«Шахтинск» шахтасында төтенше жағдай орын алып, бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде бір жұмысшы тау-кен үйіндісінің астында қалып қойды. Зардап шеккен кенші ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқыс оқиға бүгін таңертең «Шахтинск» шахтасында орын алған. 34 жастағы жұмысшы бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде тау массасының астында қалып қойған.
6 тамызда «Шахтинск» шахтасында зәкірді бұрғылау кезінде кенжардың жоғарғы бөлігінен тау-кен массасының шоғыры опырылып, құлаған. Салдарынан үңгуші жарақат алды, - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметіндегілер.
УПР-1 учаскесінің қызметкерлері үңгушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, бірден оны шахтаның бетіне шығарған. Содан кейін реанимациялық-шокқа қарсы топ бригадасы зардап шеккен кеншіні Қарағанды қаласындағы Х.Мақажанов атындағы клиникаға жеткізді.
Науқас төс сүйегінің сынуымен келіп түсті. Дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, - деп пікір білдірді Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Қазіргі уақытта іске қатысты тергеу басталған.