ШҚО Достық үйі: ҚХА қызметін балалар телеарнадағы бағдарлама арқылы таныстыратын болады

2 Сәуір 2019, 06:35 2550

Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі мәселелері бойынша республикалық кеңейтілген кеңесте өңірлік Достық үйлердің жұмыстары таныстырылып өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі мәселелері бойынша республикалық кеңейтілген кеңесте өңірлік Достық үйлердің жұмыстары таныстырылып өтті.

Шығыс Қазақстан облысының «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ директоры Эльдар Төлеубеков атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті.

Шығыс Қазақстан облысында бейбітшілік пен келісімді, жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Еліміздегі тұңғыш Достық үйі 1992 жылы дәл осы Шығыс Қазақстан облысында ашылды. Басында онда жұмыс нысаны түрлі этностардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамыту болды.

Уақыт өте келе, 2001 жылы облыста республика бойынша алғаш рет түрлі этностардың тілі мен мәдениетін жаңғыртатын мектеп құрылды. Оның қатысушыларының саны жыл сайын арта түсуде.

«2018-2019 оқу жылдарында мемлекеттік тілді оқыту курстарына 1343 адам, ағылшын тілі курсына 180 адам тоғыз топқа бөлініп оқытылуда. 339 адам этникалық тілі – неміс, татар, белорус, шешен, әзірбайжан, украин, иврит, армян, кәріс тілдерін үйренуде.

Шығыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы ассамблеясы тарихында бірегей құрылыс – облыстық сәулет-этнография және табиғи-ландшафт музей-қорығында этноауыл салынды. Онда он алты этностар үйі бар.

2010 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрметті қонағы болды. Жыл сайын этноауыл негізінде халықтың жалпыұлттық бірлігіне бағытталған қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіліп тұрады», – деді Эльдар Төлеубеков.      

2018 жылы ШҚО ҚХА облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысты, әсіресе республикалық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының он бір қатысушысын түрлі имидждік алаңда танытты. Сол жылдың өзінде жобаның жеңімпаздары 260 іс-шараға қатысты: жастармен кездесу, форумға, диалогтік алаңға, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысу.    

Облыстық Ассамблеяда «Шығыс Қазақстан этностарының мәдени құндылықтары» жобасы қолға алынып, оның аясында қазақ, орыс және татар фольклорын жинақтау мақсатында ғылыми экспедиция жүргізілді. Жеті аудандық, тоғыз облыстық, республикалық және халықаралық фестиваль өткізілді. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша әдістемелік нұсқаулықтар мен кітапшалар шығарылды.   

«Аталған жоба бес жылдық мерзімге созылып, ғылыми-зерттеулер жұмысының нәтижесі «Шығыс Қазақстандағы халықтар фольклоры энциклопедиясы» жарыққа шығады деп жоспарлануда», – деп атап өтті Достық үйінің басшысы.

Өткен жылы медиация институтын ілгерілетуге баса назар аударылып, қоғамдық қабылдау мен 2017 жылы «Достық үйі – Қоғамдық келісім» КММ бірінші болып құрған медиацияның виртуалды кабинеті өз жұмыстарын қарқынды жүргізді. Жыл соңында азаматтардан келіп түскен өтініш 375 болса, виртуалды кабинетке 188 өтініш берілген. Олардың барлығы да оң шешімін тапты.

«Біздің алдымызда Елбасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды міндет қойып отыр – халыққа ҚХА жұмысын толық жеткізу. Сол себепті Достық үйінде бұқаралық ақпараттық құралдармен жұмыс істейтін бөлек құрылым бар, оның штатында үш адам. Олардың міндетіне өткізілетін іс-шараларды ақпарттық қамтамасыз ету, бұқаралық ақпарат пен әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу, ШҚО ҚХА ресми сайтының жұмысын сапалы әрі үздіксіз атқару, сонымен қатар Facebook, Instagram парақшаларына жазбалар салып отыруды да дәстүрлі үдеріске айналдырдық.     

Ай сайын «Ассамблея жаршысы-Вестник Ассамблеи» газеті, ақпараттық бюллетендер, әдістемелік нұсқаулар жарыққа шығарылып отырады. Белгілі журналист Андрей Кратенко төрағалық ететін ШҚО ҚХА Журналистер клубы жұмыс істейді.  

Жастар жылы аясында ҚХА және этномәдени бірлестіктердің жұмысын таныту үдерісін айрықша әдіспен жеткізуді қолға алып жатырмыз. Яғни, бұдан былай ақпаратты балалар мен жасөспірімдер жеткізетін болады.

Жобаның екі мақсаты бар – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын және ересектердің назарын атқарылып жатқан іс-шараларға аударту.

Наурыз мейрамын тойлау аясында үлгі ретінде бағдарлама әзірленіп, жарыққа шықты. Қазіргі уақытта Өскемен қаласындағы 38 орта мектеп пен облыстық телеарна белсенді әріптестік танытып отыр», – деді Эльдар Төлеубеков.

Сонымен қатар оның айтуынша, жобаны жүзеге асыруға қажет барлық материалдық-техникалық негіз бар: үлкен ажыратымдылығы бар камера мен дәлізде тұратын кеңформатты теледидар.

Бағдарламалар күн сайын балалар шығармашылық ұжымдары мен олардың ата-аналарына сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін көрсетілетін болады. Он төрт балалар мен жасөспірімдер ұжымында 496 қатысушы бар.

Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, ай сайын Достық үйіне он екі мыңнан астам адам келеді.

Облыста ҚХА Қоғамдық институттары белсенді жұмыс атқарып отыр:

Облыс аумағында 284 Қоғамдық келісім кеңесі мен отбасында толеранттық тәрбие беру бойынша Аналар кеңесі бар.

Қоғамдық келісім кеңесінің барлық деңгейдегі қызметін үйлестіру мақсатында «Шығыс Қазақстан – жанжалсыз аумақ» жобасын жүзеге асырса, сәйкесінше Аналар кеңесі «Отбасы – мемлекет негізі» жобасына ден қойып отыр.

Өткен жылы Қоғамдық келісім кеңестері 1553 іс-шара өткізді. Соның көмегімен тұрғындардың тұрмысында орын алып отырған өзекті жеті жүзден астам мәселе шешімін тапты.

«Жұмыс барысында жастарға көп көңіл бөлінеді. Ассамблеяға қарасты Достық үйлері жанында жастар қанаты құрылған. 2018 жылы ШҚО «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы құрылды. Оның мақсаты барша жастарды бір тудың астына біріктіру екені баршамызға мәлім. Қазіргі уақытта облысымыздың делегаттары Ресей Федерациясындағы Омбы қаласында шекаралас ынтымақтастықты дамыту аясында іссапармен жүр.  

Алтай өлкесі, Татарстан республикасы, Новосібір облысы, Қытай және Моңғолия елдерімен серіктестік құрылған, сондай-ақ халықаралық этномәдени орталықтармен ынтымақтасу меморандумдарына қол қойылды», – деп жұмыс барысымен таныстырып өтті ШҚО Достық үйінің директоры.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.
Оқи отырыңыз: 

 

Бөлісу: