Шаһар қалай Екібастұз атанды?

21 Сәуір 2017, 11:15 11490

Екібастұз туралы аңыздар

Екібастұз атауына байланысты түрлі қызықты жәйттер бар. Екібастұз – Павлодар облысының ірі қалаларының бірі.

Мәселен, «Бабалар сөзінде» былай жазылған:

Ел мен елдің арасында сауда-саттықтың кеңінен таралған кезінде, бір саудагер адам өзінің мүліктерін бірнеше түйеге қамдап артып, адырлы даламен сапар шегіп келе жатады. Ұзақ жолдан шаршаған, қалжыраған керуен бір тұстарға келгенде аялдап, ас ішіп, ауқаттанбақ болады. Кепкен еттерін алып, пісірмекке дайындық жасайды. Бірақ от жағатын отын таба алмай, дағдарысқа душар болады. Жинап әкелген шөп-шалам мен шөпшектер тез жанып кетіп, ет пісіруге мүмкіндіктері келмейді. Біраз адамдар даланы шарлап, тезек іздеп кетеді. Сөйтіп жүргенде бір тышқанның інінен шығып жатқан түйір- түйір қара домалақ тастарды көреді. Әлгіні қызық көріп жинап, қап түбіне салып алған тезек теруші керуен жайғасқан жерге қайтып келіпті. Шамалы жиналған тезекпен от жағып, дөңгелене отырған бір топ адам әлгі қара тастарды қолдан-қолға өткізіп тамашалап қарайды. Шамалыдан соң уыстаған күйінде біреуі жанған отқа қарай лақтыра салады. Отқа түскен бір уыс қара тастар қызуы күшейіп, жана бастайды. Соны көрген керуеншілер: «Жанатын тас шығаратын жер екен мынау. Бұл жерге біз белгі қойып кетейік, елге барғаннан соң көпшілікті ертіп әкеліп, өнім алармыз»,-деді де, саудалауға әкетіп бара жатқан үлкен-үлкен тұзды бірінің үстіне бірін қойып қалдырып кетеді. Кейін көпшілік жиналып келерде жаңағы жерді екі қос тұз қалған жер деп іздеп, соңынан «Екібастұз» аталып кеткен екен.

Ал, Екібастұз атауына байланысты көпшілік білетін жәйт мынадай:

Осы өңірде тас көмір кені ашылғанға дейін, оның күншығыс жағында жатқан тұзды көл ерте заманнан бері «Екібастұз» деп мұрағаттық құжаттардан белгілі. Осыған байланысты кейін бұл жерден табылған тас көмір кені де, оның жанына орнаған қалашық пен қала да «Екібастұз» деп аталады. Екібастұз қаласы өзінің жастығына қарамастан теңдесі жоқ алып кәсіпорындарымен бүкіл әлемге танымал болып отыр. Қысқа ғана мерзім ішінде Қазақстанның «қара алтынды» жерінде пайда болған қала біздің замандастарымыз үшін аты аңызға айналған қала болып отыр. Тек қана Екібастұзда тұңғыш рет Қазақстанда көптеген алдыңғы қатарлы технология өмірге келді, жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар зерттелді. Екібастұз қаласы - кеншілер мен энергетиктердің мақтанышы. Қала орасан зор, әлемдегі бай тас көмірімен танылып отыр. №1, 2-МАЭС- тердің іске қосылуы арқасында Екібастұз жылуэнергетикалық кешенінің ірі орталығы болып отыр. Бүгінгі таңда үш бірдей – «Богатырь», «Солтүстік» және «Шығыс» кеніштерінде көмір өндіріледі. Екібастұз көмірі Қазақстанның, Орал, мен Батыс Сібірдің электр станцияларының жұмыстарын үздіксіз қамтамассыз етіп отыр. Қала тек географиялық орнымен ғана емес,сонымен қатар тарихи ерекшелігіне байланысты қалыптасты. Екібастұз көмірі мен электр қуаты бүкіл аймақтың кәсіпорындар: Павлодар химия, мұнай өңдеу, алюминий, трактор, Ақсу ферроқорытпа зауыттары - Екібастұздағы «қара алтынның» арқасында өркендеп отыр. Сондай-ақ Екібастұз көмірі Қазақстан мен Ресейдің арасын жалғастырушы буын болып табылады. «Шығыс» кеніші - әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет бейімделген көмір қабаты жағдайында көлденең жатқан шектеулі қуатымен жобаланды және көмір шығарудың жаңа технологиясын енгізді.

Бөлісу: