Шұбарқұдық ауылында Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген бірқатар шара өтті

13 Желтоқсан 2019, 16:41 3649

Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық керуені аясында облыстық Ақтөбе облыстық Ассамблея мүшелері Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық ауылына жұмыс сапарымен барды.


Ауданның халқы қазақы дәстүрге сусындап өскен. Мұның барлығын аудан жұртшылығы ҚХА делегациясына қонақжайлылық танытып, ұлттық салт-дәстүрге негізделген іс-шаралары арқылы кеңінен таныстыра білді, деп хабарлайды шараны ұйымдастырушылар.

Жұмыс барысында Ассамблея өкілдері аудан орталығында әртүрлі топтарға бөлініп, қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықпен кездесіп, сұхбаттасты.


Мысалы, Аналар кеңесінің мүшелері аудандық кітапханада отбасы құндылығы мен аналар мәртебесі, ұлттық дәстүрімізді негізге ала отырып болашақ ұрпақ тәрбиелеу туралы дөңгелек үстел өткізді.

Ал, «Бірлік» ақсақалдар Кеңесі аудан ақсақалдарымен кездесіп, оларды қоғамдық келісімді одан әрі нығайтудағы жұмыстарымен таныстырып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы белгіленген тапсырмалары шеңберінде пікір алмасты.


Аудандық «Сана» білім беру орталығында кәсіби медиаторлар құқық қорғау органдарының қызметкерлері және тұрғындармен кездесті. Мұнда олар ауданда медиация кабинетін ашу мәселесін талқылып, дау-жанжалдарды сотқа дейін жеткізбей шешу қажеттілігі төңірегінде сөз қозғады.


Мектеп гимназиясында Ақтөбе қаласындағы №35 мектебінің мұғалімі Т. Шоқпаров бабалар еліне саяхат жасап, шежіреге толы ауданның байлығы мен қазыналы жерлерін таныстырса, «Азат» оқу орталығының жетекшісі Л. Бердібекова жасөспірімдерді шығармашылыққа тәрбиелеу, олардың қызығушылықтарын ояту туралы ойларымен бөлісті. Ал, №1 Шұбарқұдық мектеп гимназиясының технология пәнінің мғалімі Н. Джакибаев болса қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің құндылықтары, теріден жасалған бұйымдарды дайындаудағы тәжірибелерін айтып, қазақтың салт-дәстүрін, бұйымдарын насихаттау керектігіне тоқталды.


Бұдан әрі аудандық мәдениет үйінде «Бес жақсы» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, мерекелік кеш өтті. Концерттік бағдарламада облыстық украиндердің «Оксана» ұлттық мәдени орталығының шығармашылық ұжымы өз өнерлерін көрсетіп, темірліктерге әннен шашу шашты. Мәдениет үйінің өнерпаздары да қазақтың салт-дәстүрлерін таныстырып, қойылым көрсетті.

Ұлтаралық достық пен ұрпақ тәрбиесіне, ел ішіндегі бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мақсатында белсене жұмыс жасап келе жатқан және қайырымдылық жолында көпке көмегін аямаған Темір ауданының азаматтары облыстық ҚХА атынан Алғыс хаттармен марапатталды.


Бөлісу: