27.03.2026
17:41
1164

«Шахтер» ҚПЛ-ға шыға ала ма? Турлов клубтың басты мақсатын атады

Қарағандының «Шахтер» клубы жаңару кезеңін бастан өткеріп жатыр. Ұжым кеше ғана жаңа маусымға арналған футболшыларын, киім үлгісін, жоспарын таныстырды. Құрам негізінен жастардан жинақталған. Соған қарамастан клуб басшысы Тимур Турлов команда ҚПЛ жолдамасына таласуға дайын екенін мәлімдеді. 

– Тимур Русланұлы, «Шахтер» жаңарған күйде маусымды бастайды. Жаңа маусым қарсаңындағы көңіл күйіңіз қандай? Команда қаншалықты дайын?

– Бұл біз үшін өте жауапты кезең. Маусым басталар алдында көп жұмыс атқарылды. Қысқа уақыт ішінде мықты ұжым жасақтай алдық деп ойлаймын. Шынын айтсам, біз қажет деген негізгі ойыншылардың барлығын дерлік құрамға қоса алдық.

Қазір бірінші лигада өнер көрсететін жас командамен жаңа кезеңді бастағалы отырмыз. Құрамымызда қазақстандық футболшылар басым. Бұл – саналы таңдау. Біз дәл осы буынмен үлкен жолды бастаймыз деп сенемін.

«Шахтер» ФК

– Қарағанды өңірін футбол орталығына айналдыру туралы да жиі айтып жүрсіз... Бұл қашан жүзеге асуы мүмкін?

– Иә, бұрын Қазақстан футболындағы негізгі таланттар белгілі бір аймақтардан ғана шығады деген түсінік болатын. Енді Қарағанды облысы да сондай үлкен футбол орталығына айналады деп толық сеніммен айта аламын.

Қазір біз академияны дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Әкімдікпен бірлескен жұмыс жолға қойылған. Бұл – өте маңызды жұмыс. Соның арқасында алдағы уақытта жаңа жаттығу алаңдары, манеждер пайда болады.

Біз тек кәсіби футболмен шектеліп отырған жоқпыз. Балалар футбол лигасы, мектеп футболы, тіпті балабақшадан басталатын жобаларымыз бар. Мұның бәрі ертең клубқа жаңа таланттардың келуіне жол ашады. Қазірдің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінен балалар Қарағандыға келіп, жаттығып жүр.

«Шахтер» ФК

– Даңқ залы ашылғаны белгілі болды. Осы орайда ардагерлердің клуб жұмысындағы рөлі қандай?

– Біз үшін бұл – өте маңызды мәселе. Қазақстан футболының бай тарихы бар. Сол тарихты жасаған аға буын бізбен бірге, бізді қолдап отыр. Бұл – біз үшін үлкен күш.

Олар тек қолдау білдіріп қана қоймай, өз тәжірибесін жастарға жеткізеді. Академияға енді келген балалар үшін бұл – үлкен мектеп.

Байқауымызша, команда құрамында жастарға басымдық берілген. Бұл сондай стратегия ма?

– Иә, біз саналы түрде жас ойыншыларға басымдық жасадық. Қазіргі құрамның орташа жасы – 22-23 жас. Бірінші лига деңгейінде бұл өте жас команда.

Әрине, тәжірибелі ойыншыларды алған әлдеқайда қауіпсіз болар еді. Бірақ біз болашақты ойлаймыз. Қазіргі таңда таңдаған футболшыларымыз – әлеуеті өте жоғары жігіттер. Олар тек бірінші лигада ғана емес, болашақта Премьер-лигада да, тіпті Еуропада да ойнай алатын деңгейге жетуі мүмкін.

Бұл жерде уақыт пен дұрыс жұмыс қажет.

«Шахтер» ФК

– Жастар мен тәжірибенің тепе-теңдігі қаншалықты сақталған?

– Кез келген командада баланс болуы керек. Тек жастардан немесе тек легионерлерден құралған ұжым ұзаққа бармайды.

Бізде тәжірибелі ойыншылар да бар, олар жастарға бағыт-бағдар береді. Сонымен қатар сырттан келген мамандардың да рөлі маңызды – олар жаңа көзқарас, жаңа әдіс алып келеді.

Бірақ негізгі өзегіміз – қазақстандық футболшылар. Біз дәл осы бағытты таңдадық.

– Бірінші лигада бәсеке жоғары болатыны анық. Клубтың ҚПЛ-ға шығу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?  

– Бәсеке өте жоғары. Бұл – қалыпты жағдай. Барлық клубтар күшейіп жатыр.

Бірақ біз де қарап отырған жоқпыз. «Шахтер» де күреседі. Біздің мақсат – тек қатысу емес, жеңу.

Мен командамыздың мүмкіндігіне сенемін. Ең бастысы – біз дұрыс жолдамыз.

Команда ішінде қалыптасқан мақсаттардың көбісін орындадық – қажетті ойыншыларды алдық, жүйе құрдық. Ал нәтиже бірден келмеуі мүмкін. Біз үшін қазір ең маңыздысы – осы жастардың ойнауы, тәжірибе жинауы. Олар жеңуді де, жеңілуді де үйренуі керек. Мен бұдан қорықпаймын. Өйткені біз ұзақмерзімді жоба құрып жатырмыз.  

«Шахтер» ФК

– Жалпы мақсат қандай? 5-7 жылдан кейін «Шахтерді» қай деңгейде көргіңіз келеді?

– Біз қысқа мерзімді нәтиже үшін емес, болашақ үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Орташа жасы 20-дан енді асқан команда – бұл үлкен мүмкіндік. Олардың бәрі әлі өз шыңына жеткен жоқ. Демек алда өсу, даму бар.

Біз үлкен, амбициясы жоғары клуб құрғымыз келеді. Ол үшін тәуекелге бару керек. Қазір біз дәл сондай кезеңдеміз.