Шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем енгізіледі

21 Қыркүйек 2022, 11:06 1696

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында салық мәселесіне арналған заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты

Шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында салық мәселесіне арналған заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды El.kz.

Атап айтқанда, бүгін палата депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Құжат Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.

«Бірінші блок – еңбекақы қорына жүктемені азайту. Мемлекет басшысы былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында жиынтық жүктемені азайта отырып, микробизнес және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер жүргізіледі. Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылды. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескеретін болады.

«Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микробизнес және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді. Осы орайда бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді», - деді министр.

Бөлісу: