Шамо Фатоев: Қазақстанда біз әртүрліміз, бірақ шетелде біз барлығы үшін қазақпыз

30 Сәуір 2019, 00:00 2564

Үнемі қарапайымдылығымен өзгелерден ерекшеленіп жүретін, жасаған жақсылығы мен қайырымдылығы туралы айтуды қаламайтын, жаны жомарт, өз ортасында үлкенге де, кішіге де сыйлы Шамо Фатоевқа сәті түсіп жолығып, сұхбаттасқан едік.

Үнемі қарапайымдылығымен өзгелерден ерекшеленіп жүретін, жасаған жақсылығы мен қайырымдылығы туралы айтуды қаламайтын, жаны жомарт, өз ортасында үлкенге де, кішіге де сыйлы Шамо Фатоевқа сәті түсіп жолығып, сұхбаттасқан едік.

Шамо Заарұлы Фатоев – «Қазақстан Республикасының «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» ӨӨБ Нұр-Сұлтан қаласының филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

— Шамо, күрд этномәдени орталығының құрылғанына қанша жыл толды?

— Алғашқы рет 2009 жылы бірлестікті ресми түрде тіркеген болатынбыз, биыл бізге он жыл толып отыр. Бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтар достастығын нығайту қызметімен қызықтырып, бізді өз қатарына баурап алды. Ассамблеяда түрлі этностар іс-шаралар ұйымдастырып, тілін, дінін, мәдениетін, тарихын, жалпы ұлт болмысын дәріптеп жүргені еліктірді. Біз де өзімізді танытқымыз келді.

Ассамблеяның басты элементі – этностар. Олар тәуелсіз механизм ретінде Ассамблеяның саясатын, жарқын саясатын жүзеге асыру үшін үлкен құлшыныспен жұмыс істейді.

Екі мыңыншы жылдары басқа аймақтарда күрд этномәдени бірлестіктері жұмыс істеп жатты: Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылордада. Астанада бірлестік болмаған-ды.

Басқа қалалармен салыстырғанда елордада күрд этносының өкілдері аз. Мүмкін климаттық жағдайларға байланысты болар. Біз жылы климатқа үйренген халықпыз ғой. Сол себепті оңтүстік жақтарда көптеп тұрақтағанбыз.

Дегенмен де бірлестігімізді жаңадан тіркеген кезде көптеген адамдар көмектесті, ақылдарын айтты, алғашқы күннен бастап біз Ассамблеяға сіңіп кеттік десем де болады. Өзіміздің ортада екенімізді бірден сезіндік.

Алдымен тарихи тілімізді, мәдениетімізді, тарихымызды үйретуді балалардан бастадық. Шығармашылықты дамыту бойынша өзге этномәдени орталықтардан үлгі ала бастадық.

Біздің балалар іс-шараларға белсенді түрде қатыса бастады, өздерінің бар қабілетін көрсетуден аянып қалмады. Олардың қызығушылығы барған сайын арта түсті. Еш орталықтан шеттеп, қалыс қалмауға тырысты, олар үшін бұл жаңа нәрсе болды.

Осы он жыл ішінде біз көптеген іс-шаралар өткіздік және әлі де өткіземіз. Біздің этномәдени орталықтың қызметінің негізі – қайырымдылық көмек көрсету. Шын мәнінде көңіл аударуды, көмекті, қолдауды қажет ететін адамдарды назардан тыс қалдырмаймыз. Бізде көптеген отбасыларды тұрақты түрде қолдайтын меценаттар бар. Олар жақсылықты, қайырымдылықты пиар немесе тағы бір нәрсе үшін жасамайды. Олар өз тарапынан көрсетілген көмек туралы адам баласына тіс жармауды қалайды. Біз бірнеше балалар үйін өз қамқорлығымызға алдық, мерекелерде қолымыздан келгенше оларға қуаныш сыйлауға тырысамыз. Орталықтың көптеген мүшесі мүмкіндігінше көмек көрсетуге ұмтылады. Өзінде асып-тасып жатпаса да, барымен бөліседі.

Балаларды қорғау күні жақындап келеді. Бұл күні өз қанатымыздың астына алып отырған Нұр-Сұлтан қаласындағы «SOS Қазақстан балалар ауылы» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлық жасауға ниетті болып отырмыз.

Біздің меценаттар мұндай оқиғаларды жарияламауды сұрайды. Қайырымдылық жариялылықты жаратпайтын дүние ғой. Соны қатты ұстанады. Тіпті көпшілігі әлдеқайда жариялануы тиіс іс-шараларға қатыспайды. Бұл енді туа біткен қасиетіміз. Қандай көмек жасасақ та атымызды әйгілеп жатпаймыз.

Ал енді көмекке зәру адамдарды біреуіміз әлеуметтік желі арқылы көріп, білсек, біз қалай көмектесе алатынымызды талқылаймыз. Сол жерде әркім өз ұсынысын білдіріп, артынша күш жұмылдырып, мұқтаж жанға көмек қолымызды созамыз.

— Орталық үшін он жыл әжептәуір жыл. Бұл жылдарда кейбір орталықтар мүшелерінің саны жеткіліксіз болғандығынан жабылып та қалып жатыр. Сіздер сан жағынан аз болсаңыздар да, үлкен жұмыс атқарып жатырсыздар. Бұны біреуі білсе, біреуі білмес. Мүмкін он жылдық мерейтойларыңызды ауқымды түрде атап өтерсіздер?!

Иә, расымен де он жыл деген аз да, көп те жыл емес. Дей тұрғанмен, оны ән-күй мен бимен атап өткізгіміз келмейді. Біз онсыз да бір-бірімізді жиі көріп тұрамыз. Түрлі іс-шараларда тамаша коцерттік бағдарламалар қойылып жүр. Біз мерейтойды кезекті қайырымдылық іс-шарасымен атап өтсек дейміз.

Біздің меценаттар қашаннан бері өздерінің қамқорлығындағы балалар үйінің ауылына жан-жақты көмек көрсетумен атап өтуді ұйғарды.

Бұдан артық қуаныш пен шаттық болмас та. Азғантай болса да, балалардың қуанышын арттырсақ дейміз.

— Қайырымды жандар туралы айта отырсаңыз.

— Жоғарыда айтып өткендей, бізде барлығы дерлік қайырымдылық іс-шараларына өз үлесін қосуға тырысады. Жұмыс істейтін жас жігіттеріміз еңбек ақылары орташа болса да, қайда көмек көрсету керек болса, сол жерден табыла қалады. Бірақ жарнамалауды ешкім ұнатпайды деп қайталап айта кетейін. Тіпті Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық іс-шаралар күнтізбесі акциясының шеңберінде «Сыбаға» айлығында Достық үйінде мүгедек қыз балаға арбаны табыс етуге жиылған іс-шараға басты көмектескен жандар келмей қалды. Өйткені ол жерде журналистер болатын болды.

Дегенмен де құрметті адамдардың бірі – Юсуп Алиев туралы айта кетуге тұрарлық. Ол ата-анасынан жетім қалған он екі баланы асырап алған. Ең қызығы, олардың барлығы әртүрлі ұлттың баласы. Өзінің туған балалары мен немерелері бар екеніне қарамастан, ол осы балаларға тірек болып, оларға жарқын болашақ сыйлауды өзіне парыз еткен.  

Осындай рухы күшті адамдарды көрген кезде мақтаныш пен ризашылық жүректі толқытады. Сонымен қатар оларға қарап, біз тең болуға тырысамыз және бұл бізді мейірімді болуға, бір-бірімізді бағалай білуге және жақсы көруге үйретеді.

Юсуп Алиевті көпшілік өте қатты құрметтейді, оның айтқандарын тыңдайды, онымен кеңеседі.

Ал енді біздің ұлт өкілдері қайырымдылық десе, неге алдыңғы сапта? Сонау отызыншы жылдары көптеген халықтар Қазақстанға жер аударылып келгенін білеміз. Менің әжем үнемі бізге айтып отыратын әңгімесі бар еді. Аштық пен жала буындырып, алқымнан алған заманда қазақ халқы қиын жағдайды бастан кешті. Тар жолда тайғақ кешкен ұлт дейтін. Қазақтар өздері де құлдырап, өз туған жерінде тұрып-ақ көмекке мұқтаж болған. Бірақ олар жер ауып келген халықтарды бөтенсімеді, оларды өзге ұлт деп өзектен теппеді. Өйткені қазақ халқының рухы өте жоғары. Сол қасиеті алдыға тартады.

Әлем тәуелсіз Қазақстанды көптеген этностардың мүддесін қолдайтын көпұлтты мемлекет ретінде таниды.

Менің ата-бабаларым ауқатты адамдар болған, мал-жаны көп, жақсы өмір сүрген. Жер аударылып келгенде, суық иен далаға тастап, аш-жалаңаш қалған. Қайда барып күнелтерін білмей, жандары қысылғанда, қазақ отбасылары қара су, қара нанымен бөлісіп, қамқорлығына алған. Сөйтіп қазаққа сіңіп кеткен. Қазақтардың тілін, салт-дәстүрлерін үйренеді.

Менің досымның атасын қыстың кезінде отбасымен бірге қазақ әйелі үйіне паналатқан екен. Содан бәрі бірге тұрып, бір үйдің адамдарындай болып кетеді. Сол күрд отбасы әлгі әйелге риза болғаны сонша, оның тегін алған екен. Оның ұрпақтары өздерінің құрметі мен алғысын білдіру үшін қазақтың тегін алып жүр күні бүгінге дейін. Өздері таза қанды күрд отбасы.

Сіз қанша жылдан бері этномәдени бірлестіктің жетекшісі болып келесіз?

— Тоғыз жыл болды. Жиырма тоғыз жасымда мені орталықтың төрағасы етіп сайлады. Мен бұл қоғамдық жұмысты мойныма жүктеген кезде, менің бойымды патриоттық сезім билеген еді. Менің бар ойымды тек аңғалдық пен ұлтыма пайдалы болсам деген ой кернеді. Біз не жасасақ та мұны өз еліміз үшін жасаймыз ғой. Орталықта қандай іс-шара ұйымдастырсақ та, Қазақстан халқының игілігі үшін ілгерілетеміз.

Біз әртүрліміз, бірақ өте татумыз. Біз біртұтаспыз – бұл біздің ұранымыз.

Мен Ассамблеяны Біріккен ұлттар ұйымының шағын үлгісі деп айтар едім.

Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, Қазақстанда біз әртүрліміз, бірақ шетелде біз барлығы үшін қазақпыз.

Жыл сайын Ассамблеямен жаңа жобалар іске асырылуда және көп міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізілуде. Осының бәрі Елбасы саясатының арқасында.

Маған дейін орталықтың басшысы Давран Хасанов болған, мен оған тіркеуге арналған құжаттарды жинаумен көмектескенмін. Ол бір жыл жүрген соң, бір себептермен кетіп қалды. Ақсақалдар алқасы мені тағайындады, содан бері үздіксіз жұмыс істеп келемін. Оның үстіне мен Ассамблеяның жұмысымен етене таныс болдым, сондықтан да олар жетекші болуыма ризашылық білдірді.

Бұл уақыт пен күш-жігерді талап ететін қоғамдық жұмыс. Сіз оны негізгі жұмыспен қалай біріктіресіз?

— Кез келген істе күшті, бір-біріне көмектесетін команданың болуы – үлкен рөл атқарады. Біздің бірлестіктің алғашқы жұмыс күнінен бастап командалық жұмыстың арқасында көп істі тындырдық. Айтып өткенімдей, балаларымыздың шығармашылық дамуына көп көңіл бөлеміз. Соңғы кездері спортпен шұғылданатын жастар қанаты ауқымды жұмыс істеуде.

Біздің белсенділеріміздің бірі – Салим Айлазов. Сондай-ақ жастар қанатын басқарған белсенді мүшеміз – Ханум Ахмедова. Бұл тұста біздің этномәдени бірлестікте жыл сайын жастар көшбасшысы ауысатынын атап өткім келеді. Бұл үрдіс жастарымыз қалай жұмыс істейді екен, жаңа қырынан қалай танылар екен деген мақсатта орныққан. Содан біз жастар арасынан мықты көшбасшыларды танып қалдық, олар: Расул Фатоев, Адин Аташев, Ахмет Ахмедов.

Осындай істе мықты команда болу керек дегенімдей, мен кейде жұмыс бойынша бір жиындарға, іс-шараларға қатыса алмай қалатын кездерім болады, сол кезде менің орынбасарларым бұл олқылықтың орнын толықтырады. Олар Махмұд Алдабергенов пен Малика Садикова.

Менің білуімше, этномәдени орталықтардың төрағаларын әр бес жыл сайын сайлайды. Сіздің тоғыз жыл бойы үзбей жұмысын атқарып жүргеніңіз қайран қалдырады.

— Мен әрдайым айтамын, егер ниет білдірушілер болса ұсыныңдар деп, бірақ көпшілігі менің болғанымды дұрыс деп ойлайды. Орталық мүшелері, ақсақалдар менің жұмысыма риза екенін және олар мені әрдайым қолдауға дайын екендерін айтады. Менің өзіме осыншалық сенім орныққаны қуантады.

Орталықта Аналар кеңесін құрдық, оны Малика Садикова басқарады. Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесі құрылды, оған Нұр-Сұлтан қаласында Юсуп Алиев, ал Ақмола облысында Хасан Аташев басшылық етеді.

Нұр-Сұлтандағы күрд этносы өкілдерінің саны қанша?

— Елордада балалармен, зейнеткерлермен жалпы саны екі жүз-үш жүз адамды құрайды.

Ақмола облысында төрт жүз-бес жүзге жуық адам тұрады. Біз бір-бірімізге сүйенеміз, бұл тілді, мәдениетті сақтауға мүмкіндік береді.

Орталықтағы шығармашылық ұжымдар туралы айтып беріңізші.

— Бізде көбіне балалар ұжымдары құрылған. Олар күрд тілінде, сондай-ақ қазақ және басқа тілдерде де ән айтып, билерін билейді.

Фольклорлық балалар шығармашылығы көбіне Ақмола облысында дамып келеді, олар да іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Бұл ұжымды «Алтын гүл» деп атадық.

Сонымен қатар өзара байқаулар өткіземіз. Ересек ұжым бар – «Розари». Қазір олар сирек шығады, өйткені ондағы балалар оқу оқиды, жұмыс істейді. Бірақ қолдары қалт етсе, орталықтағы жұмысқа қатысып отырады.

Өзіңіз байқағандай, біздің бағыт өзгелерге қарағанда ерекшеленеді. Біз әрдайым өскелең жеткіншектерге көп көңіл бөлеміз.

Орталықтарыңыздың мүшелерін барлық іс-шаралардан көре бермейміз.

— Мен барлық жерге қатысудың міндеттілігін көріп тұрған жоқпын. Бірақ бұл ретте этностардың өз қалауы бар. Әрқайсысы өз ерекшелігін жоғалтпау үшін тілге, дәстүрлерге қатысты өздерін танытуға тиіс деген ойдамын. Мысалы, шешен-ингуш, польша, тағы да басқа орталықтардың мәдениеті айрықша ерекшелігі, өзіндік бірегейлігі бар. Бізді армяндармен ұқсас дейді, бірақ тереңірек үңіліп, егжей-тегжейлі қарасаң, олай емес екенін байқауға болады. Бұл сондай-ақ украиндар мен орыстарға, қазақ пен қырғызға да қатысты. Бір қарасаң, мәдениеті бірдей сияқты, бірақ түбінде бұл олай емес, тіпті ою-өрнектердің өзіндік мәні бар.

Өзіңіз және отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.

— Отбасымда жарыммен екі бала тәрбиелеп отырмыз. Қызым тоғыз жаста, ұлым алты жаста. Көп жылдан бері күзет қызметінде жұмыс істеймін, бұған дейін мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істегенмін.

Балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз?

— Біз жаңа ғасырда өмір сүргендіктен, олар тек күрд дәстүрі бойынша ғана емес, жалпы қазақстандық дәстүр бойынша да тәрбиеленеді. Олар туған тілімен қатар қазақ тілінде сөйлейді. Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да этностардың мәдениетін зерделейді.

Күрд тілін қалай сақтап отырсыз? Этномәдени орталық жанында курстар, жексенбілік мектеп бар ма?

— Жексенбілік мектепті әзірге ашқан жоқпыз, бірақ біз осыған келе жатырмыз. Оқытушылармен бұл жайында әңгімелестік. Күрд тілін үйренгісі келетін жалғыз күрдтер ғана емес, көпшілік білгісі келеді, өйткені бұл парсы тілі ғой. Оның да өз ерекшелігі бар.

Ал енді әр күрд отбасы тілді сақтап қалуды өз жанұясында амалдайды. Ата-аналарымыз үйде әрдайым бізбен өз ана тілімізде сөйлескендіктен, енді біз балаларымызбен де күрд тілінде сөйлесуге тырысамыз. Сөйтіп, бір-бірімізге тілді жеткізіп келеміз.

— Күрдтердің қазақ мәдениетімен ұқсастығы бар ма?

— Мен айтар едім, мәдениетімен ғана емес, жалпы күрдтердің қазақ халқымен ұқсастықтары жетерлік. Менде біраз қазақ достарым бар. Біз бір-бірімізге өз үйімізге барғандай барып жүреміз. Дастарқанымыздағы дәмдеріміз де бырыңғай. Мысалы, қазақша ет күрдтерде де бар. Бізде қамырдың үстінен айран, сарымсақ және сары май құйылады. Қазақта бауырсақтар дөңгелек пішінде болса, бізде төртбұрышты болып жасалады. Қазақ сусыны – көже бізде «грал» деген атауға ие. Қоспалары тура сол, бізде тек қымыздық қосылады және етсіз.

Біз де қазақ халқы сияқты көшпенді халықпыз, біз де мал шаруашылығымен айналыстық.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сіз үшін нені білдіреді?

ҚХА – бұл бүкіл Қазақстан. Көптеген адамдар мұны толық түсіне алмай жүр. Ассамблеяның мүшелері бүкіл Қазақстан халқы екенін Елбасы әрдайым айтады ғой. Он сегіз миллион адамның барлығы да Ассамблея мүшесі. Міне, ҚХА кодтық сөзінің құпиясы осы.

Сонымен қатар өз тарапымнан Ассамблея жұмысын кеңінен таныстыру әлі де күш салуды қажет етеді деген пікір айтқым келеді. Институтқа жиырма төрт жыл болды. Кез келген адам ҚХА оқиғасынан уақытылы хабардар болып отырса, көптеген жобалар жоғары деңгейде ілгерілер еді. Әрі бұл осы ұйымға қуат беретін еді.

Ассамблея не жасап жатыр, бұл өзі нені білдіреді дегендей бүкіл ел қарап, хабардар болуы үшін халықты ақпараттандыру ауқымын арттыру мақсатында ҚХА телеарнасын ашу қажет деп ойлаймын. Әлеуметтік желілердегі парақшалар емес, жекелеген хабарлар ретінде де емес, газеттердегі жай ғана айдарлар емес, дәлірек айтқанда, тұтас арнаны арнау қажет. Бұл өз кезегінде этностардың тарихын, ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрлерін және әдет-ғұрыптарын, тағы басқаларын танытатын өз алдына энциклопедия болар еді.

Егер мұндай телеарна ашылатын болса, оны өзге елдер үлгі ретінде қарастырар еді деген сенімім мол. Бүгінде технологиялармен ешкімді таңғалдыра алмайсың, сондықтан озықтықты осы идеядан бастауды ұсынар едім.

Адамда күш-жігердің құлдырау кезі болады, мұндай сәттерде сізді не шабыттандырады?

— Әрине уақыт тапшы болып, көп нәрсеге үлгермейтін сәттер болады. Құдды қолыңнан ештеңе келмейтіндей көрінеді. Бірақ мен өзімді қайрап, қозғалысқа ұмтыламын.

Бұл жыл Жастар жылы деп белгіленгенін білеміз. Сіз қазақстандық жастардан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

— Қазақстандық жастар, ең алдымен, өте белсенді, күшті болуы тиіс. Тек физикалық тұрғыда күшті ғана болу емес, рухымен күшті болуы тиіс. Олар әрқашанда бойынан энергия таба білуі тиіс. Жас адамның бәрі озық ойлы бола алатынын білсе екен. Иә, қиындықтардың бәрін өзім жеңіп шығамын деген ой үнемі іске қосыла бермейтінін ұмытпау керек. Бұл – өмір. Ал өмірдің өз заңы бар. Бірақ ең бастысы – өзгелер сенен үлгі алуы керек деген көзқарас болғаны жақсы.

Жастардың бойынан тырысу, ұмтылу және күшіңді пайдалы іске жұмсай білу қасиеттерін көргім келеді.

— Шамо Заарұлы, сұхбатыңызға рақмет, мақсатыңызға жету жолында табыс тілеймін!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: