Шағын және орта бизнесті дамыту жеке бақылауымда – Тоқаев

Шағын және орта бизнесті дамыту жеке бақылауымда – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау барысында шағын және орта бизнесті қолдау мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелері тікелей өзінің назарында. Үкімет бизнес ортасын жақсарту үшін кең ауқымды шаралар қабылдап, түрлі кедергілерді жоюмен айналысып жатыр.

Мен мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де менің жеке бақылауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз. Ең алдымен, қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды, - деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткендей, ең алдымен жоғары қосылған құнға ие сапалы өнім шығаратын шағын кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау маңызды. Мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы кәсіпкерлердің ісін кеңейтіп, дамуына мүмкіндік беру қажет. Бұл - еліміздегі кәсіпкерлікті өркендетудің басты талаптарының бірі.