу: