Сеулдің Орталық округтік соты әскери жағдайға қатысты тергеу ісі аясында Оңтүстік Кореяның бұрынғы премьер-министрі Хан Док Суды қамауға алу туралы өтінішті қанағаттандырмады. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Соттың мәлімдеуінше, Хан Док Су әрекеттеріне әртүрлі құқықтық баға беруге болады.
Жиналған дәлелдерге, тергеу барысына және күдіктінің қазіргі мәртебесіне қарай, өзін-өзі қорғау құқығынан тыс айғақтарды жасыру қаупі аз. Сондай-ақ оның қашып кету ықтималдығы да төмен, себебі Хан Док Судың қызметтік жолын, жасын, отбасылық жағдайын, жауап беруін және тергеу шараларына қатысуын ескердік, – деді судья. Осы себепті оған қамауға алу ордері берілген жоқ.
Бұрынғы премьер-министр және президент міндетін уақытша атқарушы Хан Док Су бүлікті ұйымдастырушыға көмектесті деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, ол әскери жағдай жарияланбас бұрын Министрлер кабинетінің отырысын өткізуді ұсынған. Сондай-ақ ол Конституциялық соттағы куәліктерінде әскери жағдай туралы жарлыққа қатысты жалған мәлімет бергені үшін айыпталуда.
Айыптау актісіне сәйкес, Хан Док Су әскери жағдай енгізілгеннен кейін жариялануы тиіс декларацияны әзірлеген, бірақ кейін ол құжатты жойған. Бұған қоса, саясаткерге құжаттарды қолдан жасаған деген күдік те тағылып отыр.