Сертіне берік сарбаздар

27 Қаңтар 2019, 20:00 9523

Ұлттық ұланның Астаналық құрамасында жас сарбаздардың салтанатты ант қабылдау шарасы өтті.

 

26 қаңтар – Ұлттық ұланның қатарына жаңадан қосылған 700-ге жуық сарбаз үшін жауапты күн. Себебі, шынайы өмір мектебі саналатын әскерге келіп, өз Отаныңның қорғаушысы болуға ант беру – расында маңызды қадам. Ер азаматтың өз мемлекетінің игілігі үшін жасай алатын асыл борышы.

Өткен жылдың соңында, қырық күн бұрын 5573 әскери бөлімінің табалдырығын аттаған бұл сарбаздар өз қаруластары алдында, Жауынгерлік Ту астында Отанға адал қызмет етуге ант берді. Салтанатты Ант қабылдау шарасына Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, мемлекеттік ведомстволар мен күш құрылымдарының басшылықтары, Астана қаласы әкімшілігінің жетекшілері, сондай-ақ ардагерлер қатысты. Әскери бөлімнің алып алаңына бір мезгілде 4 мыңдай адам жиналып, жас жауынгерлердің Отан қорғаушылар қатарына қосылуына куә боп, салтанатты шеруін тамашалады.

Ант қабылдаған жас жауынгерлерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов, 5573 әскери бөлімінің командирі, полковник Сакентай Шекарбеков, құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері, запастағы генералдар Дәулет Салханов, Қалиақпар Тоқышев және ынтымақтастық ұйымдарының өкілдері мен ата-аналар құттықтады.

Салтанатты ант қабылдау рәсімінен кейін құрама командирі, полковник Сакентай Шекарбеков әскери қалашықтың мәдениет орталығында ата-аналармен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, жауынгерлердің жақындары сарбаздар тұрмысымен, әскери техника және қару-жарақ көрмесімен, жатынүй (казарма) және асханасымен танысты.

Ұлттық ұлан қатарына қабылданған жас сарбаздар қаламыздың қоғамдық тәртібін, қала тұрғындары мен қонақтарының тыныштығын күзететін болады. Сонымен қатар, бас қаламызда өтетін барлық мәдени-көпшілік, саяси-қоғамдық, спорттық шаралар мен ресми басқосулар кезінде де қауіпсіздікті қамтамасыз ету – осы ұландардың еншісінде. Елорда ұландары шетелдік делегацияларды қарсы алуға, табиғи апаттар мен төтенше жағдайларда халыққа көмек көрсетуге, дағдарысты кикілжіңдерде елді тыныштандыруға жұмылдырылады.

Сәкентай Шекарбеков, 5573 әскери бөлімінің командирі:

- Біздің әскери бөліміміз еліміздегі ең жақсы жарақталған бөлімшелердің бірі. Мұнда сарбаздар үшін барлық жағдайлар жасалған. Ұлттық ұлан қатарында қару асынып,сап түзеу өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүл жолғы шақырылымның тағы бір ерекшелігі әскери бөлімде алғаш рет Ақмола облысынан келген сарбаздар да Отан алдындағы борышын өтейтін болады. Ұландар ақпан айының соңынан бастап, елорда көшелерінде тыныштықты күзетіп, өз міндеттерін орындайды.

 

Кожикова Дәнекер, ата-ана:

- Немеремнің ант қабылдау рәсіміне Ақтөбе облысынан келдім. Күннің суығына қарамастан, алаңды әуелетіп әнұран шырқап, сап түзеген сарбаздарға қарап, риза болдым. Алдағы уақытта да, осы қалыптарынан таймай, жүктелген міндетті үлкен абыроймен атқарып шығуға тілектеспін. Сарбаздар әскери борыштарын абыроймен өтеп, үлкен азамат болып, аман-сау оралады деп сенемін. Барлық серт берген сарбаздарға ақ жол тілеймін.

 

Әскер қатарындағы ұландар Отанға – даңқ, өзіне – абырой, ұрпаққа үлгі боларлықтай қызмет атқаратынына сеніміміз мол. 

Базарбек Қамысбаев

 

Бөлісу: