ШҚО және Омбы облыстарының жастар қозғалысы ынтымақтастық туралы келісті

4 Сәуір 2019, 06:57 2302

Омбы қаласында Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» аймақтық жастар штабы мен «Мы россияне» Ресей халқының жастар ассамблеясы» жалпыресейлік қозғалысы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Аймақтық жастар штабының көшбасшысы Равиль Юнусовтың айтуынша, бұл келісім екі ел арасындағы достықты нығайтуға және жастар ұйымының әлеуетін дамытуға ықпал етпек.  

Келісім негізінде Шығыс Қазақстан мен Омбы өңірлерінің жастары мәдениет, ғылым, халық шығармашылығы мен өнері саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, халықаралық, өңіраралық, қалалық және жоғары оқу орындары арасындағы конференциялар, көрмелер, симпозиумдар мен дөңгелек үстел басындағы отырыстарды өткізудің жобалары мен бағдарламаларының тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеуге, өнер, ғылым және мәдениет саласындағы тікелей серіктестік байланыстарды дамытуға жан-жақты жәрдемдесуге, мәдени ақпарат алмасуға және тағы басқа көптеген мәселелерді шешуге ниетті.

Сонымен қатар Омбы филармониясының концерттік залында Шығыс Қазақстан облысы Достық үйінің делегациясы Наурыз мейрамын тойлау кешін тамашалап, қазақ мәдениетінің «Мөлдiр» Сібір орталығының мерейтойлық салтанатына қатысты.

Мұнда Қазақстанның өңірлерінен арнайы әкелінген тері, киіз және жібектен жасалған бұйымдар мен декоративті-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары көрмеге қойылды. Сонымен қатар шығармашылық шеберханалардың кәдесыйлары да көрмеге сатылымға шығарылды.

Бөлісу: